Үйден жұмысқа барғанша 60 адаммен амандасамын

Белгілі сазгер, дәстүрлі әнші республикалық «Мұқағали Мақтаев» атындағы сыйлықтың иегері Тұрсынғазы Рахимовтың әндері республикамыздың барша ән сүйер қауымына етене таныс. Мерекелік кештерде, Ұлттық арналарда, қазақ радиосында сазгердің әндері шырқалып жатады. Бірақ, бірде Алматыда жүргенімде алматылық бір досыммен Тұрсынғазы Рахимовтың әндері жайынан әңгіме қозғадық. Мен ол кісінің семейлік екенін мақтанышпен айтқанымда, әлгі досым: - Мен ол кісінің әндеріне қанықпын, әрі сүйіп тыңдаймын, бірақ, сазгердің семейлік екенін, өмір жолы жайлы білмейді екенмін, қазір қайда?- деп, бірнеше әндерін айтып, сұрақты жаудыра түсті. Бұдан байқағанымыз Тұрсынғазы Рахимовтың нағыз шығармашылыққа берілген, өмірі үшін емес, өнерге еңбек ететін талант иесі екенін айқын аңғарамыз. Үнемі қалада қара домбырасын қолына алып, барар жеріне жаяу жететін Т. Рахимовтың әр уақыты алтыннан қымбат. Десе де сазгермен сұхбаттасудың бір сәті түскен еді.

-Туған жеріңіз жалпы өмір жолыңызға тоқтала кетсеңіз?

-Алла амандығын берсе биылғы жылы қазанның 10 күні 60 жасқа толамын.

Аякөздің Тарбағатай ауылында дүниеге келгенмін. Сол жердегі Октябрь орта мектебін бітіріп, әскерге аттандым. Әскери борышымды Бішкекте өтедім. Бүгінде мақтанышпен айтып жүремін, әскерден келген соң дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтен білім алдым. Бұл кез келген әншінің маңдайына жазыла бермес бақыт. Алғашқы өнердегі еңбек жолымды Аягөздің мәдениет бөлімінде атқардым, одан мені Павлодарға жіберді. 1978 жылы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда қызмет атқарып, 1980 жылы Абай атындағы музыкалық драма театрында актер болдым. Театрда бірнеше ролдер сомдадым. 1988 жылы Ғабит Мүсіреповтың «Қайран Майра» спектаклі арқылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылдым. Бұл сыйлықты аламын деп тұрғанда Ғабаң қайтыс болып, алуға мүмкіндік болмады. 1992 жылы қалалық мәдениет сарайында әнші болдым. 1996 жылдан бері қаламыздағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжде ұстаздық етемін. Арнайы дәстүрлі ән класым бар. Жарым Бәтима, Сұңқар, Шалқар есімді екі ұлдың әкесімін. Бүгінде Сұңқар жол полициясы қызметінде, одан көрген немерем Досхан бар, ал Шалқар әлі бойдақ.

-Немереңіздің есімін өзіңіз қойдыңыз ба? Досхан деп қоюыңызға не себеп болды?

-Иә, кино әлемінде жұлдызы жанған атақты құрдасым Досхан Жоолжақсыновтай болсын деп ырымдап қойғаным ғой.

-Шығармашылық тақырыбына қайта оралсақ. Әнді қалай шығарасыз. Мәселен, ақындардың бірі немесе жылдың бір мезгілін таңдап жатады. Сізде қалай?

-Мен мезгіл талғамаймын. Шабытқа байланысты. Қолыма Мұқағалидың өлеңдерін алсам болды, шабыттанамын, өлеңін оқып отырғанада әуен туады. Сол мезетте қолыма бірден домбырамды аламын да ән жазамын.

-Мұқағалидан басқа да ақындарды оқисыз, оларға да ән жазасыз. Жалпы айтқанда, поэзияға жақынсыз, өзіңіздің ақындық қырыңыз қалай?

-Қаламыздың бірнеше ақындарының өлеңдеріне ән жаздым. Мерғали Ибраев та теңдесі жоқ ақын еді және Айбек Сапышев, Тыныштықбек Әбдікәкімов т.б. орындары ерекше ақындарымыз жетерлік. Кейде әлдебір әурешілікпен бірдеңелерді жазатынымыз бар. Әйтсе де, Мұқағалидың өлеңдерін оқығанда өз деңгейіңді біліп, өлең шығара алмайтыныңды еріксіз мойындайсың.

-Ақындар, әншілер бәз біреулерге еліктеп жатады, сізде еліктеу бар ма, болса кімдерге еліктейсіз?

-Мен Әсетке, Біржанға, Ақанға еліктеймін. Жүсіпбек Елебековтен білім алсам да ол кісіге еліктеген емеспін. Менің ұстанған бағытым да сол, кешегі сал-серілердің ән дәстүрінің ізін суытпай, бүгінгі күнге насихаттау. Негізі әр адамның өзінің табиғаты, өзіндік ұстанымы болады. Бүгінде көптеген әншілердің арасында еліктеу айқын көрінеді. Бірқатар жастардың арасында әншілер Қайрат Байбосыновқа, Мақпал Жүнісоваға еліктеймін деп мүлде құрып кетті.

-Сіздей әйгілі сазгерді Алматы да, Астана да құшақ жая қарсы алады. Қаламыздың талай өнер иелері солай қарай ат басын бұрып, тұрақтап қалды. Сіз неге бармадыңыз, әлде шақырулар болмады ма?

-Екі рет шақырту болды. 1996 жылы Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалы драма театрына шақырды. Бес бөлмелі үй де бермекші болды, амал нешік сол жылы шешем науқастанып, бара алмадым. Содан 1998 жылы белгілі сазгер Төлеген Мұхамеджановтың өзі екі бөлмелі үй беріп, Астанаға жұмысқа шақырды, тағы бара алмадым.

-Шақыртулар болған кезде белгілі бір себептер болған сияқты, өзіңіз кетуге ниетіңіз бар ма?

Жоқ мен үшін қасиетті Семей жерінің топырағы, халқының орны бөлек. Мен таңертең үйден жұмысқа дейін автобуспен барамын. Сол аралықтын өзінде 50-60 адаммен амандасып барамын. Барлығы өзімнің туысымдай. Семейді басқа қалаларға ауыстыра алмаймын. Шөп те шығатын жеріне шығады ғой, киелі топырақ Әміре Қашаубаев, Бекен Жамақаев, Мәдениет Ешекеев, Төлеген Мұхаметжановтар тағы да басқа ардақты азаматтарды тудырды. Бірде, Жүсекең: (Елебеков) «Әкем! Семей – әншілердің, өнердің ортасы. Олардың арасынан суырылып шығу-шықпауың екі талай, көріне алмай қалмайсын ба?» деген еді. Бұгін де міне, Құдайға тәуба, өнерімді халық бағалап жатыр. Кетіп қалуға талай мүмкіндіктер болды. Төкен ағам да (Ибрагимов) «Қайтесің, осы Семей сенің тақияңа тар келе ме?» деп жібергісі келмеді. Семейдің береке бірлігі керемет, руға, елге бөлінуді білмейді, барлығы бір елдің баласындай.

-Жұмысқа автобуспен барамын деп отырсыз.Үнемі жаяу жүресіз, атағы алты алашқа мәлім сазгерге неге бір темір тұлпармен жүрмеске?

-(Күліп) Мен өзі автокөлікпен жүрмек түгілі жаяу авария жасап жүремін. Екі аяғым мен халқым аман болсын.

-Жуырда Елордамыз Астанада шығармашылық концертіңізді беріп қайттыңыз, 60 жылдығыңызға байланысты ма?

-Жоқ, ол шығармашылық концерттің негізгі мақсаты – ақиық ақын Мұқағалидың 80 жылдығына арналды. Астанадағы президенттің мәдениет сарайында өткен кешке еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали т.б. көптеген әншілер қатысты.

-Алда «алпыс - тал түс» деп айтарлық өмір белесі келе жатыр. Өзіңіздің 60 жылдық тойыңызға қандай жоспарыңыз бар, қалай тойламақсыз?

-Әзірге арнай құрған жоспарым жоқ, дегенмен қазан айында Көкшетау, Қарағанды және өзімнің өнердегі тұсауымды кескен, екінші ата –мекенім Павлодар қаласына барып концертімді берсем деп отырмын. Қалалармен қоса қалың қазақ шоғырланған аудандарды да шама жетсе аралап келу жоспарымда бар.

-Қазіргі композиторлардың барлығы шығарған әндерін қомақты қаржыға сатады, кей әншілер өздері ақшасын төлеп тапсырыс беріп жатады, сізде қалай?

-Мен әнді ешқашан сатқан емеспін. Әнді сату – өнерді сату деген сөз. Мен басқа ақындарды қоспағанда бір ғана Мұқағалиға 30 ән жаздым, оның барлығы әншілердің аузынан түскен емес. Орындау үстінде. Солардың бірін сатып көрмепппін. Шыққан әндерімді мен еш ақысыз тегін беремін. Тек, халыққа жеткізіп, аброймен айтып жүрсе болғаны. Маған одан басқа қаржының керегі жоқ. Ақшаларын ұсынған әншілер де болды, бірақмен бас тарттым. Қазір де қазақ эстрадасында жүрген сазгерлердің көбісі әндерін сатып жатады. Әндерін тыңдасаң түкке тұрғысыз, жеңіл-желпі, шала дүниелер. Оларға рахат болды, ән шырқауды мықты бизнеске айналдырып алды. Қазір жынды көбелектей каптап кеткен әнші мен сазгерлер көп, кейде соларды таптап кетем бе деп қорқамын. Шындығы керек, Алматы, Астанадағы қай концертке бара қалсаң Семейдің әншілерін көресің. Тіпті, ақындар да біздің қаламыздан. Семей – дәстүрлі әннің ортасы. Менің әннен тапқан табысым ол – халықтың бағасы.

-Кешіңізбен Астанаға барып қайттым дедіңіз, басқа да қалаларға жиі шақыртулар аласыз. Барып қайту қаржыңыз, тағы да басқа дегендей, жалпы концертіңізге демеушілік көрсететіндер бар ма?

-Шындығын айтқанда, қатты қысылып қалатын күндерім өте көп болады. Іс-сапрға шыққанда жолақы да төленбейді, барлығын өз қалтамыздан төлейміз.Енді, міне, жақында Астанада тікелей мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхамедтің бұйрығымен Әміре Қашаубаев атындағы конкурс өткелі жатыр. Оған да барам деп талпынатындар бар. Мен осы конкурсқа өзімнің шәкіртім, дәстүрлі әнші Жасұлан Тажиевті лайық деп отырмын. Жасұлан сенімді, болашағынан зор үміт күттіретін әнші. Қазір қасыма алғанмын, тәрбиелеп жатырмын. Осы конкурсқа бару үшін де қаржы керек екені рас. Ақпанда Астанада берген концертімнен соң, бірден Алматыға Мұқағалидың 80 жылдық тойына шақырту түсті, тағы «әттеген-ай» деп бармақ тістеп қалдым. Қалтаның жұқалығынан талай концерттерден қағылып қаламыз. Маған шақыртулар көп келеді, бірақ амал қанша.

-Өнер өлкесінде танымал әншілерден кімдермен араласып тұрасыз?

-Араласып тұратын әншілер көп қой, қазір олардың дені өзімнің інілерім мен қарындастарым «Дариға, домбырамды берші маған», «Сәби болғым келеді» сияқты әндерімді халыққа танытқан Мақпал Жүнісова, Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов, әнші- Бибігүл апайымызбен хабарлдасып, араласып тұрамыз.

-Халқыңыз үшін деп біршама жұмыстар атқардыңыз, енді қандай арманыңыз бар?

-Әлі де болса арман жетерлік, 60 жастық ғұмырымда жинаған бар өнерімді кейінгі толқын жастардың бойына сіңіріп кету. Біз енді еңіске қарай кетіп барамыз.

-Жастар арасында дәстүрлі ән үйренуге, талпынатын таланттар бар ма?

-Бар, басқа оқу орындарынан көптеп келіп жатады. Музыкалы колледжде дәстүрлі ән класым бар. Бұл класс кезінде жабылып қалды, содан колледж директоры Отантай Қәрібжанов қоймай жүріп қайтадан ашты.

-Демек, әлі де шәкірт тәрбиелеу үстіндесіз ғой?

-Иә, үйренем деп, шын ниетпен келсе болды, кей жас әншілер үйренуге келсе де, жап-жақсы бастап келе жатып жоғалып кетеді. Халық әндерін, өз әндерімді үйретемін, жақсы айтып жатқан әншілер болса, бір әнімді де беремін.

-Ән шығарғанда ақындардың өлеңін өзіңіз таңдайсыз ба? Әлде автор сізге ән жазуын өтіне ме?

-Өзім таңдаймын десе де болады. Бірде Абай атындағы мұражайдың 60 жылдық тойында ақын Фариза Оңғарсынова келді. Мені Төкен Ибрагимов Фариза апаймен таныстырып жатқанада, ол кісі мені танитындығын айтып: «Сен менің өлеңдерімнің біреуіне ән жазбадың гой» деген әзіл-қалжыңы аралас, реніш білдірді. Мен ол кісіден бірден өлеңдер жинағын алып, ашып қалсам «Туған күн» деген бір тамаша әні бар екен, бірден соған ән жазып, кейіннен өзіне орындап бергенім бар. Сол сияқты кей өлеңдердің сөзі бірден жүрегіңе қона кетеді де, ән жазасың. Жақында ғана Елбасына арнап ән арнадым. Сөзі белгілі ақын Айбек Сапышевтікі «Данасы сен халқымның» деп аталады, өткен аптада ғана Астанаға барып, әнімді тыңдатып қайттым.

-Астанаға барғанда әніңізді кімдерге тыңдатып қайттыңыз?

-Күліп) Ол жайлы құпия күйінде қалса...

-Уақыт бөліп, сыр сандықта сырласқаныңызға шексіз алғысымды білдіремін, аман-сау болыңыз!

Рахимов Т. Үйден жұмысқа барғанша 60 адаммен амандасамын /Сұхбат: С.Нұрбаев// Егемен Қазақстан.-2011.-29 наурыз.-Б.4