Әндер тарихы

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, композитор, әйгілі әндер авторы, әнші Тұрсынғазы Рахимовтың әншілік дарыны мен композиторлық қарымы мұқым қазаққа мәлім.Өнер иесі ретінде танымал.Тұрсынғазының тұлғалық тұрпатын қалыптастырған нәрсе бірінші кезекте оның бойындағы таланты болса керек.Талант Тәңірдің тартуы десек, сол талантты ұштауға да, сол талант тудыратын туындылардың дүниеге келуіне түрлі себептер болмақ.Түкеңнің алпыстан астам әні бар.Ол әндерде өздігінен жазыла салмағаны белгілі.Сол себептен де сазгеріміздің сазды әндерінің тарихын таратып айтқанды жөн көрдік.

Сәби болғым келеді

Бұл Тұрсынғазының алғашқы әні. Сазгердің сазгерлік әлеміндегі сәтті сапарына жол ашқан ағжолтай ән.Бар қазақтың көңілін баураған бөлек дүние қалай туды? 1979жылы,13сәуір. Жастайынан ән салумен әуестеніп, кейіннен Жүсіпбек Елеубековтей ұстазының алдың көріп, әншілік қыры әбден қалыптасқан кезі.Репертуарындағы әр әнді нақышына келтіріп орындау деңгейіне көтерілсе де, көңілі әлдебір әуез иірім тілеп қанағаттанбай жүретін. Көңіл түкпірінде 'шіркін, тамаша бір ән шығарсам ғой' дейтін арманда жоқ емес-тін.Үйлі - баранды болып, әке деген атқа ие болғанда осы бір толғаныс туындыға айналып шыға келді.Көңілінде көптен бері көз ашылмай келе жатқан әуен сиқырын Мұқағали Мақатаевтың ''Сәби болғым келедісі''дөп басқан. Фатима жеңгеміздің аман-есен босанып, Сұңқардай ұлдың дүниеге келгенің естігендегі қуаныш сезімі үстінде ақын кітабын қолға алғаны сол еді, ақынның сөзі әнші көкейіндегі күбірді үдете жөнелткен.Түн ортасына жетпей туған жаңа әнін сол сәтте тарлан Теміржан Базарбаевқа тындатқан.Темкенің тамсанысы жас сазгердің жаңа әнді қайта-қайта орындауымен таң атыруға түрткі болған.

''Ән жазсам'' деп армандаған алғашқы күн мен ''Cәби болғым келедінің'' арасында 13 жыл өтіпті.

Дариға,домбырамды берші маған

Бұл әнде Мұхағали ақын сөзіңе жазылған. 1984жыл. Абай театрында актер болып жүрген кезі.Актер досы Сәкен Омаров керемет күйші еді.Әсіресе Тәттімбектің ''Көкейкестісін'' шерткенде Түкең оны жайбарақат тындай алмайтын.Күй сарынымен бірге кеудесін тағы бір тылсым кернейтін. Неше рет тындаса да сонша рет осындай жағдай. Спектакльдерге дайындық арасындағы үзілістерде Сәкеннің ''Көкейкестіні'' шертіп отыратыны дағдылы жағдай. Осы күй ақыры Тұрсынғазыға ''Дариға, домбырамды берші маған '' әнің жаздырып тынады.

Бір күн әдеттегідей Секен бірнеше күйден кейін ''Көкейкестіні'' кемеріне келтіре орындап барып тоқтаған сәтте іштей ұйып отырған Тұрсынғазы: “Секен-ай домбыраңды берші маған”,- деген сөзді қалай айтып қалғаның өзі де білмей қалды.Осы бір сөз аузынан шығып кеткені мұң екен, сөз тіркесімен бірге санасында да әлдебір әуен сарыны қылаң беріп қалады.Күйші домбырасын қолына алып,қос пернені қуалай отырып жадын жаңғыртқан жаңа әуеннің сұлбасын түсіреді.Сөйтсе,сол кездерде Мұқағалидың “Дариға домбырамды берші маған”деп басталатын өлеңін жиі-жиі оқып, жаттап алуға жақындаған кезі екен. Осы оқиғаны есіне алған Тұрсынғазы аға: “Дариғаны” жаздырған Тәттімбектің “Көкейкестісі” , - дейді.

Отыздан асып барамын

Мұқағали Мақатаевты бала кезінде көргендіктен бе, әлде алғашқы әнінің сәтті шығуына себеп болған өлеңі құдіретінен бе, ақынның жыр жинағын жиі парақтап тұру Тұрсынғазының әдетке айналған бір ісі. Өмір құпиясы, адамдар болмысы туралы ойларға арнағанда көңілде туған сұрақтар жауабын да осы ақын шығармасынан жиі табатын.‘Отыздан асып барамын’ әні де көкіректегі көп сұрақтардың жауабын қайтару мақсатында туған дүние.Тұрсынғазы да өзге өнер адамдары сынды гастрольдермен ел- жер аралап, алыс – жақын сапарларда жиі болған. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, өзіне қызығып та, қызғана да, сұқтаныпта қарайтындардың аз болмайтыны тағы белгілі. Өнерден басқаға бас ауыртпайтын Түкеңнің 30- ға толған шағында самайына бір түп ақ шаш пайда болған екен. Осы бір түп ақ шаш өз жанарын өзіне жиі аудартып, ойландыра берсе керек.Бірде айнаға қарап , әлгі ақ шашын сипап тұрғанда Мұқағали өлеңінің жолдары ойына орала кетеді.Сөйтіп, “Солай да солай қарағым, несіне маған қарадың”......деп шырқалатын әуен дүниеге келеді.Сол кезде өзіне де,өзгеге де жауап қайтарғандай жеңілдеп қалыпты.

Қазағым - ай

Барша тыңдарманын тәнті етіп қана қоймай, бойға рух беретін ''Қазағым – ай''әнінің туының да өз себебі бар екен. Тәуелсіздігімізбен құрдас бұл әннің туғанынада биыл 20 жыл. 1991 жылы Қазақсатн өз Тәуелсіздігін жариялап,есті қазақтар еңсесін көтеріп, бөркін аспанға атқан шақ. Қоғамннан өзін бөліп қарай алмайтын Тұрсынғазы да барша қазағымен бірге қуанып, бірге шаттанған. Шынайы шаттанған сазгер ел қуанышына өзінше үн қосып,әдемі әнмен атсалысқысы келеді.Ой түкпіріне оранған осы бір ниетті іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында едәуір ізденген. Тәуелсіздік туралы толғанысты ойларынан Тұрсынғазыны тағы да Мұқағали жырлары алып шығыпты. Ақынның “Қазақстан” деп аталатын өлеңдегі ойлар өз бойындағы шиыршық атқан сезімін әнге жетелей түскен.Бұл әннің өте сәтті туғаны сонша, жеке орындауда да хормен айтуға да өте қолайлы. Әннің қадірін білетін мамандар тарапынан “Бұл Әнұранға сұранып тұрған туынды екен”. деп бағалағандар болыпты.Сазгердің осы әнді жазардағы мақсаты – тыңдармандарына рух силау болған. Сол мақсат орындалды десек те еш артығы жоқ. Ақын шаттығы мен сазгер қуанышы дөп үйлесім тапқандықтан болса керек, ''Қазағым – ай’’ жалпыхалықтық әнге айналып кетті.

Шашынан иіскейін

Мұқағали ақынның сөзіне жазылған бұл әннің мазмұнына көпшіліктің үстірт қарайтыны да жасырын емес.Жалпы жұрт ‘шашыннан иіскейін,бірақта тиіспейін' деген сөзге баса назар аударып оны әзілге ұштастырып, ойнақыландырып жіберуде.Сазгердің көз қарасында бұл өлеңнің бүкіл мазмұны ақынның елге, жерге, туған өлке, байтақ далаға деген сағынышынан тұрады. Қазақ үшін иіс- ұғымы бөлек дүние. Сәбидің иісі, ананың иісі,жусанның иісі,т.с.с.болып кете береді.Ақын сол қазақ ұғымындағы барлық қастерлі иістерді бойжеткен бұрымына сыйғызып айтқан.Тұрсынғазы ақын сөзіне осындай биік тұғырдан қарағандықтан да “Шашынан иіскейін” мазмұнын шырайлы әуенмен әспеттеп, көпшілік көңіліне жол тартқан әнді жазған. Сазгер мақсаты да “жер иісі барінен қымбат маған’’ деген махаббатты тындарманға жеткізу болмақ.

Батыр бабам – Қабанбай

Тұрсынғазы Рахимовтың тағы бір рухты әндерінің бірі де бірегейі – Қабанбай батырға арналған әні.Бұл ән де Тәуелсіздіктің төл құрдасы.1991 жылы Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық тойы жер – жерде аталып,батыр рухы ортамызға оралған кез. Халықтың бас батырымызға деген құрметі, ерлігіне деген ынтызарлығы сазгер сезіміне де бұлқыныс сыйлаған. Бұл жолы да оған өз ойын ұштайтын сөз керек еді. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында семейлік белгілі ақын Айбек Сапышевқа өлең мазмұнына өтініш жасайды. Ақын өлеңінің алғашқы нұсқасына көңілі толыңқырамай, өз ойларын айта отырып,қайта тапсырыс береді. Өлеңнің екінші нұсқасы қолға тигенде көңілі көтеріліп сала берген. Көп кешікпей ән де жазылып бітеді. Дәл осы мезгілде өзі де Қабанбай батырдың мақаншыдағы 300 жылдық мерейтойына шақырылған еді. Әннің алғашқы тұсаукесері де қас батырдың ту тіккен топырағында кесіліп, көптің батасын алған.

Айтулы әнді алғаш рет орындамаққа сахнаға шыққанда далада құрылған сахнаның дыбыс күшейткішінің үзіліп қалған сәтіне тап болған. Концерт ұйымдастырушылардың ''дыбыс күшейткіш қосылғанға дейін шыдай тұрыңыз'' дегеніне қарамастан, домбырасын тоғай шертіп, ''Батыр бабам - Қабанбайға'' баса жөнелді. Бұл әннің өзгешелігі де сонда ,әнші даусының нағыз шарықтай түсетін сәті әннің ортасын да емес, әннің әу басында. Бұл жерде айтпағымыз, халықтың батырға деген сағынышы ма, әлде жаңа әннің құдіреті ме, дыбыс күшейткіш үзілген сәтте қожырап бытырай бастаған жұрт сахна алдына қолма – қол қайта жинала қалыпты.

“Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе” демекші, Тұрсынғазы Рахимов үшін барлық әні бірдей болғанмен , осы қабанбай туралы әніне деген көңілі бөлек. Қамал алар қырық жасқа дейін басыбайлы баспанасыз,ресіми атақсыз жүрген әнші-сазгер: ''осы әннен кейін жолым ашыла бастады'' деп ырымдайды. “Батыр баба Қабанбай” әнінің елге тарағанына біржарым айдай уақыт болған мөлшерде Шынболат Оразбаев (құрылыс саласының кезіндегі бастығы) көшеде жолығып қалғанда: Сенің “Қабанбай” әнінді тындадым кремет екен. Айтпақшы, сен әлі үйсіз жүр деп естідім, рас па? – дейді. Мән жайға көз жеткізген Шынболат аға дереу шешім қабылдап, қала орталығынан және сол жағалаудан пәтер таңдауға мүмкіндік тудырады.Өз қалаулары бойынша қазіргі Қарқаралы көшесінде (Семей) қоныстанады. Арада тағы бірер ай өткенде Мәдениет басқармасының бастығы Мәулен Омарханұлы шақырып,''Қазақстан Республикасына еңбегін Мәдениет қызыметкері ''атағына ұсынып жатқандарын хабарлайды. Уакыттың орайы осылай болса да Тұрсынғазы аға өмірдегі осы екі олжасын батыр аруағының шапағатына балайды.

“Батыр бабам – Қабанбай” әнін орындағанда әншіге өзін бір орынға ұстап тұру қиынға соғатын көрінеді. Ән рухын кеудесіне сыйғыза алмай әуреленетін кездердің де кездесетінің жасырмайды.

Ақбөкен

''Ақбөкен'' әні ақбөкен әнші Жәңібек Кәрменовке арналыпты.1992 жылдары Жәңібек Кәрменов бүкіл өнерсүйер қауымды өкіндіріп кетіп еді.Тұрсынғазыныңда төбесінен жай түскендей болған.Бір- бірімен сырлас, өнерде сапарлас,қанаттас әншінің күтпеген жерден жазым болуы жанын күйзелткен.Жәңібекті жерлеу рәсіміне жолға жиналып, ертеңінде Алматыға жүруге қам жасаған түні тағы бір суыт хабар сазгерді селт еткізді. Жедел хат мазмұнында Аягөздегі туған ағасы Серғазының қайтыс болғаны хабарланған. Алматыға барар сапарды Аягөзге ауыстыруға тура келген. Теміржол вокзалына келе жатып бір өксіп алған Тұрсынғазы қос бірдей қайғыны жүрекке жүктеп, “жалпы вагонға” жармасып пойыз ішінде келе жатады. Өз ойымен өзі алысып отырған сәтте вагон бұрышында жатқан бір кішкене сарғыш кітапқа көзі түсіпті.Ештенеге зауқы болмаса да,көзіне жылыұшыраған жаңағы кітапты қолына алып, парақтайды. Бірнеше ақынның өлеңдерінен құрастырылған жинақ ішіндегі Несіпбек Айтұлының “Ақбөкен” өлеңі сазгердің ширығып отырған сәтіне серпіліс беріп,тарылып отырған тынысын кеңітіп сала берген. Бір – екі қайтара оқыған соң әннің де сұлбасы ыңғайланған. Аякөзге келіп пойыздан түскен беттегі бар ойы – жаңағы әннің ырғағынан айырылып қалмау.Арыстай азаматынан айырылып,қайғыға ұшырап отырған ағайын – туыстың көңіл айтуы, арысын жоқтауы арасында сазгерге жаңағы әнді сана да сақтау онай болмады. Десе де арада мүмкіндік тауып жұрттан онашаланып,ән желісін домбыраға түсірген.Түсінікті болу үшін айта кетейік.Тұрсынғазы Рахимов барлық әндерін тек домбыра пернесін қуалай отырып шығарған.Нотаға түсіре қою оның тәжірибесінде жок нарсе. Сойтіп ага мен досты жоқтаған жүректің үні іспетті “Ақбөкен” әні дүниеге келген.

Жәңібек демекші, Тұрсынғазы аганың Жәңібекке арналған “Әнің қайда Жәңібек” атты келесі бір әні бар. Әншілік өнерді ойсыратып кеткен Жәңібек Кәрменовтың қазасына қиналған әнші – сазгер көңілі көпке дейін тынышталмаған. Ән жазарда өлеңін бір қарап шығатын әдетімен бірқатар жыр жинағын парақтайды. Алайда, көңіл түкпіріндегі толқынмен үндес сөз кездесе қоймаған.Бірде көркем өнерпаздар байқауына ауыл әкімі болып істейтін ақынжанды Есенғали Әділбаев Жәңібек Кәрменовқа арнап өлең жазып әкеліпті. Осы өлеңге көзі түскен Түкең көктен іздегені жерден табылғандай қуанып кеткен. Сол әсермен бір сағаттың көлемінде «Әнің қайда, Жәңібек» ? әнің жазып шығыпты.

Нені аңсаймын

1998 жылы Шығыс Қазақсатн облысының Астанадағы күндері кезінде Түкеңе Астанаға қоныс аударудың сәті түскен.Сол кездегі Астана қаласының әкімінің орынбасары болып тұрған Төлеген Мұхамеджанов осы бір басқосуда Тұрсынғазыға Астанаға көшіп келуін, Жүсіпбек Елебековтің ән мектебін ашуына кеңес береді. Алғашқы бір-екі жыл жанұялық екі бөлмелі жатақханада тұрса, көп созбай пәтер мәселесін шешіп беретінін де айтып, нақты жауап қайтаруын сұрайды. Оңтайлы ұсынысты қабылдайын десе бауыр басқан Семейін қимайды, қабыл алмайын десе Төлегендей азамат көңіліне қарайды. Екіұдайы күй кешкен ол осы сәтте жаңа ән арқылы жауап қайтарған.Тағыда Мұқағали жырлары жан тебіренісімен үйлесім табады. “Нені аңсаймын?” неге жазылды десеңіз, Семейін қиып ешқайда кете алмайтынын білдіру үшін жазылған екен.

Нені аңсаймын?

Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын.

Неге аңсаймын білмеймін, неге аңсаймын?.”

Иә, неге аңсайды, нені аңсайды ол өзіне ғана мәлім болса керек.....

“Мен сені сағынғанда”

Мен сені сағынғанда,

Қарамай жауындарға, даулдарға,

Қарсы қарап жүземін ағындарға

Кеудемде қимылдаған жаным барда.

Мен сені сағынғанда

Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.

Мен сені қызғанамын,

Қызғаныштан мұз шайнап, тұз жаладым.

Шаңқылдап алдымнан шық, ана- қыран,

Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.

Сағыныштың сағымын жамылғанда,

Қарамай қара нөсер қағынғанға

Саған ұшам, қалмайды сабыр жанда,

Мен сені сағынғанда, сағынғанда....

Мұқағалидың осы өлеңіне жазылған Түкеңнің бұл әні үйдегі Фатима жеңгемізге арналыпты. Гастрольден қайтқанда, алыс сапарлардан оралғанда Түкең де ұясына асыққан Мұзбалақтың күйін кешетінін жасырмайды.

Еркежирен

Ақан серінің “құлагерінен” кейін жылқы туралы сәтті шыққан ән ретінде қабылданып кеткен Тұрсынғазының “Еркежирені” елді елең еткізбей қоймайды.Бұл әннің тууына ақын Мерғали Ибраев тікелей түрткі болған. Мұхтар Әуезовтың 90 жылдығына арналған аламанның алды болып Хамза қарттың Еркежирені келгені мәлім.Топтан қара үзіп мәреге дара жеткен Еркежирен екпініне жұртпен бірге Түкеңде жанкүйер болып тұрған. Екпіні бәсендемеген Еркежиренге ентелей үніліп тұрғанда иығынан біреу түрткендей болады. Қараса ақын Мерғали Ибраев ,Өзін еркелетіп сөйлейтін әдетімен: “Түкеңай қалын қалай, жиреннің жүйткігені ұнады ма?”- дейді. Бұлда тамсанысын жасырмай аға мен іні арасындағы әңгіме өрби түседі.Аламан бәйгеден алған әсермен арқаланып алған ақын аға: “Түкеңай, мен ана жирен туралы бірнәрсе деймін, сен қалай қарайсың?”- дегенге келді.Көңілді сәттің екпіні мен аға көңілі үшін «Жарайды» деп тарқасады.Арада үш күн уақыт өткенде ақын аға уәдесінде тұрып ұзақ толғауын алып келеді.Бірнеше мәрте қайталай оққаннан соң барып ән ырғағы икемге келген. Ақын ағасының рұқсатымен ұзақсонар толғауды ықшамдай отырып.ән мәтініне оңтайлап ықшамдаған. Жалпы “Қаламқастың қыздары – ай”, “Ердәулет”,әндері де Мерғали ақынның түрткі болумен жазылған екен.

Аягөз ару

“Аягөз ару” әннің жазылуы да бір қызық әңгіме.1990 жылдардың ортасы. Түкеңнің кәсіпкерлікпен айналысып жүрген інісі Қаби “КамАЗ” көлігіне қой тиеп, Қарасазға бармақ болады.Сол жақтағы Мұқағалидың жиені Дүйсен есімді азаматпен іскерлік байланыс бар.Екеуі Аягөздің Тарбағатайынан Еділбай қойын тиейді.Жол жүрерде Тұрсынғазы ағасына: “Қарасазға барып қайтсаңыз жүріңіз, көлік дайын,жолыңызды көтеріп аламыз” деп қолқа салады. Сәті түсіп тұрғанда барсам барайын деген оймен екі жігітке еріп “КамАЗ”- дың үшінші жолаушысы болып жолға шығады. Көлік жолдарының онып тұрмаған кезі. Соны себеп қылды ма, екі жігіт Аягөз жеріне тіл тигізіп ешқандай көрікті жер жоқ, Қарасазға қарағанда онша емес деген әңгімелерді көсілте бастайды. Екеуінің ермек үшін әңгімелесіп келе жатқанын сезсе де, Түкең іштей ширығып, тіс жара қоймайды. Десе де, ақын еліне бара жатқан соң қолында Мұқағали жинағы да жоқ емес еді.Сапарға шыққанда домбырасын ала жүру де әдеті. Екеуі Аягөз өңірін сипаттап жатқанда, Түкең Мұқағали жинағындағы “Аягөз ару” өлеңіне шұқшияды. Бір нәрсеге екінші нәрсе себеп дегендей, өлең тексті сазгер сезімін әнге жетелейді.Ән сұлбасы туғанмен, әлдене жетіспегендей күй кешкен. Сол бетте сазгер ақынның “Махаббат монологы” өлеңінен әннің қайырмасын табады. Сөйтіп жол жөнекей әнді әбден пісіреді. Бұл кезде көлік Алматы шекарасына өтіп кеткен болатын.Көлікті аялдауға қолайлы жерге келдік – ау дегенде Түкең қос бауырына: “Көлікті тоқтатында, дастархан жайындар,” - деп бұйырады. Екеуі едел – жедел кірісіп,жолазықтарын жайнатып салады. Жолазық қуаты бойға тараған сәтте Түкең домбыраны шерте отырып, ешкім естімеген “Аягөз аруды” асқақтата жөнеледі. Екі бауыры естен танғандай, ән әсеріне әбден берілгендері соншалықты: “Ойпырм-ай Аягөз деген не деген керемет жер!” – деп тамсанып, бағанағы әңгімелерін дереу ұмытып сала беріпті.

Марқакөлім

Тұрсынғазы ағаның соңғы жылдарда жазылған әндерінің бірі – Марқакөлім. Бұл ән кезінде Семей қаржы полициясы бастығының орынбасары болып қызымет атқарған полковник Бақытбек Жаманбаев есімді азаматтың ұсынысымен жазылған. Әдебиетке бейім, ақынжанды Бақытбек Қамбекұлының ұсынысы әнші – сазгер талғамымен үйлесім тапқандықтан, ұсынысты жол ортада қалдырмағанын айтады. Себебі, Тұрсынғазы талғамының басты қағидасы – ән мәтіні көңілден шықпаса, ондағы сөздің салмағы ойына арқау болмаса, қандай қолқа салса да көңілдегідей ән тудыра алмайды екен. Тұрсынғазы ағасының өнердегі ұстанымынан, сазгерлік талғамынан хабары бар Бақытбек Жаманбаев пен белгілі журналист Мұрат Тастағанов сазгер сезіміне жақын ән мәтінін жазып беріпті. Ән мәтіні қолға тиген соң бір ай өткенде барып жаңа ән туған. Бұл арада Бақытбек Қамбекұлы Тұрсынғазы ағасын Марқакөлдің ел-жерін аралатып, табиғатының қыр- сарына қанықтыра біліпті.

Баспана

Тұрсынғазы Төлеубайұлының әлеуметтік мәселеге де ән жазған кезі болған. Мөлшері 1996 жыл. Қазақтың аса көрнекті ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімовтың отбасына баспана бұйырмай, пәтер жалдап, кейде Абай мұражайына қонып жүрген кезі болатын. Екеуінің рухани тақырыптағы әңгімелері үндес болғандықтанда жиі бас қосып, сырласып-сұхбаттасып жүретін. Аға мен іні арасында өтпелі кезең тақырыбы да жиі сөз болып, кейде пәтер қиындығы тілге тиек болғанда Тұрсынғазы Тыныштықбек бауырына қандай жөн айтарын білмей, іштей әуре болатын. Кезекті бір кездесу орталық саябақта жалғасып,әңгіме соңына қарай мұражайды бетке алып келе жатқанда екеуінің төбесінен бір топ қарғаның қарқылдап қанат қағып өтпесі бар ма. Ол қарғалар жайғана өтпей , төбеден өте бере саңғып та үлгерді. Қарғаның нәжісі әнші мен ақынның басын былғап кеткен. Қашан да сабырынан жазбайтын екі өнерпаз әлгі жағдайға күле қарап, мысқылдай әңгімеге өзек қылады. Тыныштықбек тұрып: ''Бізді қыл аяғы басыңда баспанаң жоқ деп қарғалардың да мазақ қып кеткені ме? '' дейді. Дәл осы сөз келер күндері Тыныштықбекке баспана мәселесін арқау еткен өлең жаздырады. “Мына қоғам үй түгілі, үйшігін де қимайды” дейтін жолдары бар өлеңге Тұрсынғазы ән жазып, бұл ән Семей сахналарында бірнеше рет орындалып, мәселе жергілікті билікке де жеткен көрінеді. Жай ғана жетпей, аяулы ақынымыздың баспаналы болуына себепкер де болса керек.

Дәстүрлі әнді дәріптеуші.

Тұрсынғазы Рахимовтың репертуарында кез-келген сәтте жаңылмай айтатын 120-ға жуық ән бар. Барлығы дерлік дәстүрлі әндер қатарынан. Өз тарапынан шығарған әндер де дәстүрлі әндер желісімен жазылған. Түкең әндерінің қазақы болмысқа бай болатын себебінің бірі- жан дүниесін тербеген туындыларын еуропалық үлгі де емес, қазақы тәртіппен шығаратындығы. Ол әуелі ән жазатын мәтінді мұқият оқып, болмысын бойына сіңіріп, рухын сезініп барып ән жазуға кіріседі. Осы дүниелер оның ақыл-ойына, түйсігіне дендеген сәтте барып мәтінге байланысты әуез өздігінен өмірге келе бастайды. Нақтырақ айтқанада, Тұрсынғазы ән жазу үшін көптеген композиторлар секілді ноталарды ретімен орналастырып әуре болмайды. Оның түсінігінде нотаға сүйеніп ән тудыру әлгі шығарманы тізеге салып жазғанмен бірдей секілді. Сондықтан да Тұрсынғазы жаңа бір әннің лебі бойын шарпығанда домбырасын қолына алып,қазақы үлгіде қос ішектің үнімен жетектеп шығарады.

P.S.Рахимов Тұрсынғазы Төлеубайұлы 1976 жылы республикалық Күләш Байсейітова атындағы әншілер байқауында жүлделі орын алып,лауреат атағын жеңіп алды.

1979 жылы әншілік,актерлық шеберлігіне қоса Тұрсынғазы өнердің тағы бір қырынан жалт етіп,сазгерлік өнерімен таныла бастады.Алғашқы әндерінің дені қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев шығармаларына жазылған болса, кейіннен белгілі ақындар Ф.Оңғарсынов,Қ.Мырзалиев, Н.Айтов, М.Ибраев, Т.Әбдікәкімов,А.Сапышевтің өлеңдеріне ән жазды. 1981жылы Семей облыстық Абай атындағы музыкалық- драмалық театрдың белгілі әртісі болып елге танылады.

1991 жылы Павлодар қаласындағы өткізілген тұңғыш театрлар арасында өткен байқаудың Естай атындағы бас жүлдесіне ие болады.

1992 жылы Семей аймағының музықалық қоғамының төрағасы болып, М.Төлебаев атындағы саз колледжінің жанынан ашылған Ж.Елебеков атындағы домбырамен ән айту класының ұстазы және Семей қалалық Мәдениет сарайының әншісі болып қызымет етіп келеді.

1992 жылы Тұрсынғазы Рахимовтың әншілік, актерлық,сазгерлік өнерлері жоғары бағаланып, Қазақстан еңбегі сіңген “Мәдениет қайраткері” деген жоғары атақ берілді. Шынайы сезім,шеберліктен туындаған табиғат, өмір, жастық шақ,махаббат сырына арналған әндері топтастырып, “Атамұра” баспасының басшысы Мұхтар Құлмұхамбеттің демеуімен “Сәби болғым келеді” атты әндер жинағы жарық көрді.

2000 жылы өнердегі еңбегі бағаланып, Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.

2008жылы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері атанды. 2011жылы 18 ақпан күні Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына орай Астана қаласында Президенттің Мәдениет сарайында өткізілген концертке Т.Рахимов арнайы шақырылып, Мақатаевтың сөзіне жазылған патриоттық сезімге толы “Қазағым-ай” әнін орындаған.

Тұрсынғазы Төлебайұлы Аягөз ауданы Тарбағатай өңірінің Малтүгел ауылында дүниеге келген.Өмірлік жары Фатима Әшіровамен мектепте бір сыныпта оқыған. Кейін қаржыгер мамандығын таңдаған Фатима сыныптасымен отбасын құрып, бақытты жанұя ретінде ғұмыр кешіп келеді. Орталарынан өрбіген Сұңқар, Шалқар есімді ұлдар өз таңдаған мамандықтарының иесі.Досхан есімді немере де сүйіп үлгерді.

Сабырбай Қ. Тұрсынғазы туындыларының тарихы // Ертіс өңірі – 2011 – 26қазаң–10б.