«Қарагөз»

Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын сахналамаған театр республикамызда жоқ десе де болады. Бірақ олардың әрқайсысы қойылымды басқаша бейнелеуге күш салады. Әр режиссердің өзіндік қолтаңбасы, бет-бағдары, спектакльді жаңа қырынан көрсетуге деген талпынысы бар. Семей облыстық Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры қойған «Қарагөз» трагедиясын көргенде осындай ойда қалдық.

Театрдың бас режиссері, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев та спектакльге жаңа рең, өзгеше сипат берген. Бірін-бірі құлай сүйген ару Қарагөз бен әрі батыр, әрі сал- сері Сырымның қосылуына сол кездегі феодалдық дәстүр кедергі болады. Міне, спектакльді қоюшы режиссер Е.Обаев осындай «ер басына бұғау, қыз басына кұрсау» уақыт тынысын жүзі суық құрсау шынжыр арқылы бейнелейді. Бұл тек жас күштердің ғана емес, сонымен бірге бүкіл ел басына төнген қасірет. Сахнада қара жамылып жүрген ұл-кыздар осыны меңзейді. Спектакльдегі режиссерлік шешімдердің бірі - осы.

Режиссерлік шешім демекші, айта кету керек, спектакльдің өн бойынан байқағанымыз - Қарагөзге деген Сырым мен дәулеттілер өкілі Наршаның махаббатын таразылай келгенде соңғысы басымдау жатқандай әсер береді. Мұның өзіндік дәлел-мотивировкасы да бар - аузы алты қарыс, айтқаны екі етілмейтін Наршаның Қарагөзге келгенде күбіртік күн кешуі, Сырымның көзін толық жоюға мүмкіндігі бола тұра оны арашалап қалуы, «осыдан Қарагөз кететін болса менің де өмір сүруім екіталай» деп күйзеле тебіренуі осының айғағы. Нарша бейнесін кейіптеген Есмұхан Обаевтың ойы осы мақсатты орындап шыққандай. Қарагөзге жан-тәнімен берілген, қолында билігі, күші бар Нарша кей сәттерде әлсіздік көрсетіп те алады. Актер оның бұл шарасыздығын Қарагөзге деген терең сезімінің әсері етіп көрсетеді. Спектакльдегі Қарагөз бейнесі де жаңа қырынан көрінген. Бұл бұрынғы ұяң да биязы, күші тек көз жасына жететін Қарагөз емес, жаңа типтегі, өз еркі, бас бостандығы үшін күресе білетін, еті тірі ару. Дегенмен, еркетотай боп өскен ол мынадай әділетсіздікке, заман ауыртпалығына шыдамайды. Оның ерік-жігері өз басына түскен қайғы-қасіретке төтеп бере алмайды. Нәзік те иірімі мол қыз жаны оған дайын емес екен. Сондықтан да ол кұсаяықтан есінен айырылып, ақырында қайтыс болады. Ғашықтық дерті оны бұл дүниемен қош айтыстырады.

Қарагөз рөлінде ойнаған театрдың жас актрисасы Г.Аманжанова оны осылай кейіптейді. Ка­рагөз Аманжанованың бар бейілі Сырымда. Бірақ, Наршаның көкірегінен итеруге де бейіл емес. Оның бойынан кінә артатындай бір артық іс-әрекет таба алмай күйзеледі. Іштей өзінің де оған деген сезімі кет әрі емес екенінін мойындайтындай. Есі ауысып, жынданған кезінде де қорған іздеп Наршага тығылуы, оны құшып, мейірлене аймалауы осыны дәлелдей түседі. Аманжанова бейнелеген Қарагөз осындай тұлғасын күрделендіре түсуге күш салғаны жөн деген ұсынысымызды айтқымыз келеді. Актер Қ. Байжұманов кейіптеген Сырым жарқ-жұрқ еткен іс-әрекетімен, бірбеткей де ойлы бейнесімен көрермендер жүрегіне жол тапты. Бірақ көпшілік көңіліне әнші және ақын ретінде ұялап қалған Сырым -Байжұмановтың сахнада ән салмауы оның салмағын жеңілдете түскендей. Сахнада «Қаракөзайым» әні шырқалмай қалады. Ал, жалпы Сырым бейнесі ескі салтқа қарсы шыққан батыр, елін, жерін сүйе білетін үлкен жүректі адам, берген сертіне адал ер-азамат ретінде жақсы сомдалған. Бүкіл ауыл-аймақты өзінің өктем қаһарымен, ыңғайын таба білер ақылымен, оның бер жағында жасының үлкендігімен жасқап, жасқандырып отыратын, өз дегенін орындамай қоймайтын Қарагөздің әжесі Мөржан рөлінде ойнау оңай емес. Оның шегелей айтатын әр сөзін- де қандай күш жатыр десеңізші! Міне, осы қиын да қызықты рөлді бейнелеу Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Б.Мұхаметжановаға тапсырылыпты. Белгілі актриса кейіптеген Мөржан бейнесі қатал да қатыгез бәйбіше рушылдықтың жоғын жоқтаймын деп көбіне әділеттіліктен аттап, белден басып жіберетін, бірбеткей, өркөкірек жан ретінде көрермендер көңілінде қалып қойды. Сонымен бірге оның білмейтіні, сезбейтіні жердің астында. Қарагөздің айтар ойын алдын ала болжаған, ол оның арман-мұнын тыңдаудан бас тартады. Сырым мен Қарагөздің әкелері Жабай, (Қазак КСР халық артисі Ә.Жаңбырбаев) мен Жарылғаптың (Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі Б.Имаханов) мысын басып, оларды езінің уысында ұстайды. Міне, Б.Мұхаметжанова осындай күрделі бейнені ойдағыдай көрсете білген.

Екі қарама-қарсы бейне Асан мен Дулатты ойнаған актерлер - Ж.Құнанбаев пен Қазақ КСР- інің еңбек сіңірген әртісі Б.Сыбанов туралы пікір айту қажет сияқты. Екеуі де ақын, бірақ екеуі екі топтың жырын жырлап, сойылын соғады. Екеуі де әнші ретінде кейіпкерлерін жақсы сомдай білген. Олардың ән айтудағы шеберлігіне жұртшылык қол соғып отырды. Бірақ, Дулат рөліндегі Б.Сыбановтың кейде жеңге мен қайын арасындағы жарасымды әзіл-қалжыңды шектен шығарыңқырап, сайкымазақ күлкіге айналдырып жіберетін тұстары кеңілге коныңқырамайды. Түптеп келгенде бұл әрекет Сырым мен Қарагөз бейнесін әлсіретуге әсерін тигізері сөзсіз.

Спектакльдегі көрермен көңіліне жакын бейнелердің бірі - Ақбала бейнесі. Ол - екі жастың арман-тілегінің орындалуына қанатымен су сепкен қарлығаштай қол ұшын беріп, екі арада дәнекер болып жүрген тілекші жан. Спектакльде оның іс-әрекетіне разы болып, екі оттың ортасына түскен кезінде жаның ауырып, күйінішіне ортақтасып отырасың. Ақбала рөлін актриса К.Әбділдинова ойдағыдай орындап шыққан. Ол жас келіншектің ішкі жан-дүниесін дөп басып, оның бет-пішінін әсем динамика арқылы дәл жеткізе білген. Сондай-ақ спектакльде ойнаған Қазақ КСР халық әртісі К.Сәкиева (Текті), Қазак КСР-інің еңбек сіңірген әртістері М.Бактияров (Тойсары), Ш.Бахтиянова (бірінші әйел), актерлер Б. Ноғайбаев (Матай), Ш.Тойымбаев (Қоскелді), Т.Рахимов (Дәулеткелді), тағы басқалар өз кейіпкерлерін тәуір бейнеледі деп айта аламыз.

Жалпы алғанда артықтау кейбір детальдарының болғанына қарамастан, қойылым көрермендер көңілінен шықты. Әсіресе, режиссердің халыққа жақсы белгілі бұл пьесаны өзінше оқып, жаңа бір шешімдермен, өзгеше қоюға талпынысы көңілге қонады. Ал, оны қалай кабылдау әділқазы көрермендердің төрелігінде.

Дінәсілов Б. «Қарагөз». // Оңтүстік Қазақстан. – 1988. -26 мамыр. -2 б..