Семейден ұшқан бір түлек

-Мынадай шәкірт тәрбиелеп өсіріп, әншілік жолын ұластырған Жүсекеңде арман жоқ шығар. Өзі әркім орындай бермейтін өңкей қиын әндерді айтады екен. Жарайсың, жігітім, нағыз күміс көмей әнші деп осыларды айтуға болар.

-Аты-жөні кім, қай жердің баласы екен бұл азамат?

-Тұрсынғазы Рахимов.

-Қайдан оқып шығыпты.

-Жүсекеңнің шәкірті көрінеді.

Павлодар қаласында болып өткен кезекті концерттен соң облыстық филармонияның жаңа құрылған қазақ жастары эстрадалық бригадасына, оның Тұрсынғазы секілді жеке мүшелеріне көрермен назары ауып талантты немесе дарындылықты кісіге табиғат беретін сирек сый және ол атадан балаға мирас қалатын жай деп ұғатын қарттар әншінің қайдан шыққанын білгісі келіп ынтықты.

Домбырасын қабына салып, әріптестерімен бірге сыртқа шыққан Тұрсынғазы Ертістің тасқынды гүріліне ұқсас әлгі қошемет шуынан ба, әлде әр әнді нақышына келтіре шебер орындауға ден қойып, іштей толқығандықтан ба, әйтеуір бұл жолы сәл шаршаңқырап қалыпты.

Ән орындалып жүр ғой. Ол талай ортада болып, ән шырқаған. Алматыда, Семейде оны естігендер әншілігіне ден қойған. Бірақ эстрадалық студияны тауысып, жолдамамен қызметке кеткелі тұрғанда ұстазының:

-Тұрсын, өнерің бар шәкіртімсің. Павлодар менің талай араласып, ән салған елім. Ол Иса мен Майраның, Жаяу Мұса мен Естайдың елі. Ұятқа қалдырып жүрме, - деген сөзі үнемі жадында болатын.

«Әр әннің өз тарихы, мән-мазмұны, тағдыры үтір-нүктесі, лебі бар. Осыларды түгел ескеру керек. Әсіресе, алдындағы аудитория қандай, осыны бағдарла», -деп отыратын Жүсекең шәкірттеріне. Кезінде мәніне терең түсіне қоймағанмен, қазір бұл сөздер жас әнші сахнаға шыққанда өз дәлелін тауып жатқан секілді.

Манағы концертте жұрт Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін көп сұрап, қол соқты. Бұл қайталай берсе, олар тыңдаудан жалығар емес. Әуені мен сөзі тең түскен, мағынасы тұңғиық осы ән Тұрсынның өзіне де ұнайды. Бесінші кластан бері айтып келе жатыр. Тіпті, осы ән оны әнші ретінде танытқан жоқ па? Айта берсе, атағы елге жайылған жайсаң әнші Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жүсіпбек Елебековпен таныстырып, жас әншінің болашағына жол ашқан осы ән.

Соңғы кезде өңкей аққу үнді, бұлбұл көмей –әншілерді баптап шығарып, атағы елге тарай бастаған қазақ эстрада студиясында Семей облысының Аякөз ауданындағы жылқышы Төлеубайдың баласы Тұрсынғазы да оқып жатты. Дөңгелек жүзді, орта бойлы, қақ-соқпен жұмысы жоқ, мейлінше қарапайым шығар деп ойлаған ешкім жоқты. Тек өз қаласындағыларға сабақ беріп отырып, бір күні Жүсекең кең іздеп жүріп, ат басындай алтынға жолыққан геологтай қуанғаны бар-ды.

Жүсекеңдей шәкіртке қатал адам жоқ шығар. Әншілікке талпындырған ән пәнінің теориялық грамматикасы былай тұрсын, әрбірімен жеке-жеке жұмыс істеуге, сағат бойы тапжылмай тыңдап, көңіліне жақпаса, зекіп тастауға дейін барады.

Алдына домбырасын өңгеріп келіп орналасқан Тұрсынғазыға бұл жолы әкесіндей елжірей қарап:

-Өзіңнің өмірде қатты ұнататын бір әнді орындай ғой,- деді.

Домбырасының құлақ күйін келтіріп, таза дауыспен «О-о-о-о», деп толғана созып, домбыра ішегін сәл шертіп қойып, Қасымның «Өзім туралы» әнін бастай жөнелді. Тұрсынғазы ән салғанда өзге дүниені ұмытып кететін шәкірт ұстазыма ұнай ма, жоқ па деп манадан жүрексініп отырғаны естен шығып, бөгелмей айта берді. Ұзақ өлеңнің бес-алты ауызын орындап барып тоқтағанда ұстаз орынан атып тұрды.

Жүсекең, сөйтіп, шәкіртінің бойындағы талантын ашқандай еді! Бұдан кейін оны үнемі бос кезінде тыңдап отыратын болды. Әрқашан тыңдаған сайын өрттей өлеңге дауыл болып тиіп, өзі де қазақ поэзиясында найзағайдай жарқ етіп, өршіл талантымен тамсандырып өткен кешегі көзі көрген Қасым елестегендей болатын еді.

Жүсекең білмейтін, Жүсекең шырқамайтын ән кемде кем. Бірақ әнді әр әнші талант өлшеміне сай айтады. Ұстаз шәкіртінен бұлжымас бояуларын көрумен бірге творчестволық шалқу, іздену, шығарманы түрлендіріп өзінше жеткізуге талпыну қасиетін аңғарды. Мұндай элементтер әсіресе Тұрсынғазының ән орындауларындағы кіріспе және қорытындыда айқын көрініп жүрді.

Атақты әнші сүйікті шәкіртін бұдан былай өзі тыңдап, өз сынап қойған жоқ, оны талай жиын көпшілік ортасына апарып сынға салды. Әсіресе, осылардың ішінде асқақ ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфулиннің 80 жасқа толу тойында бірталай көрнекті әнші-күйшілермен өнер салыстырғаны Тұрсынғазының мәңгілік есінде қалды. Ол мұнда көбінесе Сәкен, Абай әндерін орындады. Тойға қатысқандар ішінде өнерді бағалай білетін, талай таланттарды көрген жазушылар Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалиннің назарларына ілікті.

Шәкірт кезінде осындай зиялы ортада болып, білімділердің сынынан өтудің өзі бір мектеп еді. Студиядан шыңдалып шыққан Тұрсынғазы Жүсекенің ақылымен қызметке бөлу отырысында Павлодар филармониясының өкілі Әнуар Қалиевқа бірден уәде берді.

Алматының шағын студиясынан кең сахараға шығып, аудиториясы малшы отары мен егін жайқалған диқан табынына ауысып, лаулай түскен жас әнші сондағы берген сертін орындап қана қоймай, көп жерді аралап, көпшілікке танымал бола бастады.

Өткен 1975 жылдың соңғы тоқсанында жаңа бригада құрып, «Көгілдір Жасыбай» атанған эстрадалық коллектив КПСС ХХҮ съезі қарсаңында көркем де мазмұнды программамен Семей, Торғай, Көкшетау, Жамбыл облыстарының аудандарында гастрольде болып оралды.

Репертуарында өзге әншілер кеп орындай қоймайтын жетпіс шамалы күрделі де қиын әндері Жүсекеңнің өнер жолын жалғастырған Тұрсынғазының тамаша баритон дауысы «Көгілдір Жасыбайдың» толқынында тербеліп, бүкіл республиканы шарлауда.

Дәуренбеков М. Семейден ұшқан бір түлек // Семей таны.-1976. - 9 желтоқсан.- 4 б.