Семейдің әнші сазгерлері

Тұрсынғазы Рахимов – 1951 жылы 15 қазанда Аягөз ауданының Малтыкөл ауылында дүниеге келді. Сазгер ширек ғасырдан астам қазақ даласын шарлап, өз өнерімен қалың қауымды сүйсінтіп жүрген әнші. Ел танылған сазгер-әнші өмірінде сан рет есте қалар сәтті күндер, қызықты да қылықты жиындар болды.

1993 жылы желтоқсан айының басында Алматыда сазгердің шығармашылық кеші өтті. 1994 жылы Тұрсынғазының «Сәби болғым келеді» деген атпен әндер жинағы шықты. Жинаққа «Әнге ғашық жүрек» деген алғысөз жазған ғалым зерттеуші Т.Ибрагимов. Сол жылы әнші Қытай еліне арнайы шақырумен барып, Үрімжіде өнер көрсетіп қайтты.

Әнші өзін өнерге баулыған үш ұстазы барын мақтанышпен есіне алады: «Әншіліктің қыр сырын Жүсіпбек Елебековтен үйрендім. Халық әндерін бар бояу, нақышымен келістіріп айтушы еді. Екінші ұстазым- Есімхан Обаев. Ол кісі мені сахна шеберлігіне баулыды. Үшінші ұстазым-компазитор Теміржан Базрбаев».

Әр әннің өз тағдыры, өзінің дауысының бояуы, жүрек лүпілі болады. Исі қазақ жұртының қан тамырындай бүлкілдеген сол бір айшықтың ішінде сазгердің де өз үні бар. Оның әндерінің жол табуына себепкер болған адам- ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Мектепте оқып жүрген бала Тұрсынғазы жазушы ағасы Ерғазының үйінде Мұқағали Мақатаевты тұңғыш рет көреді.

Әңгіме ақын Қасым Аманжолов өлеңдері жайлы екен. Сол кеште ағалардың өтінішімен бірнеше ән салған. Т.Рахимов ақын ағасының батасын алады. Арқалы ақынның аруағы Тұрсынғазының талантын әлі күнге жебеп келеді. Тұңғыш сәбиі дүниеге келгенде шығарған «Сәби болғым келеді» әні оның бүкіл шығармашылық тағдырын ашып берді. Осы уақытқа дейін ақынның отызға жуық өлеңін әнге қосты. Оның «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл» атты әндері жан дүниеңді тебірентетін дүние.

Әр әннің өзінің шығу тарихы болады дегендей, сазгердің «Батыр баба- Қабанбай», «Ән атасы – Әміре», Әсетке арналған «Сағынбасқа не шара», Жәнібек Кәрменовке арналған «Ақ бөкен» атты әндері әншінің шын жүрегінен туған. Жүз шақты әннің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері (1992), сазгер Т.Рахимов сырлы сазды әуендерімен, жезтаңдай әншілігімен қазақ халқының бір туар таланты.

Семейдің әнші–сазгерлері: Библиографиялық портрет. –Семей, 2013.- 38-39 б.