Сәби болғым келеді

«Құлақтан кіріп бойды алар...». Хакім Абай атамыздың бір мысқал қоспасы жоқ саф өнерге берген бағасы.Елімізге танымал әнші,композитор Тұрсынғазы Рахимовтың шығармаларына қатысты осы бір әдемі тіркесті қолдануға болатындай.Мың керуенге жүк боларлық мақтауға лайық талант иесінің әр әнінде тыңдаған адамның көңіліне нұрын шашып, жан жүрегін шуаққа бөлейтін тындаушыға деген ілтипат пен өнерге, халқына деген сүйспеншіліктің маздап жанып тұрған алауының жылуы бар. Кешегі Әміре Қашаубаев,Жүсіпбек Елебеков, Болат Сыбанов, Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев сынды тарландар желбіреткен ән өнерінің байрағын нық ұстап келе жатқан,сан түрлі байқауларда оза шауып бәйге алып даралығын дәлелдеген, шәкірт тәрбиелеп ұстаз атанған Тұрсынғазы Рахимов биыл пайғамбар жасы алпыс үшке толды.

Әлбетте, әр жанның өзінің қуанышын өзгелермен бөлісу, мерейтойын атап өту жолдары коп.Алайда өнер адамының жөні бөлек.Әсіресе, Тұрсынғазы аға сияқты талант иесінің. Шығармашылық кеш өткізіп , бір жағынан осы уақытқа дейін тынбай еткен еңбегінің нәтижесі туралы есеп беріп, бір жағынан туындыларыңды бағалайтын тыңдарман қауыммен қауышу.Міне, өнер адамының өзінің мерейтойын атап өту жолы осындай болса керек.

Тұрсынғазы рахимовтың «Сәби болғым келеді» концерті жоғарыда айтылғандардың дәлелі іспетті. Өнер саңлағының пайғамбар жасына толуына орай ұйымдастырылған ән кеші. Әуелі, қалыптасқан дәстүр бойынша, мерейтой иесі сахнаға шығып залға жиналған тыңдарман қауымға жылы лебізін білдірді.

-Мен осы сіздердің алақандарыңызда мәпеленіп,осы алпыс үш жасқа қалай клгенімді өзім де білмей қалдым. Өздеріңіз қамшыладыңыздар, өздеріңіз өсірдіңіздер, өздеріңіз ықыластарыңызға бөледіңіздер. Менің өнеріме дем беріп, қолдау көрсеттіңіздер.

Менің туған жерім,туған өлкем кешегі Алаштың ордасы кешегі Әсеттен бастап,Әміре, Мәдениет,Болат, Жәнібек сынды өнерпаздарға жол көрсеткен кйелі мекен. Бүгін алдарыңызға сол тарландардың жалғасы болып келіп тұрмын. Қошеметтеріңіз үшін ,ықыластарыңыз үшін сіздерге алғысымды айтамын,- деді Тұрсынғазы аға. Содан кейін өнердегі әріптестері, шәкірттері кеш иесіне гүл шоқтарын табыстап, құттықтады.

Концерттің негізгі бөлігін Тұрсынғазы аға өзі жастайынан сүйсініп оқыған, көптеген шығармаларына ән жазған ақиық Мұқағалидың өлеңін оқудан басталды.Жыр жолдары мерейтой иесінің жан-дүниесі жайлы сыр шертіп қана қоймай, өмірдегі ,өнердегі ұстанымы туралы хабар береді. Сөзіміз дәлелді болу үшін үзінді келтіре кетейін:

Салмаймын сары уайымға,

Адамдығымнан айырма.

Бәрі де,халқым, сен үшін,

Мәуелеп жатқан жемісім

Еселеп жатқан жеңісім,

Бәрі де халқым сен үшін.

Мазмұны бай, мағынасы терең осындай өлең жолдарына,орындаушының оқу мәнеріне тамсанған көрермендердің қошеметін айтып жеткізу қиын. Концерт барысында ең бірінші Тұрсынғазы аға Мұқағали Мақатаевтің өлеңіне жазылған « Дұшпаным барма дейсің, қайдан білем» -деген әнін орындады. Содан кейін Толғанбай Сембаев , Нұриден Иманбаев,Бақыт Өдербаева,Данияр Ахмадиев сынды өнер майталмандары мен мерейтой иесінің жас шәкірттері өнер көретті. «Қазағым- ай» , «Нені аңсаймын», «Сәби болғым келеді», «Ақ бөкен»,»Аягөз ару», «Қабанбай». Бұл концертте шырқалған Тұрсынғазы ағаның әндерінің бір бөлігі ғана. Тамылжыған тамаша туындыларды орындаған өнерпаздарға көрермен қауым риясыз ыстық ықыласын білдіріп, қошеметіне бөледі. Әлбетте,мұны осынау музыкалық шығармалардың авторына да көрсетілген құрмет деп түсіну керек. Шығармашылық кешті Тұрсынғазы аға Мұрат Тастағановтың сөзіне жазылған «Алпыстың асуын –ай!» және Фариза Оңғарсынованың өлеңіне жазылған «Туған күніңмен» әндерін орындап түйіндеді.

Концерт соңында қалалың мәдениет сарайының директоры Нұриден Иманбаев өнер ұжымының атынан құттықтау тілегін жеткізіп,Тұрсынғазы ағаға арналған жыр жолдарын оқып беріп,сый –сияпатты табыстады. Талантты сазгер , күміс көмей әнші , ұстаз Тұрсынғазы Рахимовтың пайғамбар жасына толуына орай ұйымдастырылған шығармашылық кеші, міне, осылай өтті!!!

Р.S. Жалпы ,Тұрсынғазы ағаның әр әні бір тыңдаған адам тыңдай бергісі келетін тамаша туындылар ғой. Осы орайда маған «егер концертке жиналған қауым қол соғып, қолқа салса, екі жарым сағаттық концерт он сағатқа , тіпті таң атқанға дейін созылатын ба еді» деген ойымды айтқым келді . Өйткені алған әсерім осындай болды.

Құсайын М. «Сәби болғым келеді»//Семей таңы. -2014. – 17 қазан. -2 бет.