Тұрсынғазы

Көптен бері бір көрсем деп көңіл кетіп жүрген, көптен бері дауысын ел аузынан естуді аңсап жүрген күміс көмей, жезтаңдай әншім тап казір алдымда отыр. Және жайдан-жай отырған жоқ, күмбірлеген домбырасының үніне қосылып, аңыратып ән салып отыр. Кең көмейінен кедергісіз лықсып шығып, көкке ыршыған дауысы бірде қаршығаның шаңқылына ұқсап, құлақ кұрышын қандырып өтсе, бірде бөдененің бытпылдығына сайып, жанның нәзік иірімдерін тербеп тұрып алады. Осылайша бірде шалқып, бірде толқып шырқалған әуез әрбірден соң қара түннің құшағын қақ жарып барып, айналада самсап өскен биік қарағайлардың ұшар басына қонақтап тұрып қалғандай әсер береді. Шамасы, нағыз «құлақтан кіріп, бойды алатын» әуен осындай-ақ болар.

Біздің бұл «алыстан сермеп, жүректі тербеп, тағыны жетіп қайырған» әншіміздің аты-жөні Тұрсынғазы Рахимов еді. Ал онымен ойда жоқта бола қалған бұл кездесу талма тамыздың соңғы күндерінде Семей қаласының іргесіндегі ну қарағайлы орманның ішінде өткен. Сол жерде жергілікті өнерпаздардың шағын концертін тамашалап отырған меймандар ақыр соңында бәрін жиып қойып, біржола Тұрсекеңнін репертуарына қарай ойысқан. «Тәтті арман аялаған сол бір кеште» ол әуелетіп ән де салды, төпелетіп күй де төкті. Соның бәрі жанымызды тербетті, жүрегімізді шымырлатты, бойымызды балқытты, көңілімізді шалқытты.

Тұрсынғазы күтпеген жерден жеке кешіне айналып кеткен осы жүздесудің жүлгесін кезінде өзін қалың жұртшылыққа композитор ретінде бірден танытқан «Сәби болғым келеді» әнінен бастады. Едәуір екпінмен желпініп ала жөнелген әуен бірте-бірте биікке иіріле көтеріліп барып, қайта құлдилаған сәтте өзіңді бозторғай кұстың қанатына ілесіп ұшып жүргендей сезінеді екенсің.

Құс та болғым келмейді, қанатым бар,

Қанатым бар күмістен жаратылған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған.

Әспеттеліп өрілген әуез енді бір сәт өзіміздің санамыздың саясына берік орын теуіп, тіліміздің ұшына оралып, артынша оны іштей қосыла шырқап отырғанымызды аңғармай қалыппыз.

Тар бесігі - кең жаһан, тарылмаған,

Біреуге бар, біреуге табылмаған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Ана сүті аузынан арылмаған.

Кезінде жаңа ән жаза бастаған композитор Тұрсынғазыны қалың жұртқа бірден танымал етіп шығара салған құдіретті ән осылай сай-сайдың бойын қуалап, шапқылап барады. Ал қаққан қазықтай қадалып отырған орындаушымыз тура мүсін тәрізді. Шырқаған кезінде орнынан көп аса қозғала қоймайтын, шалқайып- шалқақтамайтын, еңкейіп-ербеңдемейтін оның көмейінен осыншама қуатты, осыншама тегеурінді, осыншама сазды, осыншама нәзік үндер иірімінің қалай құйылып-төгіліп жатқанын білмейсің.

Сондықтан да тумысы бөлек туындының соңғы шумағы:

Қанат қағып өмірге ұшарымда,

Кесілмесе бәрібір тұсауым да.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Сәбиі жоқ ананың құшағында, - деп басылғанда ғана мойнымыздан ауыр жүк түскендей кере дем алдық. Маналы бері сиқырлы әуеннің ырғағынан шыға алмай, еріксіз соның тұтқыны болып отырған сыңайлымыз. Осы сәт орындаушыға қарап отырып, оның өзінің дәл қазір сәби болғысы келіп отырғанына да еріксіз иланасың. Бұған әнді барынша беріліп, егіліп шырқап отырған әнші-сазгердің өзі қапысыз сендіреді.

Мұның артынша «Аягөз-ару» кетті көк аспанның түндігін түріп. Бірден кұлаққа шаңқобыздың нәзік тілін дірілдетіп қаққандай болып естілетін әннің жүрекке тиетін тұстары көп екен. Содан шығар, кенеттен бойынды ерекше бір сезімнің кернеп бара жатқанын пайымдап үлгересің. Әуені әсерлі әннің сөзі де сондай адам жанының нәзік пернелерін серпе басып өтеді.

Аягөз деген аядай бұлақ деседі,

Жұрттарда қалған жұмбақты

кімдер шешеді?

Аягөз болып ғасырлар алға көшеді,

Аякөз, ая - Арулар елі кешегі...

Осылай қарағай бойын қаумалай ұшқан толғанысты тыңдап отырып, ежелгі Аягөз өңірін, оның баурайын баян еткен Аягөз атты өзенді көргің келіп кетеді. Құдай сәтін салғанда, мұның реті шынында ертеңіне келе кетті. Сұлу қала сымбатында санамызға сіңіп қалған Семей сорабынан ұшақпен түстіктегі Үржар өңіріне қарай бара жатқанымызда төменнен Аягөз өзенінің атырабын көзбен іздеумен болдық. Бір кезде кең жазықты- жықпылды өлкенің табанымен ирелеңдей ағып жатқан сылаңдаған арнаға көзіміз түскенде, ақын өлеңінің өрмегінде өрілген жолдар тағы да қиялдың қамсауында қабаттаса қанат қаға жөнелген. Ал екі жағалауын қалың жыныс басқан өзектің жоғарыдан қарағанда аядай бұлақ сияқты болып көрінетіні рас екен.

Қарағайлы қалың орманның ортасындағы қызықты кештен кейін өзіміздің бүгінгі кейіпкерімізбен арнайы жүздесіп, аз-кем сәт сырласып үлгергеніміз де жақсы болыпты.

Шырайымыздан шұғыла шашылған сол шақтарда әнші-композитор жөнінде бұрыннан білетін кейбір деректерді қайтара сұрап, пысықтап алғанбыз. Сонда тіл ұшына оралған бірінші сауал Тұрсекең әндеріне неге көбіне Мұкағали жырларын таңдап алатыны туралы болып еді. Әлбетте, композитордың бұған не деп жауап беретінін де шамаладык. Сөйткенмен, мұны композитордың өз аузынан естуге деген құштарлық кеу-кеулетіп әкеткен.

Бәрі де дұрыс. Біздің бұрын естіп жүргенімізге ұқсайды. Дегенмен, ептеген толықтырулар да бар. Шынында, Тұрсекеңнің қазақтың біртуар мұзбалақ ақыны Мұқағали жырларына ынтық болуының басы 1967 жылдан арна тартады екен. Әлбетте, мұны өзі қазір де тегін нәрсе деп айта алмайды, тегінде тағдырдың бір шеберлікпен иіп әкеліп тұрғаны ғой, сол жылғы ақпан айында жетінші класта оқып жүргенінде ол ойда-жоқта қазақтың біртуар мұзбалақ ақынымен танысып калады.

-Аягөз ауданының біз тұратын Тарбағатай ауылынан жеті-сегіз шақырым жерде қойшылардың қыстауы бар еді, - дейді қазір Тұрсынғазы. - Әкемнің мал бағатын інісі жыл сайын сонда қыстайтын. Бірде Алматыдан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы немере ағам Ерғазы келіпті деп естігесін, үлкен үйдегі салкүреңмен салдыртып отырып, көз байлана бере қыстауға жетіп бардым. Дастарқанды тойдағыдай жайнатып, қазанға етін қайнатып дегендей, үй иелері мәз-мейрам екен. Төргі бөлмедегі дөңгелек жер үстелде екі адам отыр.

Бірі - өзімнің қамқоршым, ақылшым бола білген Ерғазы ағайым да, екіншісі бұрын-соңды көрмеген маңдайы кереқарыс, еңгезердей қазақ. Ол кездерде ақын-жазушы дегендеріңізде шаш қоятын үрдіс бар. Бұлардың шаштарының өрескел өскендігі сондай, көзіме кәдімгі арыстанның жалындай көрінді. Көптен көрмеген ағайымның мойнына асыла кеттім. Амандасып болған соң төрде отырған серігін нұсқап: «Мына кісі менің досым, қазақ халқының мүйізі қарағайдай ақыны Мұқағали Мақатаев, менімен бірге Аягөз жеріне қыдыра келді», деді. Ақпанның сарышұнақ аязынан үйге кіріп, біраз бой жылытып алған соң: «Ағаларыңа ән айтып бер» деп, жеңгем домбыра ұсынды. Үнемі осы үйдің төрінде тұратын қара домбыраны бұрын да бірнеше рет шерткем, өте шешен сөйлейтін. Құлақ күйін келтіріп алып, Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Мәдидің «Қаракесек», «Қарқаралы» әндерімен қатар, Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін айтып бердім.

Осыған дейінгі орындалған әндерді жай самарқау тыңдап отырған ақын, кенет Қасымның әнін естігенде ұйқысынан шошып оянған адамдай, басын шалт көтеріп алды. Ұзақ жолдан келгендерімен манадан бері аздап алғандары бар, екі жолаушы шаршаңқы көрінген. Осы кезде Мұқағалидың екі көзі шоқтай жайнап: «Апыр-ай, қайран Қасымым-ай, бар екенсің ғой», деп дауысы жарықшақтанып кетті. Сөйтті де, оң жағында отырған маған бар денесімен бұрылып: «Тұрсынжан, осы әніңді тағы бір орындап берші», - деген өтініш айтты.

Естен кетпестей сол кеште қыстау басындағы қоңыр үйдің ішінде қазақтың талай ақын-жазушылары, әсіресе, Қасым Аманжолов туралы біраз сыр шертіледі. Сол кеште бала Тұрсын Мұқаңның өтініші бойынша «Өзім туралыны» бірнеше рет орындайды. Сол кезде Мұқағали дастарқан басында отырғандарға қаратып: «Мен білсем, құлын дауысты мына баладан болашақта үлкен әнші шығады», де­ген кесім айтып қалады.

- Сол сөз мені әншілікке, ақын өлеңдеріне ән жазуға жетеледі. Мектепте жүргенде онсыз да Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқып, жарысып жүретінбіз, - дейді Тұрсынғазы. - Ақынның тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, айналасы теп-тегіс жұмыр келетін жыр жолдары бәрімізге ұнайтын. Оның өзі жырға қосқандай, «шекпен жауып, өзіне қайтаратын» қазақы қара өлеңі бәріміздің жанымызға жағатын.

Әйткенмен, жыр жампозынын өз жанын тербеген өміршең өлеңдеріне бір кездері ән жазармын-ау деген ой сол кездері үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді. Қарап тұрса, мұны осыған алып барған, өскелең өнер жолына жетелеген үш адам көрінеді. Жарықтық Мұқағали өмірден «Үш бақытым бар менің» деп жырлап өтіп еді ғой. Тап сол Мұқаң сияқты, мұның да өзіне өшпес өнеге беріп, байырқалы бағыт сілтеген үш бірдей ұстазы бар.

Бұлардың біріншісі - Жүсіпбек Елебеков бұған республикалық эстрада-цирк студиясында жолықты. Осында атақты өнер тарланының класында оқып, тікелей дәріс алды. Бұл кісі домбыра қағудың техникасын ғана терең үйретумен шектеліп қойған жоқ, сонымен қатар, мұның ән шығарып, сазгерлік жолға түсуіне алғаш бағыт сілтеді.

Ол кезде ән шығармақ түгіл, көкірегінде өзіндік әуезі өркен жайып көрмеген бұл ағайының тосын ұсынысына қайран қалатын. «Сені елге танытатын, сені асырайтын қара домбыраң болады» дегенді де абыз сынды Жүсекең жиі айтатын. Шәкіртінің ел көргенін, жер көргенін, өзіндік өмір мектебінен өткенін қалаған ұлы ұстаз бұл оқу бітірерде: «Сен ендігі жолыңды атақты Жаяу Мұса, Майра, Естай, Байғабыл сынды әншілер өмірге келген келелі Кереку жерінен баста. Ол жердің қасиетті топырағы сенің әнші болып қалыптасуыңа көп септігін тигізеді», дегенді өсиет сияқты етіп ай­тып еді. Кейін оның айтқанын орындап, Павлодар аумағына барғанына, онда он жылға жуық уақытын өткізгеніне қазір де еш өкінбейді. Ал Жүсекең шынында көреген екен. Оның болжам айтқанына тура он жыл толғанда, 1979 жылы Тұрсынғазы көкірегін жарып шыққан бірінші әнін өмірге келтірді.

Ал екінші ұстазы - белгілі композитор Теміржан Базарбаев сол төл туындысы өмірге қанат қаққанда жанында болып, өзінің ақ батасын берген еді. Осылайша сол жылғы 13 сәуір біздің кейіпкеріміздің есінде мәңгі қалып қойды. Сол күні Тұрсынғазының тұла бойы тұңғыш Сұңқар дүниеге келді. Соның себебімен «Сәби болғым келеді» де, көкке шарықтай жөнелді. Әнге ең алғашқы болып баға берген компози­тор ағайы бұған ән жазудың әліппесі мен техникасын да біраз үйреткен. Тұрсынғазы осы кісілерден кейінгі үшінші ұстазы ретінде белгілі режиссер Есмұқан Обаевтың есімін атайды. Ол Тұрсекең Семейге келгенінде театр сахнасына шығарып, алғаш рет рөл ұсынған. Сахнаға шығу үшін де үлкен шеберлік керек екенін ерекше ұғындырған да осы кісі.

Содан бері Хантәңірінің қыран тектес ұланының жырларына өлең жазуға деген ынтасы бірден артып кетті. Шын мәнінде өзінің ән әлеміндегі бетін ашып берген «Сәби болғым келедіден» кейін оның Мұқағали өлеңдеріне ғашықтығы күрт артып, оның мәтіндеріне бір әннен кейін бір ән шығара бастады. Осының арқасында кейін Мақатаев есімімен байланысты «Аягөз-ару», «Дариға, домбырамды берші маған!», «Я, Жаратқан Алла», «Отыздан асып барамын», «Пай, пай, қазағым-ай» атты әндері қатарға қосылды. Бүгінде Тұрсынғазының шабытынан алпыстан астам ән туса, солардың тең жартысы Мұқағали өлеңімен өрнектеліпті. Осы жылдарда Тұрсынғазы сонымен бірге қазақтың Біржан, Ақан, Жаяу Мұсалардан жалғасып келе жатқан дәстүрлі әнінің ұлттық бояуын жоймай, шығармаларының бойына сіңірген ком­позитор болып та қалыптасты. Сол үрдісті ұстанған ол халқымыздың ән көгінде Ақан серінің сазымен калықтаған «Құлагер», «Маңмаңгер» сынды туындыларға ұқсастырып «Ерке жирен» деген ән де шығарды. Оның сөзі Семейлік ақын Мерғали Ибраевтың қаламынан туды. Енді былтыр ғана алпыс жастың асуынан асқан осындай талантты тарланның өмірлік жолы қалай басталғанына да тоқтала кетудің орайы келді. Ол 1951 жылдың 10 қазаны күні Қытайдың Дөрбілжін ауданына қарасты Орқашар тауының бөктерінде Рахымның Төлеубайының шаңырағында дүниеге келіпті. Әкесі оның атын інісінің Ерғазы, Дүйсенғазы, Серғазы болып аталатын ұлдарына ұқсастырып, Тұрсынғазы деп қойыпты. Өлең-сөзге бір табан жақын Төлеубай аса бір дәулетті болмаса да, отқа қарап отырған жан емес екен. Сосын баласының шілдехана тойын дүрілдетіп өткізіпті. Сол тойдың үстінде өмірге келіп жатқан нәрестенің атына біраз жақсы тілектер айтылыпты. Бертінде, алпысыншы жылдардың басын­да Қытаймен арадағы шекара аз уақытқа ашылған кезде бұлардың әулеті де бергі беттегі ағайындарына келіп қосылады. Арада тағы бір жиырма жылға жуық уақыт өткенде, Тұрсынғазы өзіне жасалған шілдехана үстінде айтылған көп тілектердің бірін орындап, исі қазаққа танымал әнші болып шыға келді.

Бір байқағанымыз, Тұрсынғазы табиғатынан сөзге сараң, бос мақтаннан ада, көлгірсу мен өтірікке жоқ кісі екен. Оның сәби секілді аңқау екенін де Семей сапарында бізге талай адам айтып беріп еді. Және жәй айта салған жоқ, соны дәлелдейтін біраз мысалды тарқатып өткен. Осы мінезін білетін өнер саласындағы аралас-құралас жүрген кұрдастары мен жора-жолдастары оны Қожанасырға балайтын көрінеді. Бірақ бұған ашу шақырып, намыс жыртып жатқан тағы Тұрсекең жоқ.

Сол Тұрсынғазы өзінің өнерге калай келгенін қарапайым тілмен әдемі етіп жеткізіп берді.

-Бес жасымнан өнерге құштар бо­лып, қолыма домбыра ұстап едім деп өтірік айтпай-ақ қояйын, - деді ол осы сөздің орайында. - Әлі ұмытпаймын, 1964 жылы біз тұратын Аягөз ауданына кейін өзіме ұстаз болатын белгілі әнші Жүсіпбек Елебеков концерт қоя келді. Жарықтық Жүсекеңнің домбыра тарту, ән орындау мәнері ерекше еді ғой. Сахнада отырысының өзі керім. Ес білгелі тірі әншіні көргенім де осы. Ол кездері ел аралайтын өнер адамдары көбіне орталықтан қайтып жататын. Жұсекең сынды шалғай ауылдарға баратыны сирек. Осы концерт маған қатты әсер етті. Мәз-мейрам болған ауылдастарымның ортасында мен ерек­ше шабыттанып отырдым. Дәл сол күні он үштегі менің жүрегіме бір шоқ түсіп, лапылдап жанған отқа айнала бастады. Әйгілі әншінің әсем саздары сұмдық әсер еткені сонша, ешкімнің көмегінсізақ домбыра тартып, ән айтуды үйреніп алдым.

Ол кезде теледидар, магнитофон деген дүниелер өте тапшы. Сосын ертелі- кеш Қазақ радиосының концерттерін құр жібермейтін болдым. Одан берілетін қазақ әндерінің бәрін дерлік жаттап алып, екі-үш жылдың көлемінде әншілік өнерді әжептәуір меңгеріп қалдым.

Біздің кейіпкеріміздің жадында мына бір кездесу де жақсы жатталып қалыпты. 1992 жылдың желтоқсан айында бір топ Семейлік әнші-өнерпаздар Алматыда өткен Тұрсынгазы Рахимовтың есеп беру концертіне қатысады. Үш сағатқа созылған шығармашылық кештің соңында небір өнер адамдарының ішінде қазақ театр өнерінің белгілі тұлғасы Асқар Тоқпанов та болыпты. Кеш соңында аса тебірене сөйлеген ол, ақ батасын береді.

Сонда Асекеңнің аузымен айтылған:

Жолы көп өмірдің бұралаң, қиясы,

Ел үшін тірнектеп асылын жиясың.

Тәңірім сақтасын, кеудеңе орнаған,

Жезтаңдай бұлбұлдың шүпірлі ұясын, - деген бата жүрегін қатты толқытты. Қазір Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты атанып отырған Тұрсынғазы Рахимов ерекше қуанған шақта да, көңілін мұң жайлаған кезде де осы жолдарды жиі еске түсіреді. Сосын кеудесіне ұялаған жезтаңдай бұлбұл ұясын Жаратқанның сақтап келе жатқанына тәубешілік етеді.

...Біз болсақ, көк жүзінде Үржардан шығып, Алматыға қарай ұшып бара жатырмыз. Құлағымызда сызылып салынған әннің әуені. Оны тебіренбей тыңдамау мүмкін емес. Себебі ол:

«Аягөз деген аядай бұлақ деседі», деген сыңсыған сұлу сазды жолдармен жүректің қылын қайта-қайта тарта береді...

Пірназар С. Тұрсынғазы // Егемен Қазақстан. -2012. -12 желтоқсан. -6 б.