Сәби сезім,сыршыл жүрек

Бұрыннан таныс-біліс Семей қаласының әкімі Нұрлан Омаров өздерінің өндіріс пен шаруашылық саласындағы қол жеткен табыстарын ортаға сала келіп:

-Бізді Мұқағали ақынның көптеген өлеңіне ән жазған сазгер де бар, - деп қалды.

-Ілгеріде жастар ұйымын басқарып, одан бері де түрлі жетекші органдарда жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтап қалған басшының бұл сөзді тектен-текке айтпағанын іштей сезіп: «Ол кім еді?» дегенді біз де қас-қабағымызбен танытып үлгердік.

-Уақыттарыңыз жетсе, жұмыс аяғына таман таныстыруға болады.

-Ондай ғанибеттен кім бас тартар дейсіз, - дедік біз де әңгіме аяғын әзілге бұрып.

- Келістік онда, кешке кездесеміз...

Айтылған уақытта, бас қостық. Бір кезде ішке орта бойлы, қағылез келген қара торы жігіт ағасы кіріп келіп, сәлем берді де, қолындағы домбырасын қағып-қағып жіберіп, бір әнді жайлап бастап кеп жіберді. Таныс әуен, таныс сөз. Кәдімгі өзіміз күнде естіп, күнде іштей қосылып, қайталап жүретін жүрекке жақын саз. Бірақ, мына жігіттің орындауында ол басқаша естілгендей; ән ырғағы бірде қалықтап, бірде шалқып барып шырқау биігіне жеткен кезде, сезім пернелерін бірінен соң бірін басып барып, жүрек соғысын жиілетіп, көңіл –күйді елжіретіп бойымызды үйіріп әкетті; саз бен сөзді қабысып, бейне өзіміз айтып жатқандай қайталай беріппіз:

-Құс та болғым келмейді қанатым бар,

Қанатым бар күмістен жаратылған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Бұл өмірдін хабарсыз жаңа туған...

Әудем уақыт өткеннен кейін барып әлдекім «паһ!» деді. Сол бір ауыз сөз бәріміздің бойымызды шымырлатып, шиыршық атқызған сезімімізді лап еткізіп сыртқа шығарғандай жеңілдетіп жіберді де, сатырлатып қол соға бастадық.

-Тағы, тағы бір әнінді айтып жібер, жұп болсын, - деді тыңдаушылардың біреуі.

Жігіт бәлсінген жоқ. Домбырасының құлақ күйін қайта бұрып, тың әуен іздегендей салалы саусағымен пернелерді сипалай басынан аяғына дейін бір жүгіртіп өтті де, көзін жұмып, еңсесін тіктеп тағы бір әуенді шырқай жөнелді:

-Жақсы атанды демессің, сүйем десем,

Табынатын – Тәңірім, Ием де – сен.

Адам болып күн кешу қиын маған,

Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем.

Қазағым – ай,

Пай, пай, пай, ардағым- ай,

Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай

Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,

Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!

Жүйеңді жібітерлік жайлы леппен басталатын сазды ырғақ бірте – бірте күшейіп, шарықтай келе өзіңді сол қуатты да құдіретті әуеннің ортасына топ еткізгендей болады; бүкіл бойыңды баурап алып, тас – түйін етеді; ән қанатына мініп, заман көшіне ілесесің, халқыңның жан сырына қанығып, көңіл – күйіне бөленесің; елжірейсің, ширығасың, ширығасың да шынығасың – рух шынығады. Әнде қазағын қадір тұтқан, құлай сүйген күллі қандастарымыздың іңкәр сезімі мен асқақ арманы бар, солар кемерінен асып, көкіректі керней келе «қазағым – ай, пай, пай, ардағым - ай» деп ақтарылып түседі. Әуен мен өлең жолдарында жасырынып жатқан көңіл – күйді, сырлы да сұлу сезімдерді тыңдаушы өз бойынан өткізіп, мейірленіп, мерейі өсіп қалады.

Осылайша жан толғанысынан ада – күде арыла алмай тұрған тұрысымызды тағы біреудің:

-Не деген тамаша ән! – деген сөзі бәрімізді селт еткізіп, әншіге деген құрметімізді тіпті асқақтатып жібергендей.

-Сөзі ше!? Өлеңінің өзі де өріліп тұр емес пе?..

-Иә, әуен мен өлең үйлесімдігі деген осы болса керек!

Әнші жігіт абыр – дабыр басылып, тыңдаушылары тыныштала берген тұста домбырасын жоғары көтеріп, ауыз ләмін білдірді.

-Құрметті ағайындар, жаңағы тыңдағандарыңыз менің ертеректе ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазған «Сәби болғым келеді» және «Қарағым - ай» атты әндерім еді. Енді сол Мұқаңның сөзіне жазылған тағы бір шығармамды орындап берсем бе деп едім. Ол – «Дариға, домбырамды берші маған...»

Сөйтті де әнші шапқан сайын тынысы кеңейіп, көкірегі ашыла түсетін тұлпардай желпініп шыға келді. Япыр – ай, әуен мен өлеңнің жымдаса келіп, күмбірлеген домбыра дауысының күміс көмей үнімен астасуынан асқан қандай құдірет бар екен! Дәл осы тұста ақынның жан толғанысы өлеңде, ал өлеңге өзек болған үн ырғағы әуенде ашыла түскендей десек, ол екеуін қабыстырып, тыңдаушыларының құлағына құя білген шеберлік орындаушының ғана емес, сонымен бірге мына шығарманы өмірге әкелген сазгердің де еңбегімен ұштасып жатқанын айтпай кете алмаймыз. Олардың бәрінің бірі қолдан шыққандай жұп-жұмыр болып, жүрекке жылы тиіп жатуына үшеуінің де қосқан үлесі ұшан – теңіз екенін екінің бірі біле бермеуі кәдік екінің бірі біле ме.

Біз де оған концерттен кейін, әншімен әңгімелесу барысында қаныққандай болдық. Жігітің аты-жөні Тұрсынғазы Рахимов екен. Шыны керек, әншінің есімінен гөрі, әндерін көбірек білетін болып шықтым. Ол ойымды өзіне де айтып едім, көңіліне ала қоймады.

-Оқасы жоқ, -деді жылы жымиып, - біз атақ іздеп жүрген адамдар емеспіз. Ондай жастан өтіп кеттік. Мұқағали ағамыздың «отыздан асып барамын» деген шығармасында айтылғандай, «аттанған, ата-ананың, артынан қуалап барамыз». Ең бастысы – әндерімді біледі екенсіз. Әндерімді білгеніңіз – мені де білгеніңіз.

Сыпайы да мәдениетті жігіттің сөзі де, өзін-өзі ұстауы да шығармашылығына ұқсас сияқты. Көкірек қағып «мен үйттім, мен бүйттім» деп өзін көрсетуден гөрі, өзгенің еңбегін көбірек айтуға бейім тұрады екен. Сонда да суыртпақтап сыр тарта отырып, біраз жайға қаныққандай болдық. Өзі осы өңірдің тумасы көрінеді. Аягөз ауданының Тарбағатай кеңшарында өмірге келіпті. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мектеп оқушысы кезінен өз аузынан естіп, жаттап өскен. Өнерге келуіне де сол өлеңге деген құштарлық себеп болса керек. Жетпісінші жылдардың соңына таман Алматыдағы Г.Ғалиева ашқан республикалық өнер студиясын бітірген соң біраз жыл Павлодар жақта өз мамандығы бойынша жұмыс істепті. Ән де айтқан, актер де болған. Ара-тұра өзі де жазған. Әйтсе де шығарған әндері аз болғанымен саз екенін біз емес, жұрт айтады.

-Менің шығармаларымның сексен-тоқсан пайыздайы Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден тұрады, - дейді Тұрсынғазы.

-Оның жазғандарының бәрі әнге сұранып тұрады емес пе? Солардың ішінен мына өздерінізге орындап берген шығармаларымнан басқа «Мен сені сағынғанда», «Отыздан асып барамын», «Ғашықпын», «Санаулы күн», «Аягөз-ару», «Келші қарағым шашыңнан иіскейін» сияқты тағы басқа да әндерімді ел сүйіп тыңдайды. Үлкенді-кішілі сахналардан да айтылып жүр. Біз соған да шүкіршілік дейміз. Ең бастысы – ел әжетіне жарасақ болғаны.

Қанағатшыл жігіттің қарым-қабілетін сөз еткенде сазгерлігін ғана айтып, орындаушылық шеберлігін тілге тиек етпей кету әділдік болмас еді. Өз басым бұрындары бәрімізге белгілі «Дариға, домбырамды берші маған» деген әнді атақты әншіміз Мақпал Жүнісова қарындасымыздың орындауында ғана естіп жүргендіктен бе, қайдам, авторы шырқаған кезде, қандай әсерде болғанымды тілмен айтып, қаламмен жазсам да жеткізе алмас едім. Жоқ, оны суреттемеу керек, тыңдау керек. Осындайда көршілес орыс ағайындар ұйымдастырып жүрген «авторлық кештер» сияқты шаралар бізде де жиі болып тұрса, талай таланттардың көзі ашылар еді-ау,- деп армандамасқа әддің қалмайды екен.

Осы орындаушылық шеберлігінің арқасында болар, Павлодарда өткен «Көгілдір Жасыбай», Алматыда өткен Әміре Қашаубаев жүлдесі атындағы жарыстарда және Ақмолада ұйымдастырылған «Сал серілер сайысында» лауреат атанып, бас бәйгелерді жеңіп алыпты. Мұнымен бірге Тұрсынғазы әндер жинағынан тұратын бірнеше кітап та шығарыпты. Олардың ішіне М.Мақатаевтың шығармаларымен бірге, ақындар Иса Байзақовтың («Тіл кестесін үйреткіш Абай бізге»), Қадыр Мырзалиевтың («Қарқаралы», «О,балалық»), Несіпбек Айтұлының («Ақ бөкен»), Мерғали Ибраевтың («Қаламқастың» қыздары-ай», «Ерке жирен), Әубәкір Қайрановтың («Ән атасы – Әміре»), Ерғазы Рахимовтың («Керімбайдың әні»), Тыныштықбек Әбдікәкімовтың («Сағынбасқа не шара»), тағы басқа да жас талапкерлердің өлеңдеріне жазылған әндері бар.

-Осы кезге дейін жүз шақты өлең мәтініне ән жазған екенмін, - деді Тұрсынғазы сөз арасында.

-Әрине, оның бәрі бірдей жұрттың жүрегінде жатталып қалатындай асыл дүниелер деп айта алмаймын. Әйтсе де «іштен шыққан шұбар жылан» ғой. Бәрі де өзіме ыстық та, қымбат көрінеді. Халық солардың ішінен өздеріне қажетті бір-екеуін талғап, таңдап алып, айтып жүрсе болды емес пе?! Онда біздің де еңбегіміз текке кетпегені. Шығармашылық адамына бұдан артық құрмет те, атақ та қажет емес...

Семей қалалық мәдениет үйінің белсенді мүшесі, һәм режиссері Тұрсынғазы Рахимовтың бұл пікірімен келіспейтіндер кемде кем шығар. Иә, ел-жұрт кімнің кім екенін біледі. Біледі де есімдерін қадірлеп айтып жүреді. Ал сенің атың, құрметті інім Тұрсынғазы, өзің шығарған ән әуендерімен бірге әуелей бермек. Сол бағытта бұдан былай да шығармашылық табыс тілейміз.

Дүйсенбек Ә. Сәби сезім, сыршыл жүрек // Егемен Қазақстан. -2004. -3 шілде. -8 б.