Ертістің «Ерке жирені»

Сексенінші жылдардың соны болатын. «Павлодар қаласына Семей өңірінің бір топ өнерпаздары концерт қоя келіпті» деген хабарды естіп, бүйрегім бүлк ете қалды...

Алты жүз адам лық толған Мәдениет үйінің сахнасында Абай әндерінен бастап, Арқаның, халық композиторларының небір классикалық туындылары кезегімен шырқалып жатты...

Концерт жүргізуші: - Сахнада семей облыстық филармониясының әншісі, талантты сазгер Тұрсынғазы Рахимов деп хабарлады. Есімі ел ішіне көп таныла қоймаған бойшаңдау қараторы жігіт ортаға шығып, жиналғандармен бас иіп әлдилеген Естайдай ән еркесінің еліне келгенде, өзіңді сазгер деп таныстырған бір түрлі ыңғайсыздау екен,- деді әзіл-шыны аралас. Сөйтті де, көп бөгелместен қара домбырасын күмбірлете қағып, орындалатын әннің қайырмасын бір қайырып жіберді де, көпшілік бұрын-соңды көп естімеген әуезді бір әнді шырқай жөнелді. Дауысы таңғы ауадай тұнық, әннің әрбір сөзін нықтап, анық айтады екен.

...Сәби болғым келеді-ау, сәби болғым,

Сәбиі жоқ ананың құшағында...

Ән баяулап барып аяқталғанда залдағы ел бір сәтке сілтідей тынып қалды. Кенет, селт етіп ұйқыдан шошып оянғандай, ду қол шапалақтап жіберді. Әнсүйер қауымның тарапынан «Әй, азамат! Ой, жарайсың!» деген қазақ халқына ғана тән қолпаштау мен қолдаулар да айтылмай қалған жоқ. Сол жолы Тұрсынғазы төл туындыларының ушеу-төртеуін орындап, қасиетті өнердің бағасын білетін павлодарлықтардың сезімін селт еткізіп, зор ықыласына бөленген болатын.

«Сәби болғым келеді...»

1951 жылдың 10-қазаны. ҚХР-дың Дөрбілжан ауданына қарасты Орқашар тауының бөктерінде күзеуде отырған Рахымның Төлеубайының шаңырағын шаттыққа бөлеп, дүниеге шыр етіп сәби келеді. Табиғатынан өзі әнші, суырыпсалма арқалы ақын Төлеубай мұның алдында туған балалары Ерғазы, Дүйсенғазы, Серғазыларға ұйқастырып, жас нәрестеге Тұрсынғазы деп азан шақырып, ат қойыпты.

Төкең аса ауқатты болмаса да, отқа қарап отырған жан емес болатын. Ойдағы-қырдағы ниеттес-тілектес ағайынға ат шаптырып, перзентінің шілдехана тойын да тойлайды. Жайлаудан жақында ғана түскен бағланның балдай етіне тойып, сары қымыздың буына қызып алған ағайын да ақ тілегін аяп қалмаса керек. Бірі дүниеге келген сәби, кешегі ел қорғаған ержүрек бабаларымызға тартып батыр болсын десе, енді бірі жауырыны жерге тимес палуан, әйтпесе шаршы топта шашасына шан жұқтырмас жүйрік ақын болсын,- деп біраз даурығысқан көрінеді. Сол күнгі шілдехананың көрігін қыздырған куәгерлердің өкінішіне орай, Тұрсынғазыдан жаужүрек батыр да, ақиық ақын да, тіпті Қажымұқанға ұқсаған палуан да шықпады.

Есесіне, араға аттай жиырма сегіз жыл салып, 1979 жылы Кеңестік Қазақстанда, қасиетті Семей жерінде тұңғыш рет, ғажап ән жазды. Ол Алаштың ай маңдайлы ақындарының бірі Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді» әні болатын. Ол әннің сәтті шыққандығы соншалық, бүгінгі күнге дейін, яғни отыз жыл бойы қазақ дейтін сал-сері һәм ақын халықтың аузынан түскен жоқ. Тойының көркіне, өзегінің өртіне айналды. Сәбиі бар аналар осы әнді айтып бесіктегі бөбегін тербесе, бір балаға зар болған мұңлықтар осы әндер арқылы жаратқанға жалбарынып, көкірегіндегі арыз-арманын, мұң-шерін жеткізді. Сонымен қатар бұл ән, жарық дүниемен ерте қоштасып, ішінде ат басындай арман кеткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты екінші мәрте дүниеге әкеліп, қазақ дейтін қарға тамырлы халқымен қайтадан қауыштырды.

Иә, осы тектес бір ән әкелсе ісініп-кебініп, кеудесіне нан піскен талай сазгерді көргенбіз. Сырттай сазгерлігіне, табиғи талантына сүйсіне жүріп, бетпе-бет жүздескенде бойындағы пенделігінен, қара басынан әріні ойлай алмас пасықтығынан жерініп, жиіркенген кезіміз де болған.

Ал, ҚР мәдениет қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, актер әрі әнші-сазгер Тұрсынғазы Рахимов осы уақытқа дейін елу жеті ән жазса, соның қырық бірін Мұқағалидың сөздеріне жазыпты. Ән болғанда да жүрдім-бардым айтылып, аттың жалы, түйенің қомында, құлықсыз тыңдай салатын әндер емес. Әр әуеннің әуезі, сыры мен сымбаты, дүниеге келу тарихы бір-біріне бергісіз, біреуі біреуіне ұқсамайды. Бұл сонда жай әншейін кездейсоқтық па, болмаса сазгер тек қана Мұқағали сөздеріне ән жазамын деп өз-өзіне серт берген бе? Бір ғана ақынның өлеңдеріне осынша ән жазғаны ескеріліп, ән әлеміндегі Гиннестің реордтар кітабына екі адам енетін болмса соның бірі, әйтпесе бірегейі осы Тұрсынғазы боларына күмәнім жоқ. Ойымды онға, санамды санға бөлген көкейімдегі осы бір сауалды сазгердің өзіне қойғам.

Ақынның сырқаты

Жалпы, Түкең табиғатынан сөзге сараңдау, мақтаншақтықтан ада, өтірік-өсегі жоқ, сәби мінезді аңқау адам. Осы мінезін білетін өнер саласындағы аралас-құралас жүргекн құрдастары мен жора- жолдастары оны «Қожанасыр» - деп қалжындасып та жатады. Оған бола Түкеңнің шамданып немесе әлдекіммен кеңірдек керіскенін көрмеппін.

-Сонымен, сіз үшін Мұқағали кім? Әрине, Мұқағали тақиямызға тар келіп тұрған жоқ. Ән жазам десеңіз бұл қазақта Абайдан бастап, бүгінгі күнге дейін өлеңмен өрнек салған ақын көп емес пе? –дедім. Мұндай тосын сауалды күтпеді ме, сәл тосылыңқыраған сазгер, өткен күндерінің көңіл күнделігін ойша парақтағандай, бір нүктеге қадалып үнсіз отырып қалды.

Сосын, сәл жымиып қойып, «Мен, Мұқағалидың сарқытын ішкем» - деді.

Мен ештеңе түсінбедім де, сарқытын ішкені несі, қалайша, қай жерде? – дедім амалсыз. Ол әңгімесін әріден бастап кетті.

-Кез келген өнер адамдары секілді мен де бес жасымнан қолыма домбыра ұстап, ән айтуға керемет құштар болдым деп, өтірік көлгірсімей-ақ қояйын. 1964 жылы біз тұратын Аягөз ауданына белгілі әнші Жүсіпбек Елебеков концерт қоя келді. Жарықтық Жүсекеңнің домбыра тарту, ән орындау мәнері бөлек еді ғой. Сахнада отырысының өзі бір сыр мен сымбат болатын. Ес білгелі тірі әншіні көргенім осы. Ол кездердегі ел аралайтын әнші-жыршы, өнер адамдары шалғай ауылдарға бармай, көбіне-көп орталықтан қайтып кететін. Байқаймын, ауылдастарымның қуаныштарында шек жоқ. Несін айтасың, сол күні көңілдерді қуаныш кернеп, жүректерді ән тербеген ғажап кеш болды.

Өзге елді білмеймін, дәл сол күні он үш жасар менің жұдырықтай жүрегіме шоқ түсті. Ол шоқ келе-келе өзегімді өртеп, айықпас дертке айналды. Әйгілі әншінің әсем әндерінің әсер еткендігі соншалық, ешкімнің көмегінсіз-ақ домбыра тартып,ән айтуды үйреніп алдым. Ол кезде теледидар, магнитофон деген дүниелер қат. Үйретушім де, үгітшім де жалғыз ғана қазақ радиосы болды. Сол радиодан анда-санда берілетін қазақ әндерінің біразын санама сіңіріп, кем-кетігін тағы бірде қайталап тыңдап, екі-үш жылдың көлемінде әншілік өнерді өзімше әжептәуір меңгердім.

Аягөз ауданының біз тұратын Тарбағатай ауылынан жеті-сегіз шақырым жерде қойшылардың қыстауы бар. Әкемнің мал бағатын інісі жыл сайын сонда қыстайтын. Бірде, 1967 жылдың ақпан айы болса керек. Алматыдан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы ағайым Ерғазы келіпті деп естігесін, үлкен үйдегі сал-күреңмен салдыртып отырып көз байлана бере қыстауға бардым. Біздің қазақтың даладай дархан пейілін өзің білесің ғой. Дастарханды тойдағыдай жайнатып, қазанға етін қайнатып дегендей үй иелері мәз-мейрам.

Төргі бөлмедегі жер үстелде екі адам отыр. Бірі – өзімнің қамқоршым, ақылшым бола білген Ерғазы ағайым да, екіншісі – бұрын-соңды көрмеген маңдайы кереқарыс, еңгезердей қазақ. Ол кездерде ақын-жазушы дегендеріңіз шаш қоятын үрдіс бар болатын. Екеуінің де шаштарының өрескел өскендігі сонша, кәдімгі арыстанның жалындай. Көптен көрмеген ағайымның мойнына асыла кеттім. Амандасып болған соңтөрде отырған серігін нұсқап:-Мына кісі менің досым, қазақ халқының мүйізі қарағайдай ақыны Мұқағали Мақатаев. Менімен бірге Аягөз жеріне қыдыра келді,- деді.

Ақпанның саышұнақ аязынанүйге кіріп, біраз бой жылытып алған соң, «Ағаларыңа ән айтып бер»- деп, жеңгем домбыра ұсынды. Үнемі осы үйдің төрінде тұратын қара домбыраны бұрын да бірнеше рет шерткем, өте шешен сөйлейтін. Күйін келтіріп ап, Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Мәдидің «Қаракесек», «Қарқаралы» әндерімен қатар Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін айтып бердім.

Осыған дейінгі орындаған әндерімді жай ғана самарқау тыңдап қабырғаға сүйеніп отырған ақын, Қасымның әнін естігенде ұйқысынан шошып оянған адамдай, басын шалт көтеріп алды. Ұзақ жолдан келгендерімен манадан бері аздап алғандары бар екі жолаушы да шаршаңқы көрінген. Кенет, Мұқағали ақынның екі көзі шоқтай жайнап, «Апыр-ай! Қайран Қасымым-ай, бар екенсің ғой?»-деп, дауысы да жарықшақтанып кетті. Сөйтті де, оң жағында отырған маған бар денесімен бұрылып: «Тұрсыжан, осы әніңді тағы бір орындап берші» - деді. Өзі менің келіскен келіспегеніме қарамастан, алдында тұрған «Вермут» виносын қырлы стақандарға толтыра-толтыра құйды да, Ерекеңе қарап «алып қояйық» дегендей ишара жасады... Ол кезде «Вермутты» бүгінгідей «вино»- деп әспенсітпей-ақ, қызыл арақ дейтін.

...Сол кеште қазақ халқының ақын-жазушылары жайлы, әсіресе Қасым Аманжолов жайында біраз әңгіме айтылды. Сол кеште мен Қасым ақынның «Өзім туралы» әнін Мұқаңның өтініші бойынша сегіз мәрте орындап, әбден шаршадым. Бірақ, Мұқағали дастархан басында отырғандарға қаратып, «Мен білсем, болашақта мына ұлдан үлкен әнші шығады, қазіргісі «құлын дауыс» - деп, маған үлкен баға берді. Ақынның бір ауыз сөзі маған қанат бітіргендей болды.

Сөйтті де, ақын өзінің алдындағы қырлы стақанына толтырып қызыл арақтан құйып, "Мә, мынаны тартып жібер, ағаларыңның абыройын берсін"- деп маған ұсынды. Мен сасқалақтап, үйдегілерге қарап едім, ағаларым да, жеңгем де, «Мұқаң дұрыс айтады, қолын қайтарма»- дегендей бастарын изесіп, қоштағандай сыңай танытты... Сөйтіп он алтыға шығып, өзімше ауыл серісі атанып жүрген бозбала шағымда, ойламаған жерден, өмірімде бінінші рет ақиық ақын Мұқағалидың сарқытын ішкенім бар – дейді. Сазгер Тұрсынғазы.

Мүмкін содан да болар, ең тұңғыш туындымның Мұқағали сөзінен бастау алғандығы. Күнделікті күйкі тірліктен шаршап -шалдығып, әлде неге мұңайғандай болсам, қолыма Мұқағалидің кітабын алам. Ондай сәттерде Мұқағалиға мұңымды шағып мұңдасып, сырымды айтып сырласам. Өзге ақындардың да өлеңдеріне жазған әндерім бар. Бірақ ол туындыларым бір төбе болса, мен үшін жарықтық Мұқағалидің орыны ерекше.

Сазгердің сыры

Сазгер Теміржан Базарбаев, Жүсіпбек Елебеков сынды сахна саңлықтарын өнердегі ұстаздарына балап, айырықша құрметтейтін көрінеді. Арманы – сазгердің жүрегінен шыққан қырық бір әннің тым болмағанда біреуін, ақиық ақынның тыңдай алмай кетуі.

Бір таңданарлығы, Тұрсынғазының әуезді әндерін орындап, елге танылған көптеген әншілер мемлекет тарапынанәр түрлі атақ-абырой мен марапат-мақтауларға ие болып жатқанда, сол әнді дүниеге әкелген сазгер үнемі назардан тыс қала беретін көрінеді. Осы құбылысқа сазгердің аздап болса да, жүрегі сыздайтын секілді. Бірақ, қайсыбіреулерге ұқсап өкпе-реніш айтып, ұсақталып, сыр білдірген жоқ.

Бірде, Семей қаласының «Құметті азаматы» деген атаққа Тұрсынғазы Рахимовтың кандидатурасы ұсынылады. Жарықтық атақ-мансап кім-кімге де ыстық қой. Біраз адамдар осы атақтан дәмеленіп, додаға ат қосыпты. Жеме-жемге келгенде неше жылдан бері жанында жүрген қайсыбір іші тар, «жолдассымақтары» жабылып жүріп, сазгерді сүріндіріп тынады. Осы бір жайсыздау оқиғаны есіне алғанда: «Мен осынау өмірде ересектердің қолымен жасалып жататын қулық-сұмдықты, өтірік пен өсекті көріп, екіжүзді пенделермен жүздескенде мынау жалғаннан түніліп кетем. Сондай сәттерде ешнәрседен бейхабар, ешнәрсеге былғанбаған бейкүнә сәби болғым келіп кетеді»,- дейді сазгер терең күрсініп.

Әнші-сазгер Тұрсынғазының өзге әндері мен өмірі жайлы айта берсек әңгіме жетіп артылады. Мәселе сазгердің дүниеге келген әрбір әнін талдап, олардың шығу тарихына тоқталып, тәптіштеу немесе өмірбаянын, жанұясын жариялау болмаса керек. Оның әсем әндерінің бағасын да, баяндылығын да әнсүйер қауым өзі айта жатар.

Тұрсынғазының Ақсуат өңірінен шығып, талай-талай аламан бәйгелерде олжа салған әйгілі жүйрік атқа арнап жазған «Ерке жирен» атты әдемі әні бар. Сол жануар кезекті бәйгеден оза шауып, маңдайы жарқырапкелгенінде ауылдастары шуласып-шұрқырасып кеп, ат бапкерін құттықтап, сүйінші сұрайды. Сонда, аты бәйгеден келген бапкершаттықтан жарылардай қуанып, көзіне жас алып: «Рахмет, айналайындар! Ерке жиреннің әперген абыройы баршамызға ортақ», деген екен. Сол өлең ұмытпасам:

-Деп бапкер көзін сүртті жеңіменен,

Шаттанып жас балаша еліменен.

Бәйгеден жаңа келген жирен атты,

Құшақтап сүйе берді теріменен...

Ерке жирен, Ерке жирен – деп аяқталатын. Иә, бапкер мен жүйріктің маңдай тері төгілмей, бәйгенің ауылы көрінбейтіне белгілі...

Өнер өлкесінде, оның ішінде сазгерлік салада маңдайы жарқырап, бәйгеден келіп жүрген санаулы жүйріктің бірі Тұрсынғазы екендігінде дау жоқ. Ал, оның бапкері қашанда халық екені де баршамызға мәлім. Ендеше, Тұрсынғазының абыройы бүкіл Шығыс еліне, қала берді барша қазақ халқына ортақ.

Қазан айының 10-шы жұлдызында 60 дейтін асқар белге ту тігіп отырғакн саңлақ сазгерге: «Еліңді сазды әуендеріңмен әлдилеп, қуанта бер, Ертістің Ерке жирені» дегіміз келеді...

Құсанбаев Серік. Ертістің «Ерке жирені»//Ертіс өңірі. – 2011. -26 қазан. – 7 бет.