Арнаулар

Қош!

«Қазағым-ай!...» дегенде көкірегің
Қарс айрылып, қабаржып от реңің,
Құлын даусың Құдайға жеткенменен
Қайдан ұғам саңырау, соқыр едім?!.
Әнің көкте тұп-тұнық, таза, сырлы,
(айырбастай алмайды жез асылды...)
Қайран боздақ, қазаңды естігенде,
Құлағы естіп, еліңнің көзі ашылды!...
«Қазағым-ай!...» - арызың бақұлдасқан,
Арман кетті-ау ішіңде оқылмастан ...
«жердегілер ұқпаса маған кел» деп,
Бәлкім, сені өзіне шақырды аспан?
Аспандағы аққудан ән үйреніп,
Кеттің ұшып қайтадан «сәби болып» ...
Қолыңдағы қазақтың қыраны едің,
Қолдан шығып кеткен соң зар иледік ...

Тұрсынғазы Рахимовтың рухына

Қалай десек те... Құрып қойған секілді құсқа қамау,
Ажал бір күн әркімді ұстамақ-ау!...
Сен Ажалға бір амал таппадың ба,
кісілігінің жұпары күшті Ағам-ау?!..
Өмір біткен - осы ма?.. Өмір біткен?..
Жолығарсың бәлкім сен Тәңір-Құтпен?!..
Қалай болса кеудемде солай соғып,
қапалы жүрек мендегі қан үркіткен!
Кім өзіңді ғайыпқа асықтырған?
От еді ғой - өмірге ғашық тұлғаң.
Шайтан-үндер көп екен - енді естілді –
сенің Аспан-Даусың басып тұрған!..
Рух сырын, өмірден бек тысқары,
таппақ емес ешқандай тапқыш ғалым.
Сен ән салсаң, көруші ем Жанымның да
Көңіл құсына жармасып Көкке ұшқанын!..
Солай ұшқан - қалың Ой-қарлығашым,
қанатымен де қайталап Ар дұғасын!
Қалай көңіл айтарын Әндеріңе
білмейді екен бірақ та сорлы басым!..
О Дүниенің сыры да ғажап қиын...
Бақұлдасып бағады Сөз - ақ құйын!..
Сені Жұмақ қабылдар, Тұрсынғазы!
Қазақ Әнін - қабылдар - Қазақ Күйін!
Қабылдамаса, Жұмақ құны маған да - бес-ақ тиын!

Тұрсынғазыға

Тұрсынғазы, ей бауырым көшелі,
Естеліктің ескек желі еседі.
Қаршадай боп сен қолыңа су құйған,
Алатаудай Аға қайда кешегі?

Шерлі далаң, шемен далаң, мұң далаң,
Мұңлықтардың мұңлы зарын тыңдаған.
Көз алдыңда – соңғы көші қазақтың,
Көкіректе қаздай болып шулаған...

Арғы беттен алып келген ардағың,
Білген ерге Әсет әнін жалғадың.
Астастырып ән көгіне қазақтың,
Алып шықтың Мұқағали арманын.

Алатаудай мынау асқақ кезінде,
Ән құя бер, нұр құя бер сезімге.
Қазақ барда, әнді сүйген ел барда,
Арман – әнге айналарсың өзің де!

Тұрсынғазы Рахимовке

Дүнияға бір қарап жалтылдаған,
жымиясың баяғы қалпыңда, ағам.
Көңлің сұрап ағылған ел-жұртыңның
табалдырығыңды табаны алтындаған.
Иә, әрине... жазмышта жол бұраң-ды.
Қазақы ердей тұрмыс-жай, ол - құранды.
Мен де өзіңе барам да көңлің сұрап,
көз жасыммен сүртемін домбыраңды.
Жалған Дүние-ай!.. Болар ма ед басқа бес күн!..
Маңырардай үрейім-ақсақ ешкім.
Аға дос-ау, дертіңді көз көрмеске көшірер ем, қайтейін,
Бақсы емеспін! Келер-келмес ғайыптан аян-әмір,
Әр сәулені - дейінші - таяна біл!
Еркежирен түсіме енбекші ме,
кейде ұйқымнан кісінеп оянамын!..
Шипа болсын дертіңе! - деп те, іштей жыр оқимын.
Сұқытым - көк беріштей.
Соның бәрін естиді - білетінім –
ту сыртыңда мұңайған ақ періштең.
Есіңе алмай ешқашан жер-кебінді,
шырқап бақтың жүрекпен көргеніңді!
Сылқымдарға атақ-шен үлестірген хан-сұлтан ше?
Күте ме өлгеніңді?..
Қайыр да жоқ бозарған ұлық Көктен.
"Көкө, Көкө!..." - дейді ертең быдық Көктем.
Құрып кетсін ағайын биліктегі
- Әніңді айтып, Жаныңды ұмытып кеткен!
Дүнияға бір қарап жалтылдаған,
жымиясың баяғы қалпыңда, ағам.
Көңлің сұрап ағылған ел-жұртыңның
табалдырығыңды табаны алтындаған...

Наз

Түке-ау, сонша неге қорқытасың?
Жүргенде зор тұлға боп зор тұтатын.
Тағдырдың тартқылаған талқысымен,
Өнердің салмағы ауыр толқытатын,
Түке-ау сонша неге қорқытасың?

Бәйек бола алсақ деп жаңына бір,
Алдыңда Адай, артыңда Нағима жүр.
Мықты едің ғой өзің де бір кісідей,
Жұдырықтай жүрегің берді ме сыр?

Ән салғанда кесіліп сондай керім,
Қазағым деп сорғалап маңдай терің,
Жүрегінде тілеуіңді тілеп бәрі,
Ауыруға қақың бар қандай сенің?

Көпсінбе назға толы тәтті күнді,
Біз қайтейік кең пейіл мәрттігіңді?
Сырқаттың да сынына сыр бересің,
Қарау керек жақсылап тәртібіңді.

Әлдилеген Мұқағали жыры емес пе,
Шығасың әлі талай мың белеске.
Әннен көйлек кисем деп әсемделген,
Сені тосып жырларым жүр емес пе?

Киелі шаңыраққа болып көрік,
Күмбезді көкірегіңнен өлең еріп,
Жаның да жүр ниеттес ақын Дәмеш,
Болса екен деп әніңе жырым серік.

Өнер деген сүрлеуден басталатын,
Өрен биік болса да асқақа атың.
Жүрегіңнің бейне бір бөлшегіндей
Серғазы, Ғабитың мен Салтанатың.

Емендей боп иіліп солқылдадың,
Бізге оңай тиді ме сол қырларың?
Жаутаң қағып тосуда алаң болып,
Ақгүл, Зейненұр, Гүләйім, Толқындарың.

Еркесісің еліңнің, кең даланың,
Еркінсімей жөніңе кел, қарғым.
Саған деген ерекше пейілдері
Сәния, Фаузия, Гүлнәр мен Гүлдананың.

Тұрсынғазыға

Уа, Тұрсынғазы, Бәйтеректің - домбыраң - сүйегінен.
Айналып-ақ кетейік тиегінен!
Тірлік ету пендеше - қиын саған,
кеудеңдегі періште - жүрегіңмен!
Елге деген іңкәрлігің - тұрақты өлшем.
Қазақ үшін аулайсың, шуақ көрсең.
Он екі перне бойымен Көкке өрмелеп,
әр Әніңді әкелдің Жұмақтан сен!
Сендік шіркін-тағдырды ұға алар кім?
Мендік бұлқын-тағдырды дұғалар кім?..
Әр таң сайын Әніңді тыңдап алып,
маңыранатын секілді-ау құралай-Күн!..
Тірлік, ол да - жануар құба тарғыл...
Қайдан білсін жас ұрпақ бұла-балғын?
Жымиямын, ыңылдап
Әніңді іштей, - оңашада келсе егер жылап алғым.
Уа, Тұрсынғазы! Күшігендене күшейсе күлкі-сүрең,
Көкірегіңнен - құмай ма, бір құс үрер!..
Әуелетші-ай!.. мына ұрғашы
Әлемнің де саулап берсін жұпар сүт үрпісінен!..

Ақбөкен

Еркелеу етіп сені өлең,
Домбыра жырға бөледі.
Ерітіп жанды әуенің,
«Сәби де болғың келеді».

Қарқара жүрек сыр бермей,
Тәңірдің сиы жүргендей.
Мұқағалидың мұңымен,
«Аягөз ару» күлгендей.

Момақан, мөлдір тұлғаңдай,
Сезімдер тұрар былғаңбай.
Бала да, дана жүрегің,
«Қазағым-ай» деп тұрғандай.

Сәбидей аңғал баласын,
Сырт көзге жай бір ағасың.
Тұрсынғазы боп тарихқа,
«Ақбөкен» болып барасың.

«Қалқамас қыздар» көктемдей,
Шолпылар сыңғыр еткендей.
Өлең боп Мұқағалидан,
Ән болып саған жеткендей.
Әуенге толып көмейін,
Жарқырай берсін мерейің.
Мейірге мейір тіл қатып,
Толқынға толды Семейім.

Өкпетінің тарланы

Тарланы қасиетті Өкпетінің,
Танымал әніменен көпке бүгін.
«Аякөз арулардың елі» деумен,
Әуезді дауысыңмен төкпелеттің.

Ақиық Мұқағали басқан жерім,
Жатыр ма думандатып асқақ елің?
Ерағаң жырлап өткен атамекен,
Шабытты шыңдай түсті жастай сенің.

Басы- қыс, көкірегі-күз, етегі-жаз,
Басына ұя салған сан дауылпаз.
Түлек Тарбағатай ауылының.
Елуге толып бүгін көңілі- жаз.

Сазгерсің, атойлатқан «Қабанбайлап»
, Салатын Семей жақтан «сәлем-айлап».
Мұқаңа «Сәби болғым келеді» деп,
Күмістен жүретұғын қанат байлап.

Ендеше, бүгін сенің туған күнің,
Бетіңді тұнық суға жуған күнің.
Тілейді амандық пен саулығыңды,
Ел үшін мақтаныш боп туған ұлдың.

Сен шығыстың ерекше шынарысың

Құдай саған беріпті асқан бақыт,
Ән саласың, бауырым, аспандатып.
Қабабайлап шырқасаң рухтанып,
Шаншылады дауысың аспанға тік.

Жайсаң мінез жаныңның ғажабын-ай,
Серіге тән серпінді саз әнің-ай!
Шырқау көкке қырандай қалықтаған,
Ән төресі емес пе «Қазағым-ай».

Көтеретін көңілін ән-күйменен,
Қайнар бол қазақтың ән-күй деген.
«Сәби болғым келеді!» ел-жұртыңды,
Ерке әнің тербетіп әлдилеген.

«Ұлы өнердің киесі сенші маған,
Сенші маған өмірден енші адам», -
Деген сенің сертіңдей естіледі,
«Дариға домбырамды берші маған».

Тағылым басқа сендегі, таным басқа,
Өнерліге шығарда жаның басқа.
Әсеттерді іздейсің ән шалқытып,
«Сағынбасқа не шара» сағын басса.

Құдіретті өнердің мәні неде,
Білдіретін оны жас, кәріге де.
Аспандағы аққуға үнін қосқан,
Ән арнадың жезтаңдай Әміреге.

Тағзым еткен тәжіне ұлылықтың,
Иса ақынның сөзінің сырын ұқтың.
Тіл кестесін үйреткен Абай бізге,
Деп ән жаздың шабыттан құбылып мың.

Тарихқа үңіліп баяғы өткен,
Қозы-Баян тағдырын баян еткен.
Мұқағали өлеңі әнге айналып,
Аягөзді өзіңсің аян еткен.

Мұқандар ғой асылдың сынықтары,
Өзгеше ғой өлеңі, қылықтары.
Жырына оның қаншама жазылды әндер
, Қызықтырды отызы, қырықтары.

Мұқбалақты пір тұтып табынғанда,
Ән қазына ұқсайды табылғанға.
Саз тудырды «Ғашықпын», «Санаулы күн»,
Мұқаң жазған «Мен сені сағынғанда».

Өзі айтқандай махаббат құрығы ұрған,
Күй ауладың ақынның қылығынан.
Аруларға демеймін тиіскен едім,
Иіскеледің тек әнмен бұрымынан.

«Дұшпанын бар ма дейсің, қайдан білем,
Әйтеуір жүрген жерің сайран кілең».
Деп шалқыған әлі сөзі толғантады.
Өмір күрес кілемсіз майдан кілем!..

Тағы- тағы әндерін таралытты,
Жүрекпенен түсінер сана мықты.
Қадыр ақын сөзіне жазған әнің
«Таңғы шықтай» еске алу балалықты.
Сені қанша ел-жұртың алқалады,
Құмары әнге бәрібір тарқамады.
Мәдилердің рухына мәңгі ескерткіш,
Ел тыңдайтын бір әнің «Қарқаралы».

Құлагерді білген ел ерте күннен,
Әнмен көмек түңлігін сепе білген.
Аңсар ауып тұрады ат шапқанда,
Айтылса деп сен жазған «Ерке жирен»
.

Жақсы ән жазу қашанда басты арманың,
Әндеріңмен биіктеп аспандадың.
Алты алаштың туы етіп әспеттедің,
Дәулет сынды еліңнің бас балуанын.

Өнердегі туы деп ар-намыстың,
Жарқ етті ме жанарда самғап ұшқын.
«Қаламқастың қыздары-ай» - деген әнде,
Белгісі бар бір тәтті таңданыстың.

Тебірентті-ау жаныңды жаңғырулар,
Сені қайдан түсінсін паң ғұмырлар,
Жәнібектей досыңа арнаған ән,
Ақ бөкенге ұқсайтын тағдырың бар.

Тыңдағанда ән жырлаған баспананы,
Жанарларға іркіліп жас тамады.
Қан жылайды жүрегі қатсын ақын,
Қалмаған соң істейтін басқа амалы.

Өмір деген қызық қой, өмір деген,
Бір қалыпта тұрсың ба көңіл деген.
Соның бәрін сезінген жаныңменен,
Сен сазгерсің шалқыған көгіңде өлең.

Арқаландың ән салып, қанаттандың,
Қанаттандың, тер төктің, талаптандың.
Арқасында қанша рет,айдан анық,
Ағайынды аузыңа қаратқаның.

Төбесіне көтерсе елің қай күн,
Шағаладай шарқ ұр да жерінде айдың.
Құшағына ен дағы ағайынның,
Кербез әнін шырқап бер Керімбайдың.

Құттықтаймын қуаныш мерейімен,
Қалай бүгін бір жайды демейін мен.
Ұлылардың үзілмес жалғасындай,
Сен бір шыққан саңлақсың Семейімнен.

Дүлдүлісің, сен әннің пырағысың,
Жарқыратар көңілдің шырағысың.
Өскен елдің өнерін орман десек,
Сен Шығыстың ерекше шынарысың!

Өкпетінің тарланы

Тарланы қасиетті Өкпетінің,
Танымал әніменен көпке бүгін.
«Аякөз арулардың елі» деумен,
Әуезді дауысыңмен төкпелеттің.

Ақиық Мұқағали басқан жерім,
Жатыр ма думандатып асқақ елің?
Ерағаң жырлап өткен атамекен,
Шабытты шыңдай түсті жастай сенің.

Басы- қыс, көкірегі-күз, етегі-жаз,
Басына ұя салған сан дауылпаз.
Түлек Тарбағатай ауылының.
Елуге толып бүгін көңілі- жаз.

Сазгерсің, атойлатқан «Қабанбайлап»,
Салатын Семей жақтан «сәлем-айлап».
Мұқаңа «Сәби болғым келеді» деп,
Күмістен жүретұғын қанат байлап.

Ендеше, бүгін сенің туған күнің,
Бетіңді тұнық суға жуған күнің.
Тілейді амандық пен саулығыңды,
Ел үшін мақтаныш боп туған ұлдың.

Тұрсынғазыға
«Қазақ Хандығының 550 жылдығы»
медалін тапсырарда оқылған өлең.

Қабанбай мен қазақ болды ұраның.
«Сәби болғым» әні болды тұмарың
Қырық жылдай қызмет еттің халқыңа,
Биік болды бір әніңнен бір әнің.

Әсет ақын Естайды іздеп барғанда,
Қимай досын кірпігі жас шалғанда.
Домбырасын алып Естай ән салады,
Қорлан үшін ризамын деп жалғанға.

Сенде аға мойымашы жасқанба,
Дертке шипа іздеп бүгін жатсаңда.
Қазақ барда сенің әнің өлмейді,
Талай ұрпақ қалықтатар аспанға

Төс белгіңді келдім бүгін тағуға,
Елге сыйлы азаматтар жанымда.
Әр әніңнің құдіретін сезінген,
Қазағыңның құрметі деп қабылда.

Мұқағали жете алмаған арманға,
Жеттің аға сондықтан да ойланба.
Құлақ күйін домбыраңның бұра да,
Шабыттаншы қыран болып самғарда.

Қош, Тұрсынғазы!

Көк те – өлең,
Көк түгілі,
Көмейде – өлең,
Қазаққа көктен келіп, не дейді өлең?
Қаздай боп қаңқылдаған Тұрсынғазы,
Қонды ғой бір құрлыққа Семей деген.
Алашқа ақ құшағын ашқанда өлең,
«Қозы Көрпеш-Баян» дейтін дастанменен, -
Аруақ Аягөзден алып ұшып,
Көгілдір көлден келді Аспан деген!
Жер емес,
Аспан деген – ғажап тұрақ,
Алладан бізден де көп наз ап тұрад:
Қаздай боп қаңқылдаған сол боздағын,
Жаздай боп ...
Қарсы алды ма қазақ, бірақ?

Әнші аға!
( Тұрсынғазы Рахимовқа)

Бұл жыр қайдан келді деп таңданбаңыз,
Қол созармыз
Өнер атты киелі арманға біз.
Мынау әлем бүгін сізді деп таниды,
Қамал бұзар кемеліне келген нағыз.

Бұл кім дерсіз жыр арнайтын,
Билік бар қолында дара тізгін.
Қарындаспын,
Мүмкін, сізге мен әлде балаңызбын.
Қарапайым
Дәмеш атты ақынның шәкіртімін.
Шимайым бар аздаған,
Қаным қазақ жәй ғана қара қызбын.

Таңсәріде мен сізге
Тереземді жыр арнай тұрып аштым.
Нәзік жырмен
Ашпай тұрған қауыздың гүлін аштым.
Айтсаң егер деген екен әкем қазақ,
Жақсылығын айт, жақсының нұры тасысын.

Жүзіңізден
Мен мұңдалап мейірімнің ақ реңі.
Ән салсаңыз,
Күн де күліп, арайлана атып еді.
Даңқ көтере дәріптеңіз, Тұрсын аға,
Өнер атты
Мәдениет ағам берген бәсірені.

Бірақ рет жараламыз,
Қайталанып біз өмірдің келмесіміз.
Тұрсын аға!
Мейлі, тіптен қиналыңыз,
Өнер үшін өмірмен белдесіңіз.
Жарық әлем төрінен орын алар,
Сіз құдайдың
Әз өнерге жаратқан пендесісіз.
Есіміңіз аталса,
Елеңдесіп таңдана ел айтады.
Әніңізді
Әуенмен уілдетіп жел айтады.
Мұқағали жырының сезімдерін
Пір тұтатын кім?- десе,
Мынау халық
Айғай сала:
Тұрсынғазы Рахимов,-деп айтады.

Мамыржай үніңізге
Жүректегі ағып-еріп кетеді мұз.
Буырқанып айтсаңыз,
Жаңғырыққа оранып кетеді құз.
Дарыныңыз талмай биік самғағанда
Мойындалар әлемге әйгі екеніңіз.

Жыр жазбаймын кез келгенге,
Қасиетін қара өлеңнің тере алмайтын.
Бәзі біреу бар,
Мазақ қылып жырымды көре алмайтын.
Әнші аға, арнауымды қабыл алшы,
Үр қызымын, шыңы биік өр Алтайдың.

Қадам басқан өмірдің ұлы ісіне,
Қызығамыз,
Адалдық пен оның өмір сүрісіне.
Тәңір өзі сыйға тартқан өнер үшін,
Ей, халайық!
Бас иейік
Мәдениет ағаның інісіне.

Сіз дегенде, Шуақтана келгені жырдың жазы.
Арнау жаздым,
Өнерлі аға, мен сізді білдім-дағы.
Өнеріңіз өрге жүзсін деп тілеймін,
Күміс көмей әнші аға Тұрсынғазы!

Шоқжұлдыз
(Тұрсынғазы ағаға)

Тәңірі берген өнері дара
Шыңдардан шыңға биіктеп кеткен
Домбыра емес пе, Өзіңді аға?
Алашқа бүкіл сүйікті ұл еткен.

Не деген әсем, не деген таза
Сөз жетпес әсте жырлауға мұны.
Жан біткен жырлар болмайды қаза
Жоғалмай мәңгі бір тамшы құны.
Мұқаңның мөлдір мұңына басып,
Әніңнің шырқат, әуелет күшін.
Сәби боп сонсоң орта жол асып
Бір ізге салып өмірдің көшін.

Артық та болмас, отырсам сізді
Алланың сүйген құлы деп санап.
Қос ішектен көкке ұшырған ізгі
Самғайды ән-құс кең жайып қанат!

Ән Пайғамбары

Жапырақ сыбдырынан əн туғызып
Əуелетіп бұлбұлды əнші қылған
Аққудың қанатындай пəктік үзіп
Кір шалмаған кіршіксіз тамшы жырдан

Сыр ашпаған сандықтың сан сұрағын,
Ашып берген жүректің тынысымен.
Шəмші оятқан көңілдің шамшырағын,
Қамшылағын көмейдің қылышымен.

Даладай көңілдерге тəтті əнімен,
Баладай пейіл сыйлап əурелегін.
Шəмшісіз таңдар бүгін атқанымен,
Тұрсын ағам барына тəубе дегін.

Алты əлемді атағы мойындатып,
Алпыстың бұзып өтті тас қамалын.
Ағатай аман жүрші арамызда
Қазақ əнін жетім ғып тастамағын..!

Тұрсынғазы ағаға арнау!

Бір құдірет бар екен бір құдірет,
Жүрекке, ойға дарытса жыр қылып өт.
О, тылсым-ау бірде абыз ақыл айтып,
Бірде ойнайды сәбидің сыңғыры боп.

Жүрекке нұр құйған ән сыңар күнге
Қуаныштан мұңайтып тұрар мүлде.
Нәзік жанын түсініп аспан әнмен,
Бұлт жүрегі езіліп жылар бірге.

Уа, бұлттар-ау жаңылма бағытыңнан
Жер әлемге таралсын әні қырдан.
Аягөздің аспаны Қарасаздың
Төбесінен ән болып ағытылған.

Өлеңге айтпас ақынның сыры бар ма?!
Өлеңде әннің, сазгердің мұңы қалған.
Аға, сенің әндерің әр жүректе
Жыры барда қазақтың үні барда.

Арнау

Алпыс беске келіп қалған жастағы,
Өнерменен тасшылаған қас қаны.
Тұрсынғазы Рахимовтай өрені
Композитор ұлы жолдың бастауы.

Әуендерін бір шабытпен салдырған,
Тұла бойын қан жүгіртіп таң қылған.
Қиялынан әр нотаны тергілеп,
Мұқағали өлеңдерін ән қылған.

Талант
(Тұрсынғазы ағаға)

Құдай талант, дарынды үйіп берген,
Жақсы адам жасай берер сүйікті елмен.
Тұрсын ағам асқақтап тұра берер
Адам қолы жетпейтін биіктерден.

Ол биікке шығады самғап қыран,
Шын өнерпаз шығады сомдап шыдам.
Тұрсынғазы әуені қалықтаса
Қос қанатқа біткендей қанаттанам.

Шын өнердің шыңында қанат қаққан
Саяқ жүріп, саздарын сабақтатқан.
Алаш жұрты теп-тегіс мойындасып,
Талантына таңырқап мадақтасқан.

Әсем әнмен жалтырап ән өзегі,
Жайсаң қағар қараған жанның көзі.
Елі сүйген, ел сүйген азаматқа
Жар болып тұрса екен Тәңір өзі.