Ән – көңілдің ажары

Халқымыздың рухани өміріндегі асыл мұраның бірі-ән өнері, әншілік дәстүр. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең»- деген өлең жолдары қазақ өнерінің бар болмысын айқын көрсетеді. Қазақтың аса бай ән өнерін дамытуға Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Әсет, Естай, Дәнеш, Мәдениет, Жәнібек әнші- сазгерлері өлшеусіз үлес қосты. Тамаша дәстүрлі ән өнерінің шоқтығын биіктетіп дамытушы, өнерпаз, әнші-сазгерлердің орны ерекше.

«Өнерлі елдің оты сөнбес», «Ел іші-өнер кеніші»-деген дана халқымыз. Халық мәнерінде ән айтудың майталманы, терең толғаныстың әншісі, халқымыздың маңдайына біткен әнші-сазгері Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Мұқағали Мақатаев» атындағы сыйлықтың иегері, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің жанынан ашылған Ж. Елебеков атындағы домбырамен ән айту сыныбының ұстазы, көптеген әннің авторы - Тұрсынғазы Рахимов.

1951 жылы 10 қазанда Аякөздің Тарбағатай ауылында дүниеге келген. Әкесі-Төлеубай, анасы- Гүлсім Аякөз ауданының Тарбағатай кеншарында ұзақ жылдар жұмыс атқарған. Ата-анасы өнерді қатты қадір тұтқан, соның әсері болар жас кезінен өнер жолына түскен. Сазгер Тарбағатайдың Октябрь орта мектебін бітіріп, әскери борышын өтеп келген соң, дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтен білім алған. Алғашқы еңбек жолын Аякөздің мәдениет бөлімінен бастап, 1978 жылы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда, 1980 жылы Абай атындағы музыкалық драма театрында актер, 1992 жылы қалалық мәдениет сарайында әнші, ал 1996 жылдан бері Мұқан Төлебаев атындағы училищеде ұстаздық етуде, көптеген шәкірт тәрбиелеуде. Жары , екі ұлы, немере сүйіп отыр.

Тұрсынғазы Рахимовтың ұстанған бағыты кешегі сал-серілердің ән дәстүрінің ізін суытпай бүгінгі күнге насихаттау.

Абай, Мұқағали өлең, жырларын әнімен әрлеп, еселеп жеткізіп келеді. «Құлаққа сіңімді, жүректен тербейтін дауыс ол әркімге беріле бермейді, Тұрсынғазының әндеріне анализ жасасаң таң қаласың. Формасы, жан-жағы теп-тегіс жинақы, тура Европа композиторларының классикалық шығармаларының құрылысындай. Мелодиясы көңілге өте жағымды»-деп дарынды композитор Теміржан Базарбаев айтқандай, сазгердің қазақы бояуымен, құлаққа жағымды әндері көпшілік көңілінен орын алған өнер туындылары.

Тұрсынғазы Рахимовтың қаламынан туған «Қазағым-ай» - әніне сипаттама берген әдебиет, өнер зерттеушісі Төкен Ибрагимов әннің көтеріңкі көңілдің шаттықты, ұранды үніне толы, мұндағы қазағын тәңір тұтқан, соған ақ көңіл, пәк пейілмен құлай табынған, шексіз көңілмен сүйген, сыйынған, өзекте барды ақтара арнаған әрі мұңдасқан асқақ сезім, аяулы құрмет бар, соны әспеттеген өзек өнерінің демі, ыстық тынысы барын айтады. Қазағым ең жақыным, ең ардақтым- деп тыңдаушының көңілін көкке көтеріп сүйсіндіреді, масаттандырып, серпілтіп, сергітіп, мақтандыратынын айтады. «Аякөз- ару», «Отыздан асып барамын», «Дариға, домбырамды берші маған», «Батыр бабам Қабанбай», «Дұшпаным барма дейсің?», «Семейім менің», «Еркежирен», «Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін», «Ғашықпын» жэне тағы да басқа музыкалық шығармалары ел жүрегіне жол тапқан.

Тұрсынғазы Рахимовтың «Нені аңсаймын», «Сәби болғым келеді» жинақтары жарық көрді. Бұл жинақтарда әр жылдары жазылып, ел арасына кең тараған, шынайы сезім, шеберліктен туындаған табиғат, өмір, жастық шақ, махаббат сырына арналған әндері топтастырылған. Нәзік ырғақты, сазды, әсем лирикаға толы әуен құдіреті тыңдаушысын елітіп, ғажайып тылсым күйге бөлері анық. Жинақтарда әндер нотасымен және оған қоса өлең-жыр жолдарымен берілген және автор туралы өнер сыншыларының, журналистердің, сазгер, ақындардың жазған туындылары орын алған.

Түрсынғазы Рахимовтың өнеріне тәнті болған Ақаш Көксегенов:

Дүлділісің, сен әннің пырағысың.

Жарқыратар көңілдің шырағысың.

Өскен елдің өнерін орман десек.

Сен Шығыстың ерекше шынарысың!- деп арнау жазған.

Бұл мақаланы жазып отырғандағы мақсатым: Шығыстан жарқырап шыққан жарық жұлдыздардың бірі -Тұрсынғазы Рахимовтың хас өнерін, әнін дәріптеп, келешек ұрпаққа таратып, ел арасына кеңінен жаю. Сазгердің қарапайымдылығына, өнеріне тәнті бола отырып, «Астана, Алматы сахнасында өнерін паш етіп жүрсе ендігі «Қазақстанның халық әртісі» болар ма еді? -деген ойға қаласың. Десекте: Бағлан Данияров айтқандай- «Шын өнердің, шындықтың сері көңілді, дархан мінезді, арының құлы, халқының ұлы» -Тұрсынғазы Рахимов - өнерімен, әнімен шығармашылық тұғырынан таймай, алғы күнге аршындай қадам берері сөзсіз.

Махамбетова А.М. Ән –көңілдің ажары // Педагогика және өнер. -2014. -№3.-42-44 б.