Тұрсынғазы туралы сыр

Осыдан біраз жылдар бұрын Астанадағы орталық концерт залында жерлесіміз, әнші композитор Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуына орай авторлық кеші болып өткен. Кеш түгелдей телевизияға түсірілді. Сөйтіп, әнші композитор республика көрермендерінің алдында есеп беріп қайтты.

Төменде сол кештің бүкіл тізгінін қолына алып, жүргізіп отырған белгілі жазушы, ғалым, Тұрсын Жұртбаевтың Тұрсынғазы жайлы жазған маақаласын ұсынып отырмыз.

Әндер тарихында заңдылыққа айналған бір шындық бар: әрқашанда кез-келген талант өзінің бағасын дер кезінде алып көрген емес. Оған мысал келтіріп жатпайық, онсыз да белгілі. Соның бірі-әнші, әрі композитор- Тұрсынғазы Рахимов. Мінеки, жиырма жылдан бері қазақ даласын шарлап, түпкір-түпкірді түгендеп, өз өнерімен қалың қауымды сүйсінтіп жүрсе де еңбегі осыған дейін әділ бағасын ала қоймапты. Басқасын айтпағанда баласы бозбала атанар шақта ғана баспанаға ие болды. Кемшілік кімнен демейік, бірақ оысдан үш-төрт жыл бұрын Ғ.Мүсіреповтың сөзіне жазылған Еркеғали Рахмадиевтың «Майра» атты музыкалық драмасындағы актерлік-әншілік жетістігі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, біраз жерге дейін қара үзіп келген өнер иесіне күні кеше ғана ауыл көркемөнерпаздарының үйірме жетекшілеріне берілетін «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» дегенге әзер ілігіп, соның өзіне жүрегі жарыла қуанып, тұрған жігіттің өзі де осы Тұрсынғазы.

Қайтейік, өмірдің құны кетіп, атақтың бағасы «базарлап» барып «тұтынушысын» табатын мына заманда оның өзі де үлкен олжа. Құтты болсын дейік. Оған да қолы жетпей қалса қайтер едік? Бәрі де кезекке тұрып, бірақ берілетін баға да нарықтың «құлқыменен» жайма астынан өтіп жатқан кезде мұның өзі тәп-тәуір «малтүгелдікті» білдіреді.

Әрине, өкпелі ол емес, айтып отырған мен, яғни, оның көп тыңдаушыларының бірі. Әйтпесе ата-бабасынан бері аңғалдығымен аты аңызға айналған аңқаулық пен табиғи сенгіштіктен айырылмаған Тұрсынғазының ойына ондай күпірлік келе қоймайды. Тұрсынғазының талантының табиғилығын білген Жүсекең-Жүсіпбек Елебеков марқұм әлі «малтүгелдік» сәби мінезінен арылмағанын, кез- келгеннің сөзіне сене салатынын және бәрін дос деп қабылдап, өзінен кішіге де қызмет ете беретінін және оған қамсынбайтынын көріп: «Әй, саған қырықтан асқан соң ғана сабыр кіріп, сәбиліктен сонда ғана арыларсың-ау» депті. Сол айтқаны дәл келіп, Тұрсынғазының аты енді ғана ауызға іліне бастады. Ал Мұқағали марқұм қайтыс болған соң іле шыққан «Сәби болғым келеді» деген әнін айта бастағанымыздың өзіне он бес жыл толып қалды емес пе? «Отыздан асып барамын әні» әні арқылы өзінің де жан күйін білдірген Тұрсынғазы қазір қырықтың қырқасына шықты. Осыған дейін сабыр сақтаған құрдасымыз, ендігі айтылған бірер ауыз сөзге масаттанып, дандайсып кете қоймас дейміз. Бұл тілек, «Жақсының жақсылығын айт- нұры тасысын» деген сөздің жөнімен ұштасып, жатқан ақ ниеттің белгісі ғана.

Әр әннің өз тағдыры, өзінің дауысының бояуы, жүрек лүпілі болады. Иісі қазақ жұртының қан тамырындай бүлкілдеген сол бір нұрлы айшықтың ішінде Тұрсынғазының да өз үні бар. Жәнібек пен Қайраттың арасын жалғайтын өнер өткелінің өкілі. Оның дауыс мәнері, орындаушылық деңгейі, хақында дәл қазір тіл безеп жатпайық. Әншінің жан дүниесін ұғыну үшін, оның өзін тыңдау керек. Мен оның шығармашылық, яғни ән шығарушылық қырына ғана көз қиығын салсам деймін.

Өмірде үндес таланттар көп десек те, бірінің қабілетін бірі ашып, бірінің бақытын бірі жандандарған ілеуде біреу. Тұрсынғазының өзі айтқандай, оның әндерінің халыққа жол табуына себепкер болған адам- Мұқағали Мақатаев. Арқалы ақынның аруағы Тұрсынғазының талантын әлі күнге жебеп келеді. Тұңғыш сәбиі дүниеге келгенде шығарған «Сәби болғым келеді әні» оның бүкіл шығармашылық тағдырын анықтап берді. Осы уақытқа дейін Тұрсынғазы Мұқағали Мақатаевтың онбеске жуық өлеңін әуенге қосыпты. Соның бір де біреуі адамды бей жай қалдырмайды. Ән мен сөз қатар өрбісіп, жаныңды шымшылайды. Тәттімбеттің «Көкекесті» күйінің қағысымен айтылатын «Дариға домбырамды берші маған», ішкі ырғаққа құрылған «Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем», аса бір асқақ сағынышты қозғайтын «Мен сені сағынғанда», ойлы әуенмен қағысқан «Отыздан асып барамын», «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл» іспетті әндер орындаушысы келіссе бақыты жанып, жан дүниеңді тербететін дүние. Ал осы бір ішкі үндестіктің қорытындысы, әрине намыс пен мақтаныш сезімі қатар өрілген «Қазағымай» әні. Мұнда Мұқаңның- Мұқағалидың да, Тұрсынғазының да, сзбен біздің өз елімізге деген қасиетті сезіміміз сондай жарасымды көрініс тапқан. Зады, адамды жебеу,, әруақ қолдау деген ұғымдардың мағынасы осы болу керек. Бұл ретте, Мұқағали Мақатаев- Тұрсынғазы Рахимовтың өнерінің пірі десе де болғандай.

Әр заман халықтың тіршілігіне ғана емес, оның әуеніне де өзгеріс әкеледі. Бұдан сәл бұрын жалаң ұранға құрылған әндердің мысы басып тұрса, қазір сөзін де әуенін де бидің ырғағымен ұғындыратын «тобырлық әндер» ауа толқыны мен би алаңдарын да, сахналарды да шайқалтып тұр. Соның ішінде анда-санда халық әнінің дауысы әзер естіліп қалады. Бұл өте қауіпті бағыт. Ән дәстүрі, оның ішінде қазақтың халық әні дәстүрі үзіліп қалмау үшін « жан алып, жанын беріп жүргендердің» бірі де осы Тұрсынғазы. Ақселеу мақанын, Несіпбек сөзін жазып, Жәнібек орындайтын «Сарыарқа мен «Дәурен-айдың» халық жүрегін шымырлатқаны да сол үні әлсіреген дауыстық, ырғақтық, дәстүрдің қайта жаңғыруында болса керек. Сол игілікті бастама Тұрсынғазы да өз қолтаңбасын қалдырып жүр және ол талпынысы сәтті де.

Қазақстың Біржан, Ақан, Сегіз Сері, Әсет, Естай сияқты өнер тарландары өзінің әніне адамның тағдырын тақырып етіп алады. Олардың белгшілі шығу тарихы болады. Тек әуенмен ән үшін шығара салмаған. Мысалы: «Жамбас сыйпар», «Ләйлім», «Құлагер», «Жайма қоңыр», «Қорлан», «Қисмет» әндерінің дербес тағдыры бар. Соның барлығы әуенмен бірге сөзі арқылы білініп отырады. Тұрсынғазы да өзінің әндерін тура осы дәстүрлі негізге алып отырып шығарған. Оған мысал, А.Сапышевтың сөзіне жазылған «Батыр баба-Қабанбай», Ә.Қайрановтың сөзіне жазылған «Ән атасы-Әміре», Т.Әбдікәкімовтың сөзімен Әсетке арналған «Сағынбасқа не шара», Жәнібекке бағыштаған «Ақ бөкен», өлеңін М.Ибраев жазған ерен жүйрікке арналған «Еркежирен», «Қаламқастық қыздары-ай» әндері өмірдегі нақты жайға құрылған. Ол - тақырып қана емес, кәдімгі жан дүниенің ащы айқайын білдірген көркем шығарма. Әнмен соны жеткізіп отырған Тұрсынғазы. Бұл әндерді тебіренбей тыңдай алмайсың. Демек, оның жүректен шыққаны.

Өнерпаздың бақыты- оның талантының табиғилығында. Тұрсынғазыда осы табиғилық қасиет тым басым ба деп ойлаймын. Ол өнер үшін өзін аямайды және азамат ретінде де «жанын жалдап» өмір сүріп келеді. Өздеріңіз білесіздер, актер мен әншінің алғанынан бергені көп. Жалақы аз. Жылдық еңбек демалысына шыққан сайын Тұрсынғазы демалыс үйін іздеп Қырымға кетпейді, қырға кетеді. Жыл сайын шаруашылықтармен келісіп, солардың қорасын салып, үйін жөндеп беріп, бірді-бірге жалғайды. Оны табыс үшін емес, қалған он айда алаңсыз ән айту үшін жасайды. Өкінішке орай, дәл өстіп, үйелменін асырап жүрген өнер иелері жалғыз Тұрсынғазы емес. Қазіргі атақты әншілердің де бұл күйді басынан кешірмегені кемде- кем. Соны ойлап отырып, шіркін-ай, қанша жамандасақ та, Жанбота-Біржанға, Сағынай-Ақанға, Қызыр төре-Әсетке, Тезек төре-Сүйінбайға жылқы бақтырып, қой күзеттірмепті ғой деп тәуба етесің. Ал біз ғой, өнер халықтікі деп ұрандап жүріп, бір қолымызбен көтеріп, екінші қолымызбен оған күрек ұстатамыз. Қажыбектер мен Тұрсынғазылар солай істеуге мәжбүр болғанда өзгелер туралы, әсіресе жастар туралы айтпасақ тра болады. Манарбек марқұмның үніндегі аса сирек кездесетін жамбылдық бір жас жігіт бар еді, сол қазір құрылысшы болып кетті деп естідім. Артында шәкірті қалмаған әншінің мұрагеріне қол үшін беретін азамат табылар ма екен? Жанботадай жақсылық жасап, артынан сабап алса да мейлі дегің келеді.

Тұрсынғазының да өмірде жолы ашыла бастаған секілді. Мына қиын заманда оның осыну өнерін бағалап, өрістей түсуіне кең жол ашып келе жатқан Мәулен Мәсәлімов болса, оған демеуші ретінде дем беріп, осы кештің астанада өтуіне себепкер болған «Мәдениет» шағын кәсіпорнының директоры Адай Азаматов, «Қалбатау» совхозының директоры Дүйсенғазы Мусин, «Тарбағатай» совхозының директоры Сапар Өзбеков сынды жігіттерден айналып кеткің келеді. Қанша қомсынғанмен біздің қазақтың ішінде де нағыз ұлтын ойлаған «көпестер» шыға бастапты. Соған шүкіршілік етіп, өнерді ұмытпайық. Онсыз ұлтымыздың жан отын өшіріп, өзегін өртеп аламыз деген тілекпен Тұрсынғазы туралы сөзімді тәмам еткім келеді. Тек сол басыңа қонған өнердің қаситеін біле біл. Елінің еңсесін көтеретін ән жаза бер дегім келеді.

Жұртбай Т.Тұрсынғазы туралы сыр: (сазгердің шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуына орай)//Семей таңы.-1993.- 16 қаңтар