«Өнерім - өмірбаяным»

Тұрсынғазының әкесі – Төлеубай, анасы – Гүлсім Аякөз ауданының Тарғабатай кеңшарында ұзақ жылдар бойы малшы болды. Марқұм ата-анасы өнерді қатты қадірлейтін.

Әке – шешесі жыл ұзақ малда жүргесін, Төлеубайдың балалары кеңшар орталығындағы әкесінің інісі Ешенғазының үйінде тұрып, орта мектепте оқыды. Сондықтан ес жиып, етек жапқанша қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өзін Тұраш деп еркелететін Ешенғазы ағасы мен Кәмеш жеңгесін Тұрсынғазы да қатты сыйлап, балаларына қамқорлықты мойнына алған.

Жетінші сыныпта оқып жүрген бір сәт есіңде қалыпты. Ақпан айында мектепте Алматыдан келген бір топ ақын-жазушылармен кездесу өтеді екен деген хабар лезде тарап, көп ұзамай үлкен акт залында ауданнан келген өкілдер бастаған С.Мәуленов, М.Мақатаев, М.Рәшев, Ә.Сәрсенбаев сынды ақын-жазушылармен бірге өз ағасы, жергілікті қаламгер Ерғазы Рахымов оқушылармен жүздесіп, екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу қас-қағым сәттей жылдам өте шықты. Өршіл өлеңін оқыған Мұқағали, елді күлдірген Мыңбай, бұйрабас аға Әбу үндері күні бүгінге дейін жадында жатталып қалыпты.

Сабақтардан соң кездесу әсері бар, үйге көңілі толқи келсе, гүрілдеген Сырбайдың дауысы, Мыңбайдың әжуаға толы күлкілі үндері естілді. Бұл үлкендердің әңгімесін бөлгісі келмей, көк түтіннің ар жағындағыларға сәлем берді.

Дауыстар сәл тыйыла қап, бір-екеуі: «Әликүмссәлам!» деп: «Бұл кім?» - деген дауыстар шықты. Сол сәтте Ерғазы ағасы:

-Ау, бұл Тұрсын ғой, менің туған бауырым, қане, жақында таныстырайын ағаларыңмен, - деп өзіне шақырды.

-Ағаң ақын әрі жазушы. Ал сенің қандай өнерің бар, балақан? – деді Сырағаң бұған гүр етіп.

-Жүсіпбек ағасы сияқты әнші болсам деп армандайды, - деп Ерекең іле жауап қайтарды.

-Ой, молоток, қане, көрсет өнеріңді, - деген Әбу ағасының қолпаштауы естіліп қалды.

Домбыраның құлақ күйін біраз әуреленіп келтіріп алды да, көңілі алабұртып, көзін тарс жұмып Мәдидің әндерін бірінен соң бірін аңыратты-ай келіп.

Тұрсынғазы одан кейін де көп ән айтты. Томағасын сыпырған қырандай суырылып, әр өлеңді өзінше бөлек ырғақпен тамылжыта салды.Сілтідей тына қалған қонақтар қаршадай баланың тұнық дауысымен қауышып, таңырқау, сүйінші сезімдерін жасыра алмай: «Өркенің өссін!», десіп, қауқылдасып, «Өзім туралы» әнді қайтара айтқызды. Әнді екінші рет орындағанда бар пәк сезімін Қасымның көңіл күйіндей тербетіп,аққудай сұңқылдатқанда қасында отырған Мұқағали еңкейіп барып маңдайынан искеді де: «Жұлдызың жарық болсын, арманыңа жет, құлыным!» - деп ерекше бір тебіренулі, жас толған жанарымен бұған елжірей қарады.

Әншілік өнерінің тұсауын ардақты ағалары осылай кескесін Тұрсынғазы бұл өнерге біржолата бет бұрды. Аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, ел көзіне көріне бастады. 1970 жылы мектепті бітіре салысымен аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі ретінде жұмысқа қабылданды. Сөйтіп Аякөз өңірінің барлық елді мекендерін аралап концерт қойып, ел ілтипатына бөлене бастағанда азаматтық парызын өтеуге әскерге алынды.

Елге қайтып келген 1973 жылы Ж.Елебековтің әншілік студиясына оқуға түсіп, оны бітірісімен арнайы жолдамамен 1975 жылы Керекуге жіберілді. Онда табан аудармай жүргісі де бар еді, марқұм ағасы, туған-туыстары: «Туған жерге оралсаңшы», - деп құлағына құя бергесін 1978 жылы Семейдің Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филормониясына әнші болып ауысты.

Өнерде өзіндік қолтаңбасы бар М.Ешекеев, Б.Сыбанов, Б.Үдербаева сынды алдыңғы буын өкілдері бар филормония деңгейі көп облыстардағы өнер ордаларынан иығы биік-ті. Бұл қазанда қайнау, өнерін шыңдау Тұрсынғазыға қанатына қанат бітіріп, арманын алға жетелейді. Ал семейлік композитор Теміржан Базарбаев мұның өнердегі екінші қырының танылуына ұйытқылық жасап, тұсауын кескен ұстазы атанды. «Өзім туралы», «Қарқаралы», «Ағаш аяқ» әндерін орындауда кей тұстарда әуенге өзіндік леп қоса айтатыны Темекеңе ұнап қалыпты. Бірде ол: «Әй бауырым, осы сен ән жазып көріп пе едің» - дегені бар. Кей сәттерде көмейінен көтерілген әуенді танауы астынан ыңылдағаны болмаса,салиқалы ән шығаруды ойламапты да. Тұрсынғазы композиторға таңдана қараған. «Бауырым, сенде сал-серілерге тән қасиет тебіндеп тұр. Жоғалтып алып жүрме. Ал мен сол жолдағы ақылшың, көмекшің болайын», - деп қолтығынан сүйегені әлі есіңде.

1979 жылы Мұқағали Мақатаев шығармашылығына байланысты көптеген өлеңдер, кітаптар басылып шықты. Соның «Өмір-өзен» атты таңдамалысы Тұрсынғазының да қолына тиді. Өлең жинағын бас алмастан екі-үш күнде оқыған әнші Тұрсынғазы көңілі аласапыран күйге ұшырап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Кітапты оқып біткен күні таңғы сағат төртте ел шырт ұйқыда жатқанда «Сәби болғым келеді» әні дүниеге келіп еді. Ол әуелі бірден туындап,екі-үш қайталанған соң ол өз-өзінен «Сәби болғым келеді» сөзіне жымдаса кетті. Таңертең құлқын сәріден жерден жеті қоян тапқандай композитор Теміржан Базарбаевқа жетіп барыпты.Темекең бір жағдай болып қалған екен деп, состиған түрін, ұйқысыздықтан кіртиген қабағын көріп шошып тұрса, ол аузына басқа сөз түспей, сүйінші сұрапты.Темекеңнің жүзі жылып, әнші жігіттің үйіндегі келін кішкентайлы болды екен дейді де: «Бауы берік болсын, өзіне серік болсын»,- деген ақ тілек айтады.

-Жоқ, аға, олай емес. Ән жаздым. Аты «Сәби болғым келеді», сөзі Мұқағалидікі, соның тұсауын өзініз кесіңіз, - дейді.

Темекең енді, шынында да риза болып,құшағына алып, бірден күйсандық тұрған бөлмеге бастай жөнеледі. Күйсандыққа шынтағын тіреген күйі Тұрсынғазы шығарған тұңғыш әнді мәнеріне келтіре орындады. Ән керемет әуенді, жүректі баурап, көңілді тербейді. Композитор оны Тұрсынғазыға бірнеше қайталай ән салғызып, нотаға түсіріп те алады. Кей жеріне дауыс көтертіп, кей тұстарын бәсеңдетіп әннің айтылуы аясын кеңейтіп, арнасын қалыптастырады.

Ия, жақсы ән көп. Бірақ адамның көңілдегі қылын дөп басып, өзегінен өртенген жан дірілін дүр сілкіндірер нақыш қайда? Сол нақыштың бір ізін Тұрсынғазы «Сәби болғым келеді» әнінде дөп басыпты. Оны Темекең шын көңілмен сүйсіне, мадақтай айтты. Алдында асқар таудай арманы бар жасқа бұдан артық баға бар ма?

Ол енді тіпті қанаттанып кетті. Мұқағали өлеңдері оның басын жастыққа тигізбеуге айналды. «Дариға, домбырамды берші маған», «Аякөз-Ару», «Ғашықпын» деген әндердің артынан іле-шала «Отыздан асып барамын» әуені де өз тыңдаушыларына жол тартты.

Мұқағали өлеңдеріңдегі өршіл, өрекпіген сезім, әнші-композитордың да көңіл күйіндегі пернелерді нақ басқан еді. Ақынның тұла бойын жарып шыққан ғажап сөз тегеуіріні, әнщі-композитордың жүрегін дір еткізді де, көңілін аласапыран сезімге бөлеп, қайнар бұлақтай сылқылдап өз тыңдаушысының ән өзеніңе ұмтылды.

Міне, содан бері ширек ғасырдай уақыт өткенмен, Мұқағали сөздеріне жазылған Тұрсынғазы әндері көпшіліктің көңілінде. Оның бұл әндерін республиканың басқа әншілері де орындап жүр. Мысалы, Мақпал Жүнісованың айтуындағы «Дариға, домбырамды берші маған» әні тағы бір қырынан танылғандай. Оны тыңдаған сайын ақын, сазгер, әншінің бір қолдың саласындай бірігіп кеткен әуені құлақтан кіріп, бойыңды әп-сәтте жаулап алады. Мұқағали мен Тұрсынғазы шығармашылығының тығыз байланысы, бірігіп соққан жүрегі таусылмас әңгіме, терең зерттеуді қажет етеді.

Кейіпкеріміздің тағы бір шығармашылық белеске көтерілген шағы – ұлы бабамыз Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойы кезінде байқалды. «Батыр бабам Қабанбай» әні той кезінде ұранға айналып, бірден халықтың сүйікті әні ретінде кең таралды. «Ән атасы Әміре», «Ерке жирен», «Назым-ай», «Қазағым-ай», «Ақ бөкен» әндерінің өзіндік шығу тарихтары тіптен ерекше. «Қазағым-ай» әні еліміздің егемендік алып, бүкіл халық бөркін аспанға атқан сәттерде туған дүние еді. Ал «Ақ бөкен» өнердегі досы, сырлас құрбысы, әнші Жәнібек Кәрменовты сағынғандағы сағынышы сазы-тын.

Тұрсынғазы – қырыққа қылыш сермеген тұсында тәжірибелі режиссер Есмұқан Обаев ақылымен осы Семейдің Абай атындағы театрда сахнада да әртүрлі рольдерді ойнап актер ретінде танылды. «Өз отыңды өшірме» қойылымында Дархан бейнесін, «Қайран Майрада» Есетті т.б. ондаған спектакльдердегі рольдерін санаса, басқаға үлгі-өнеге етіп айтуға болады екен. Әдетте қазекм өнерлі жанды байқаса сегіз қырлы, бір сырлы десіп жатады ғой. Бұл теңеу кейіпкерімізге арналып айтылғандай оған оның әншілік, сазгерлік, ұстаздық қырлары дәлел.

Өзінің ізін басқан шәкірттері, іні-қарындастары ол сабақ беретін М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжде көп-ақ. Бірақ үмір артып, үкі таққаны санаулы. Соның біреуі таяуда республикалық «Шабыт» байқауынан жүлделі оралды. Ал Қ. Хамидуллин, Е. Шүкіманов, Л. Молдабекова сынды шәкірттері де әртүрлі байқауларда лауреат атанып, ұстаздың мерейін өсіруде.

Рахимов Т. «Өнерім - өмірбаяным» // Байқадиұлы С. // Егемен Қазақстан.- 2001.- 30 қараша.- 16 бет