Аймақтық ән байқауы Тұрсынғазының әндерін шырқады

Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Тұрсынғазы Рахимовтың әндеріне арналған кештің ашылу рәсімін қала әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Мүсәпірбеков жасады. Тыңдармандарына тамаша әндер тарту етіп келе жатқан тарлан композитор құрметіне бағытталған мақтау сөздердің қай-қайсысы да орынды, әрі жарасымды. Тұрсынғазы Рахимов әндерінің негізгі тақырыбы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңдері. Ақын өлеңдеріне өзгеше реңді саз, ырғақ арқылы композитор Мұқағалидың екінші өміріне өзіндік бояу енгізді. Оған «Сәби болғым келедіден» бастап ақын өлеңдеріне жазған кез-келген әні куә. Аймақтық байқауда Мұқағали сөзіне жазылған «Нені аңсаймын» әнінің өзіндік туу тарихы да бар екен. Астанада өткен бір мәдени мереке кезінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхаметжанов Тұрсынғазы ағаға Астанада қалып консерваторияда қызмет етуін, барлық жағдайдың жасалатындығын айтып қолқа салады. Әкімнің уәдесіне қаншалықты қызыққанмен композитор Семейінде қиып кете алмаған. Әкім інісіне қандай жауап қайтарсам деп қатты толғанған Тұрсынғазы аға жадында осы ән туса керек. Ертеңінде Төлеген Мұхаметжановқа жауап ретінде:

Нені аңсаймын?

Туған өлке, туған жұрт сені аңсаймын,

Сені аңсаймын, білмеймін неге аңсаймын.

Ұл де мейлің, адасқан құл де мейлің,

Сені аңсаймын туған ел онан сайын, - деп жаңа әнін шырқап беріпті.

Бұл бір әнге ғана қатысты толғаныс. Тұрсынғазының қай әнін алмаңыз, терең тебіреністер мен ой иірімдеріне бай келеді. Сондықтан бүгінде 30-дан астам туындысы тыңдармандардың зор ықыласына бөленіп келе жатқан композитор әндеріне байқау ұйымдастыру әбден лайық. Айтулы ән байқауының дүниеге келуіне «Еураз-шоу» клубының директоры Адай Азаматовтың айрықша еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыру жұмыстарының арқасында екі күнге созылған аймақтық ән байқауы сахна төрін ғажайып ырғаққа бөледі.

Байқауға Шығыс Қазақстан және Кереку өңірінен жиыны 36 үміткер қатысты. Үміткерлер арасында танымал әншілерден бастап осы өнерге енді бел буып жүрген жас буын өкілдері де болды. Сондықтан да әйгілі сазгер Теміржан Базарбаев төрағалық еткен қазылар алқасы байқауда қатысқандарды 25 жасқа дейінгілер мен 25 жастан асқандарға бөліп, топ бойынша бағалады. Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, актер, әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов әндерін орындаушылар 1-ші аймақтың «Нені аңсаймын» ән фестивалінің шарты бойынша сахнаға екі әнмен шығып отырды. Бұл жерде оқырман орындаушылар композитордың тек қана Мұқағали өлеңіне жазылған әндерін шырқады деп қалмағаны жөн. Композитор қай тақырыпқа, кімнің сөзіне жазса да, тыңдарманын тамсандырып келгендіктен бұл күні оның барлық әндері сахна көгінде қалқыды десе де болғандай. Біздің байқағанымыз ән авторының «Сәби болғым келеді» әнімен қатар бұл күндері «Әнің қайда, Жәнібек» әні жиі орындалды.

Екі күнге созылған «Нені аңсаймын?» аймақтық ән байқауын қорытындылаған қазылар алқасы жеңімпаздардың есімін анықтады. Мейрамбек Ахметов, Амангелді Смағұлов, Меруерт Қарановалар үшінші орын иеленіп, екінші орынды Жасұлан Қоңыров пен Мейіргүл Байболова олжалады. Бірінші орынға Берік Омаров пен Гүлмира Темірбекова шығып, бас жүлдені Нұрлан Көшеров жеңіп алды.

Сабырбай Қ. Тұрсынғазының әндерін шырқады: (Аймақтық ән байқауы) // Семей таңы. -2004.- 10 желтоқсан. -4 б.