Ерке Жирен шабысы бөлек тұлпар еді...

Жылқы – төрт түліктің патшасы! Әр адам өзінің көргенін, естігенін жазады. Мен естігенімді жазбақпын. Тарбағатай ауданы халқы жылқыға құмар, текті жануарлардың тарихта қалғаны қаншама. Ақсуаттың аусынан ба, суынан ба, топырағынан ба, ежелден жүйрік жылқылар көп шыққан. Тарбағатай, Өкпетінің шүйгін шөбінен нер алып, Қарғыба, Боғас, Талды, Базар өздерінен қанып су ішкен жылқы осал болмас. Желдіқара, Доланқара, Майлышат жондары – ерте заманнан жылқының жайылымы. Байыс бабамыздың маңғырған жылқылары жұттан аман қалған жер. Атақты Ұлан-Бұланның санау бермейтін сан үйірі су ішіп, отаған өлке. Талай тұлпардың ізі қалды, талай арғымақтың тері төгілді. Қаракерей Қабанбай батырдың Қубас аты – осы Ақсуат жерінде, Тарбағатай терінде өскен құлын. Арда еміп жүрген жерінен екен. Отыз сегіз жыл серік болған тұлпар Қабанбай жырында айтылады Ауылда Қубас аталатын кезең бар, батырдың қартайған шағында жан тапсырған жері. Қартайып, тұра алмай жатқан Қубас аяп, Би Боранбай атамыз: «Бұл аруақты тұлпар ғой, қасынан топ жылқыны айдап өтіңдер, өзі ұмтылып тұрады, жеткен жеріне дейін шабар»,- деген екен. Айтқандай, қиқулаған дүбірді естіп, Қубас ұшып түрегеліп, дүбірге елігіп біраз жер шауып, Жағалбайлы биігінде жан тапсырған деседі. Сол Қубастың тұқымдары Ақсуат өңірінде өте көп. Бұл жер еш қоспасы жоқ қазақы жылқыларға бай. «Ат тұяғын тай басар» дейді дана халық. Расымен де солай.

Енді Ерке жирен туралы жазайын. Ерке жирен – 1981 жылдың құлыны. Тарбағатайдың төсі, өкпетінің етегі Майбастауда қазақы биенің қағанағын жарып шыққан текті тұқым. Ол кезде жылқы да, қой да, сиыр да жекеменшік емес, барлығы совхоздың иелігінде. Мал бағып отырған шопандарға, жылқышыларға үйірден құнан ұстап үйретіп мінуге рұқсат болған. Совхоздың жылқысы жуасысын деген ниетпен Қамза Байтілеуовтің жыл сайын совхоздың жылқысынан асау алып, үйретіп мінетін әдеті болғанды. Жылқы сұрап үйірге келсе, қондылауын бермей, әлек қылыпты. Қашаға сүйкеніп жүрген қотыр тайды ұсыныпты. Содан әлгіні ноқталап, «жаман болса да, осыдан бірдеңе шығады» деп жетектеп кете барады. Ай өтеді, күн өтеді. Ертегідегідей жаман құнан түлеп, жан біте бастайды. Тұлпарды желісінен танитын Қамза аға «әлі көрсетеді бұл» деп, сыртынан сүйсініп жүреді. Күндердің күнінде қамалып тұрған асау жылқы қашаны бұзып қашады. Дереу байланып тұрған Ерке жиренді жүгендеп, Қамза ағамыздың ұлы Оқас тұра қуады. Пай, шіркін-ай, десеңізші! Осы кезде жүйріктігі сыналып, асауды аттап бастырмай, қайырып әкелген екен. Жұрты жүйріктігіне көзі жетіп, таңдай қағысады. Осыдан бастап Қамза қарт Ерке жиренді баптай бастады, алыс-жақын жердегі жарыстарға апарады, қар үзіп келіп жүреді.

Ерке жирен алғашында ауданды мойындатады, алдына қара түспейді. Шабандозы Қанат (Өзен) деген бала үстінен түспеген екен. Тұлпардың көзден жас ағызатын,алдыңнан жел гулететін жүйрік екені алдымен Өзенге мәлім. Ерке жирен мәреден шыққаннан дара кетеді екен, сол беті жеткізбей, соңындағы жылқыларды тағы бір орап айналатынын ел аңыз қылып әлі айтады. Ауданнан танылып, атағы шыққан соң Абай ауданында М.Әуезовтің 90 жылдығына арналған республиканың түкпір-түкпірінен келіп қатысатын бәйгеге жол тартады. Міне, осы сәт – тұлпардың нағыз сыналған кезі. Әр өңірден іріктеліп келген 54 аттың ішіндек дара келеді. Еш жүйрікті шаңына да ілестірмейді. Сол кезде барлық жұрт тамсана қарайды, таңдай қағады. Тұлпар көрсе,қаны қызатын қазақ Ерке жиреннің маңайына жиналып, біразға дейін тарқамайды. Сол кезде аттың шабысын көрген, намысын көрген, тегін байқаған ақын Мерғали Ибраев жыр арнайды, оған белгілі сазгер. Әнші Тұрсынғазы Рахимов ән шығарады.

Ерке жирен туралы ел ағаларының да, біліетін, көрген кісілердің де пікірі бар. Дәстүрлі әнші, Ақсуаттың тумасы Еркін Шүкіманов «Қиян» ақпараттық сайтында былай дейді: «Ендігі бір сөз, осы жылқыға арналған әндердің ішіндегімен білетін соңғысы – Тұрсынғазы Рахимов ағамның «Ерке жирен» әні (бұдан басқа да мен білмейтін әндер шығып жатқан шығар). Бұл ән біздің Тарбағатай ауданының (Ақсуаттың) Қызылкесек деген ауылында ұзақ жылдар бойы алдында қара салмаған Қамза қарттың Ерке жирен деген атына арналып еді. Бала күнімде шопандартойына барғанда Ерке жиреннің шабысын бір көріп едім. 1987 жылы Жидебайда, нақты айтқанда Қарауылтөбеде, Мұхтар Әуезовтің 90 жылдығына арналған астың аламан бәйгесінде қара үзіп шығып, сол бойы алдына ат шығармай, 40 шақырымды айналып өтіп, мәреге бірінші болып келген еді. Сол кезде толқымаған жан қалмаған. Бұл Ерке жиреннің соңғы шабысы еді. Бұл көрініс осы ұлы тойдажүрген Тұрсынғазы ағамның да жүрегін тербеп, көңілін толқытса керек. Нәтижесінде «Ерке жирендей» ән дүниеге келді. Ол әннің сөзін сол аламан бәйгенің куәсі болған ақын Мерғали Ибраев ағамыз жазған еді. Ендеше, сол әннәң сөзін ұсынып көрейін. Оқырманды бейтарап қалдырмас деген ойдамын».

Ерке жирен

Шабандоз тақымдарын қатты қысып,

Ат кетті тұрған жерден атқып ұшып.

Артынан ақсақалдар салды ұран,

Тымақты оңды-солды лақтырысып.

Қаршадай тізгін берген жас балаға.

Қазақта бәйге десе ес қала ма?

Қамза қарт тәуекел деп күбірлейді,

Бұл тойға бір жиренін қосқан о да.

Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен.

Майлышат, Майлыаяқшат медет бер деп,

Бұл тойға келген еді Ақсуаттан,

Бапталған Ерке жирен себепкер боп.

Ерке еді құнанынан қолында өскен,

Тас қия Тарбағатай төрінде өскен,

«Жануар, мені жерге қаратпа!»,-деп

Қамза қарт қала берді көрінбестен.

Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен.

Бар мұнда Өскеменнен Киік қара,

Басқа аттан бітімі өзге, биік дара.

Бар мұнда Шұбартаудың Шаңтимесі,

Ат екенжал-құйрығы сұйық қана.

Бар мұнда Керекудің Кертөбелі,

Ат емес, өз елінде ертегі еді.

Жиналған кілең жүйрік елу төрт ат

Ауданнан озып келген ең төмені.

Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен.

Бапкердің атқа шапқан жалғыз ұлы,

Бар мұнда Қарағанды Нар қызылы.

Топ жарған Топай көгі Балқаш жақтың

Бұл тойға қосылыпты, ең қызығы.

Күлтелеп кекіл-жалын баптамаған,

Секілді сарыарқада ат қалмаған.

Шаң борап шабысынан шапқан аттың,

Бейне бір дауыл күні өрт қаулаған.

Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен.

Келерін көкірегіне ерте түйген,

Шорт қылып жал-құйрығын келте түйген.

Алыстан көрген көзді сүйсіндіріп,

Алдында келеді әне Ерке жирен.

Жұлдыздай соңғы айналым ағып келді,

Келгенін Ерке жирен халық көрді.

Көзіне жас іркілген Қамза қартқа,

Қалың жұрт «сүйінші» деп шауып келді.

Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен.

«Өзінше жүйрігі бар әр даланың,

Қызғанса озған атты – таңданамын.

Қызғанса озған атты – таңданамын.

Мұхтардай ұлы жанға арнағанмын»,

Деп бапкер көзін сүртті жеңіменен

Қуанып балаша мәз еліменен.

Құшақтап Ерке жирен мойнынан,

Иіскеді моншақ-моншақ теріменен,

Ерке жирен, Ерке жирен, Ерке жирен.

Қамза қарт өскен, Ерке жирен туған өлкенің ұлы, белгілі журналист Болат Мүрсәлім де ішкі тебіренісін білдірген екен: «Туһ, шіркін-ай! Қайран, Ерке жирен! Жұлдыздай ағушы еді. Көз ұшында бұлдырап кетіп бара жатады, артынан бір шоқ болып топтасқан өңге аттар жете бергенде, Өзен(шабандоз) тізгінді жібереді-ай! Содан Ерке жирен қайта ұшады я ағады су бетіндегі қағаз қайықтай. Өзеннің үстіндегі жасыл шыт киім өзгемен шатастырмайды. 25 шақырымдық бәйгеде өзге аттардан 3-5 шақырым алда келуші еді. Ерке жиреннің әр шапқанын ауылдың адамдары секундтармен санап жүруші еді. Ерке, ғажап жазыпсыз! «Ерке жиреннің» сөзін толық білмей жүруші едім. Осы арада қоса кетейік. Бұл – Ерке жиреннің соңғы шабысы емес. Екі жылдан кейін Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық тойында Ерке жирен қайта бәйгеге қосылды. Сол тойда болғандардың айтуынша, Ерке жирен тағы да қара үзіп бәйгеден бірінші келіпті. Сөйтсе, Қамза ақсақал мен Бошай Кітапбаев атамыз бәстесіпті. Бошай атамыз Құланқара, Бұланқар, Желмаяны (Ғ.Мүсіреповтің осы үш ат туралы очеркі бар) баптаған атақты атбегі емес пе?Бошай ақсақал мен Қамза ақсақал аттарын елден ерек 45 шақырымға жіберткізіпті деседі. Сол 45 шақырымдық бәйгенің көмбесінен өте бергенде, Ерке жирен аяғын кесе басыпты. Омақасып құлаған екен. Кейін аяғы шор болып бітіп, ауылда, Майлышатта жүрді. Қабанбайдың 300 жылдық тойы қарсаңында үш аяқпен шапқанын және көрдік. Бәйге десе елеңдеп тұрады екен ғой, жарықтық! Елге көрсету үшін ғана бір айналым шапқанда, тағы да қара үзіп келді. Содан соң, 1995 жылы, Абайдың 150 жылдығы қарсаңында Газ-53-тің бортына тиеп, Семейдің Малдәрігерлік институтына апарды. Ол жерде профессорлар операция жасап еді, әбден кешіккен екен.

Ерке жирен Майлышатта жүрді. Таң қылың бергенде, Күнге қарап қарсы алып, Күнді ұзатып салады екен. 1997 жылы қасқыр жеп кетіпті. Басы қазіргі Майлышаттың өте бергендегі төбеде тұр».

Осы пікірлердің көшін жалғап, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин де ой қосыпты: «Ерке жиреннің шабысын бала күнімізден естіп өстік қой.1993 жылы болуы керек, Қызылкесекте Би Боранбай бабамыздың 300 жылдық мерейтойында Тұрсынғазы рахимов ағамның ойнақтатып мініп жүргенін көрген едім. Жануар ол кезде бір аяғынан кем болып қалған екен. Бәйгеге шапқан жүйріктердіңдүбіріне елеңдеп тұрды. Қайран аламанның алдын бермеген тұлпарым-ай десейші! Қатты жаным ашып еді сол кезде.Ұмытылып бара жатқан тарихты жаңғыртқан Еркін мен Болат бауырларыма риза болып отырмын.Тіпті осы уақытқа дейін Ерке жиреннің менің атамекенім майлышатта болғанынан да бейхабар екенмін. Тұрсынғазы ағам мен марқұм Мерғали ағам біртуар таланттар ғой. Шындығында, Ерке жирен ақанның Құлагері сияқты тұлпар еді. Соны тап басып, тани білгендіктерінің өзі талантқа тән қасиет қой».

«Жақсы ат аяқтан кетеді дегендей», Ерке жирен аяқтан кетті. Баянауылда өткен Қ.Сәтбаевтың 110 жылдығында шалыс басып, аяғы ақсап мәреге жетпеді. Осыдан бастап оңалмай, Бәйге төбенің басын көрмеді. Қайран текті тұлпарым-ай, аруақты жылқым-ай! Текті тұлпар қартайып, Қызылкесек жайлауында жан тапсырды. Ауыл жұрты: «Тұлпардың соңғы тұяғы еді»,- деп күрсінді. Қамза қарт та өмірден өткен, артында қалған ұрпағы әлі күнге ат жаратып, бәйгеге қосып жүреді. Шабандозы Өзен де қазір үлкен жігіт, енді тақымына Ерке жирендей ат біте ме, бітпей ме, оны бір құдай біледі.

Қартов М. Ерке Жирен шабысы бөлек тұлпар еді...// Семей таңы. -2015. – 24 шілде. -7 бет.