«Қайран, Майра!»

Семей облыстық Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры таяуда Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің пьесасы бойынша «Қайран Майра» спектаклін жұртшылыққа ұсынды. Екі бөлімді музыкалы драманы қоюшы – Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, театрдың бас режиссері Есмұхан Обаев. Спектакльдің музыкасын жазған композитор - КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Еркеғали Рахмадиев.

Майталман жазушы, шебер драматург Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған соңғы пьеса өзіндік жаңа өрнек, тың лебізбен сахнаға шықты. Есімі аңызға айналған атақты әнші Майра жөнінде бұрын-соңды қойылып жүрген спектакльдерден мына спектакль мазмұн жағынан да, көркемдік шешімі тұрғысынан да мүлде өзгеше.

Пьеса авторының ойын режиссер жете түсініп, оны мүмкіндігінше ұштай түскен. Соның нәтижесінде көрермен қауым халық қиялындағы бұлбұлдай сайраған әнші Майрамен табысты. Спектакльдің көркемдік-идеялық желісі уақыт талабымен үндесіп, ел өмірінің белгілі бір кезеңінен елес берумен дамиды. Совет өкіметі әлі құрылмаған, елді губернатор мен ояз, болыс пен қазак оқығандары билеп-төстеп тұрған кезең. Қазақ арасында орыс мәдениетінің үлгісі енді-енді шуақ шашып келеді. Соның мысалы ретінде прогресшіл идеяның өкілі Нәзипа Құлжанова бейнесі жарқ етіп бой көрсетеді. Алайда қазақ оқығандарының бәрі бірдей емес. Әнші Майра мен білімді Нәзипаның тырнағына татымайтын Асылбек бастаған бір топ «қара таяқ» жүр. Спектакльдің көркемдік бітіміне суретші М.Рахымжановтың елеулі еңбек сіңіргендігі бірден байқалады... Оқиға Семейде және Ертіс өзенімен Семейге келе жатқан кеме үстінде өтеді. Режиссер мен суретші осы көріністерді дәл тауып, суда жүзген кеме мен қаланың сол кездегі үйлерін қабыстыра бейнелеген.

Басты ойнаушы Мәдина Құсайынова өз кейіпкерінің жан дүниесін жақсы түсінген. Оның бейнелеуіндегі Майра аққумен ән қосқан күміс көмей, жезтаңдай әнші ғана емес, сонымен бірге ол өзінің қадір-қасиетін білетін, ар-намысын жоғары ұстайтын, парасатты биік тұлға. Шабытты шақтарында тыңдаушы жұртты тамсандырып, өзіне еріксіз табындыратын әнші арзан атақ пен сыйлықтың құлы емес. Өнер бұлбұлының басқалардан иығы жоғары. Өз халқының ән-жырын қастерлей білетін өнер саңлақтарының рухы күшті. Оның әншілік өнеріне тіпті губернатордың өзі де еріксіз бас иіп, сүйсіне қол соғады. Майраның жұртшылық ықыласына кенелген кездегі жарқын да жайдары қалпын, мұңайған шақтағы көңіл күрсінісін, ашуланған кездегі батыл қимылын жеткізе бейнелеуде Мәдинаның кейбір кем соғып қалатын тұстарын ескермесек, жалпы Майра бейнесі нанымды шыққан. Әсіресе, әншілігіне ажар-көркі сай актриса көрермендерді еріксіз баурап алады да, өзінің іс-әрекетіне қалтқысыз сендіреді. Әнсүйер қауымды әсем сазды, асқақ та нәзік ән иірімдерінде толқытып, ерекше бір сезім сырларымен тебірентеді. Асқақ үнді Майраға да, оның бейнесін жасаушы Мәдинаға да риза боласың.

Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі - губернатор рөлін орындаушы Қазақ КСР халық әртісі Бекен Имаханов. Сахна ашылған сәтте-ақ әскери киімімен, ұзын да жирен мұртымен бірден көзге ұратын қызыл шырайлы ақсары жүзді губернаторды көріп: «Е, пәленің басы сенен шығатын болар» деген ойға келесің. Өйткені бұрын-соңды оқып жүрген көркем шығармаларда патша үкіметінің өкілдері көбінесе бірбеткей ұрда-жық өктем де өзімшіл, өркөкірек те дөрекі болып бейнеленетін. Ал, бұл жолы олай болмай шықты. Губернатордың жүрісі кербез, тілі майда. Ол алғыр ақындарды, дарынды әншілерді бағалай біледі екен, жалпы өнерді, әнді сүйеді екен. Қысқасы, губернатор Имаханов бұл сахнада жоғары шенді ұлық қана емес, сонымен бірге өнер-білімді қадір тұтатын прогресшіл орыс адамы болып көрінді. Ғабең пьесасындағы жаңа бір қырынан көрінген кейіпкердің тұлғасын Б.Имаханов сәтті жасаған.

Көрермен көңілін елең еткізетін бір бейне - Нәзипа. Майра сияқты ол да тарихта аты белгілі адам. Абай творчествосы жөнінде жұртшылық алдында алғаш рет орыс тілінде баяндама жасаған Нәзипа Құлжанованы Семей жұртшылығы мақтаныш етеді. Спектакльде Нәзипа рөлінде ойнаушы К.Айманова революциядан бұрынғы оқыған қазақ қызының бейнесін бірсыдырғы тәуір шығарды. Болыс пен «қаратаяқтар» губернатор алдында мыштай болып тұрғанда, ұлықпен терезесі тең адамша сөйлесетін, оған жай-жапсарды түсіндіретін адам - сол Нәзипа. Алайда актрисаның ойынында осы бейне сәл қоңырқай тартып көрінетін сияқты. Білім парасаты жеткілікті, жиын топтың алдында абыройы артып тұрған адамның ажарынан көңіл құбылысы байқалмайды.

Мұндай рөлде тұңғыш рет ойнаған жас әртіс Тұрсынғазы Рахимов өз кейіпкерінің бейнесін әжептәуір сәтті шығарды. Әсіресе, Есеттің өнердегі тұлғасын, әншілік қасиетін ойдағыдай жеткізе білді. Әрине, жас актердің кимыл-қозғалысында әлі де жетілдіре түсетін жайлар кездеседі. Жүрек отын лаулатқан махаббат сыры тереңірек аңғарылуға тиіс. Спектакльге өзек болған драмалык желі Жақан болыс арқылы тартылады (рөлде Қазақ КСР халық артисі Ә.Жаңбырбаев.) Губернатор алдында қойдан жуас сияқты еді, сөйтсек ол нағыз содырдың өзі екен. Той үстінде Майраны ат артына салып әкетуге жүзі таймайды. Майталман актер сол әрекеттердің барлығын қолмен койғандай дәл жеткізеді. Сол сияқты Қазақ КСР халық әртісі Күләш Сәкиева эпизодтық кейіпкер рөлінде бір көрінгеннің өзінде-ақ жарқын бейне жасайды.

Сахнадан бір топ қазақ оқығандары көрінеді дедік. Олар әлеуметтік ерекше жүк көтеріп тұрған жоқ. «Ішкенге мәз, жегенге тоқ», бір күнгі қызық үшін дүниені сатып кетуден тайынбайтын «қаратаяқтар» - сол дәуірдің іштен тепкен мерезі сияқты. Рөлдерде ойнаушы Қазақ КСР еңбеқ сіңірген әртісі М.Бақтияров, Е.Райымбеков. Ш.Тойымбаев, Ж.Құнанбаевтар өз кейіпкерлерінің жағымсыз бейнелерін жақсы жасады.

Жалпы «Қайран, Майра» спектаклі - әншіні, халқымыздың ән өнерін бейнелеуге арналған туынды. Режиссер де осыған бой ұрған. Композитор Е.Рахмадиевтің музыкасы спектакль идеясының ойдағыдай жүзеге асуына үлкен ыкпал еткен. Әр сахнаның, әрбір көріністің өз ерекшелігіне орай құбылып отыратын ән әуендері спектакльдің бойында тұтастық тапқан. Әсіресе ән әуендерінің әсем үйлескен тұстары жұртшылық жүрегін тебірентеді.

Қорыта айтқанда, көрермен жұртшылық бұл спектакльді әнші Майраның бар болмыс, бітімін көзбен көріп, әсем әндерін құлақпен естігендей әсер алады.

Сапаев Ғ. «Қайран ,Майра!» // Семей таңы. – 1986. -27 март.-№ 61.-4б.