«Қайран, Майра»

Осыдан он шақты жыл бұрын жаздың жаймашуақ күнінде жұмыс аяғында серуендеп келе жатыр едік, Төлебаев пен Киров көшелерінің қиылысында Ғабит Мүсірепов ағамыз қарсы жолықты. Әлденені ойлап, толғанып келе жатқанын байқадық. Әншейінде көп сөйлемейтін, тұйықтау, маңғаз ағамыздың көңіл хошы келген сәтке дөп түскен болуымыз керек. Шерхан Мұртазаев екеумізді фонтанның жанына ертіп барып, жайғаса отырған соң, аты аңызға айналған Майрамен қалай кездескені жайында біз естімеген бір әңгіме айтты.

...Жиырмасыншы жылдардың басында Ғабең қызмет бабымен Керекуге (Павлодар) барады. Поездан кештетіп түскен жолаушылар қонақ үй таппай, арбакештің айтуымен бір қазақтың үйіне түнеп шыққан. Ертеңіне жуынып-шайынып, шайға отыра берген кезде дастарқан басына ақша маңдай, сұлу сымбатты бір келіншек бұрала басып келеді... Бұл келіншектің Майра екенін білген соң жас жігіттерде ес қалмайды. Қолқалап домбыра тартқызады. Сонда Ғабең Майраның сүйрік саусақтарының домбыра сағасында билей жөнелгеніне қайран қалған... Ия, ия, «билей жөнелді» деп өнерді нәзік түсінетін Ғабең қайталап айтып отырды.

Жазушылығына қоса журналистік қабілеті қабат дамыған Шерхан ағамыз: «Ғабе-ау, мынауыңыз даяр әңгіме ғой, жазсаңызшы, біз-ақ басайық» деп жедел ұсыныс айтқан. Жазушы: «Солай ма?» - дегендей бетімізге бір-бір қарап: «Байқап көрейін» деп кеткен еді. Көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетінде Ғабеңнің «Қайран, Майра» деген тамаша әңгімесі жарияланды, оны бәріміз ынтыға оқыдық. Бұл тақырып композитор Еркеғали Рахмадиевті де толғантқан болу керек, Ғабеңе драма жазуға түрткі болды деп естігенбіз. Оны Семей облыстық музыкалық драма театры қойғанынан да хабардар едік. Енді, міне, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған сол спектакль Алматы жұртшылығының сарабына түсіп отыр.

Республикалық Жасөспірімдер мен балалар театрының кең залы көрерменге лық толы. Мұның сыры неде? Астанада не көп, кинотеатр көп, бәрінде де советтің және шетелдің көз қызықтырар фильмдері жүріп жатыр. В.И. Ленин атындағы Сарайда - француз әншісінің концерті, телевизияда - дүниежүзілік Олимпиада ойындары... Облыстық театрдың бұл спектакліне астана жұртшылығының осынша үйіліп-төгіліп келуі - бір жағынан қуантса, бір жағынан ойлантатын жағдай. Әрине, театр басшыларының ұйымдастыру қабілетіне талас жоқ, дегенмен табыс сыры - тақырып сонылығында, сол тақырыпты қолға алып, сахнаға шығарған авторлардың көрермен қауым алдындағы беделінде. Бізде опера, драма жанрлары едәуір дамығанымен музыкалық драма жанрының кенжелеп қалғаны жасырын сыр емес. Көршіміз Өзбекстанда бұл саланы өркендетіп жатқан бірнеше театр бар. Ал күллі сахна өнері музықалық драмадан басталған Қазақстан астанасында осы бағыттағы бірде-бір театрдың жұмыс істемеуі өкінішті-ақ. Ал қазақ көрермені көңіл толқытар оқиғасы, әзіл-оспаққа кұрылған ситуациялары мол, әні, биі аралас спектакльге алдымен баратыны баяғыдан мәлім.

Бұдан жиырма-отыз жыл бұрын Семей театры бірыңғай драмалар қоятын. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» атты пьесасында ойнаған актерлерді де көргенмін. Шетінен ығай мен сығай еді. Бүгінде олардың көбі сахнада жоқ. Сол кездегі орта буын актерлер қазір «ақсақалға» айналған да, репертуарды көбінесе жастар алып жүр екен. Театрдың музыкалық драма бағдарына ауысқаны қандай жақсы болған, труппаға кейін қосылған актерлердің бәрі дерлік ән айтады немесе би билейді. Және оркестр, бишілер тобы, хор бар! Яғни, Майра туралы спектакль бұл театрдың оң жамбасына дәл келген.

Биыл ғана Қазақ КСР халык артисі деген жоғары атаққа ие болған Есмұхан Обаев көпшілік сахнасын ұтымды ұйымдастыра алатынын, халқымыздың салт-дәстүрін жақсы білетінін аңғартқанды. «Қайран, Майра» спектаклінде де режиссер осы артықшылығынан ажырамаған. Шымылдық ашылғанда біз көп адам жиналған сахнаны көреміз. Ертіс жағасында тоқтап тұрған пароход маңайында жүрген топ осы өлкенің үлкен әкімі - губернатордың келуін күтуде. Суретші Р.М. Рахжанов арғы жағалаудағы үйлерді, толқыған Ертіс суын, аса зор пароходты сырттай қарағанда аядай көрінетін сахнаға сыйдырумен бірге бер жағынан жастар ән салып, би билейтін орын да қалдырған. Ортада - Жақан болыс (Қазақ КСР халык артисі Ә.Жаңбырбаев), оның інісі Есет (артист Т.Рахимов). Жақан осы жерде «өз халқының» ән-жыры арқылы губернатордың назарына ілініп қалмақ. Қазақ КСР халық артисі Б.Имахановтың ойнауында губернатор бұратана халықты меңсінбейтін топас шовинст емес, қайта қазақ халқының өнерлі еліне тәнті болған, зерделі, зиялы әкім, Пушкинді, Лермонтовты, Гетені аударған Абай еңбектерімен таныс екенін, әсіресе, дала жұртының әншілік өнеріне танқалатынын айтады. Революцияға дейінгі өмірді бейнелейтін спектакльдерде біз көбінесе менмен, топас, мундиріне сыймай сіресіп қалған патша әкімдеріне көзіміз үйренсе, мына губернатордан адамшылық, пендешілік белгілерді байқадық. Б.Имахановтың жүріс-тұрысында, сөз саптауында әсемдікке, музыкаға құмартатын шенеуніктің сипаты бар. Губернатор Омбыға жүрер алдында тағы бірер ән тыңдамақ. Осындайда көзге көрінгісі келген Жақан болыс Есетке бұйрық береді. Есет бұйрық берілмесе де аңыратып ән салуға икем жігіт. Ол салған дала әндерін губерна­тор опералық арияларға балайды. Ал қыр қазағы орыстың халық әні «Волга бойынданы» айтқанда тіпті аузын ашып қалған...

Топ ішіне Майраның келуі өзінше бір жеке той. Есеттің қарсы алуынан-ақ біз екеуінің араларында айтып жеткізгісіз сезім бар екенін аңғарамыз. Бірақ Майра жеке басының қамымен жүрген адам емес, халық қалаулысы, жиын-тойдың сәні, әні. Актриса М.Құсайынова Майраның өр тұлғасын, ешкімнің алдында кұрак ұшып, басын иіп төмендемейтін, өз өнеріне ғана сыйынатын тәкаппарлығын нанымды жеткізген. Ол «ән айт» десе бұлданып тұрып алмайды, халықтың қалауы бойынша қажет әндерді орындай береді. Әрине, ең алдымен «Қызы едім Уәлидің атым Майра»... Бұл әннің аяғын көпшіліктің қосыла көтеріп әкетуі де жарасымды, Себебі Майра сол әнімен халық ықыласына бөленген, музыка тарихында аты қалған өнерпаз. Артынша орыс әнін айтып губернаторды таңқалдыруы, осы жиынның аяғы биге, хорға айналуы режиссер қоюында әдемі жарасымын тапқан. Майраның жүрген жері ойын-сауык, той ғана емес. Майрадай ел еркесін, ән серкесін көре алмаушылар, өнеріне, сұлулығына көз сүзушілер кезінде көп болған. Солардың бірі Жақан болыс оны сүйген жарынан ажыратады, Есетті жазым етеді. Актриса Құсайынова Майраның шат-шадыман кезін ғана емес, мұңайған, торыққан тұстарын да әсерлі бейнелеген. Ол өмірден жар қызығын, бала қызығын көрмей өтсе де әсем әнімен, сұлу сәнімен халық жүрегінде қалған жан. Спектакль авторлары шынайы өнердің өлмейтінін, өнер жолында өмірді де қиюға болатынын баса көрсеткен.

Жалпы, мұнда актерлар ансамблі жақсы іріктелген. Ән айтатын, билейтін топ та оқиғаға араласып, жалпы көңіл-күйді айқын береді. Майра мен Есеттің айналасындағы тілектес адам Нәзипа роліндегі Ә.Байырбекова, Шәрбануды ойнаған Б.Мұхаметжанова, Бекені бейнелеген Б.Сыбанов сахнаны жандандырып, көрік беріп жүр. Ең бастысы - оркестр мен орындаушылар ойдағыдай орнын тапқан (дирижер С. Неизвестных, концертмейстер О.Бекболатова). Оркестр мен хор жеке дауысқа қосылғанда да, «Сырғалы жеңге» әуенімен шырқағанда да тыңдаушыға әдемі әсер қалдырады. Театрдың «музыкалық драма» деген атын хор мен оркестрдің жоғары ұстап тұрғанын бөліп айтқан жөн. Меніңше, «Қайран, Майра» спектаклі көрермен көкейінен шыққан деп сеніммен айтуға болады. Семейліктер осындай қызық оқиғалы, әні, биі аралас музыкалық спектакльдерді көбірек қойса, қай уақытта да көрермен ықыласына бөлене береді деген сенім зор.

Тоғысбаев Б. «Қайран, Майра» // Социалистік Қазақстан. -1988. -14 ақпан. -3б