АКЦИЯ от www.R3.ru - хостинг сайтов 72р. в месяц. Домен в подарок!

БАСТЫ БЕТ

Әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Тұрсынғазы Рахимовтың туғанына 65 жыл толуы қарсаңында «Ұлтының жаны мен жүрегіне айналған өнерпаз» тақырыбында 10 бөлімнен тұратын виртуалды көрме ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты: кітапхана қорындағы және сазгердің жеке қорындағы сазгер шығармашылығына байланысты мол материалдарды оқырман ортасына ұсынып, пайдаланушыларды семейлік өнерпаз Тұрсынғазы Рахимовтың өмірімен, шығармашылығымен кеңінен таныстыру, пайдаланушылардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру.

Жалпы көрмеге кітапхана қорында сақталған мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген 20-дан аса мақаланың толық мәтіні, басылымдар беттеріндегі және акындардың қойын дәптерінде жүрген сазгерге арналған арнау өлеңдері, түрлі фотосуреттер мен бейнежазбалар ұсынылды.

Пайдаланушылар көрменің «Әнге ғашық жүрек» бөлімінен әнші-сазгердің өмірі мен өнегелі өнер жолынан мол мағлұмат беретін республикалық және жергілікті басылым беттерінде жарық көрген мақалалардың толық мәтінін оқи алады.

Көрменің «Әндер тарихы» бөлімінен 2011 жылы «Ертіс өңірі» газетінің бетінде жарық көрген Қ.Сабырбайдың «Тұрсынғазы туындыларының тарихы» жайлы жазған мақаласынан сазгердің әр әндерінің тарихымен таныса алады. сондай-ақ, осы бөлімге сазгердің өзінің әндерінің тарихы туралы естелік сұхбатына сілтеме берілді.

"Актерлік қыры" бөліміне Т.Рахимовтың актерлік шеберлігі туралы басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар орналастырылып, ұстазы Есмұхан Обаевтың актерлік шеберлігіне баға берген естелік әңгімесіне сілтеме жасалды.

Ал сазгердің өз қаламынан туындаған газет беттеріндегі мақалалары көрменің «Өмірім – өнерім» бөліміне енгізілген.

Көрменің «Арнаулар» бөлімі сазгер шығармашылығына қалам тербеген белгілі ақындар Ұ.Есдәулет,С.Ақсұнқарұлы,Т.Әбдікәкімов, А.Мұхамедқалиқызы, Р.Алтай, А.Көксегеновтың, айтыс ақыны Д.Омарбаеваның арнау өлеңдері мен кітапхана жанынан құрылған «Поэзия бұлағы» жастар клубы мүшелері, кітапхананың тұрақты оқырмандары, студент-жастардың арнау өлеңдерін ұсынады.

Кітапхана қорындағы сазгердің кітаптары мен сазгер шығармашылығы жайында мақалалар енген кітаптар туралы мағлұмат көрменің «Кітаптар» бөліміне орналастырылған.

Виртуалды көрмені ұйымдастыру барысында пайдаланушыларға Т.Рахимовтың шығармашылығын танып-білуде ақпаратқа қолжетімділігін арттыру үшін бейнесюжеттер түсіру назардан тыс қалмады. Сазгер өмірінің соңғы күндерінің бірінде 2016 жылы 10 ақпан күні ақиық ақын М.Мақатаевтың туған күнінде кітапханаға арнайы келіп, өзінің ұстаздары Жүсіпбек Елебеков, Есмұхан Обаев,Теміржан Базарбаев сынды өнер майталмандары туралы және өнерде бірге жүрген Мәдениет Ешекеев,Болат Сыбанов сынды алдыңғы толқын ағаларынан көп нәрсе үйреніп, ұстаз тұтқандығы жайлы естелік әңгіме қалдырды. Өзінің артынан ерген шәкірттері жайлы сыр шертті. Өлкемізге танымал тұлғалар туралы құнды деректермен кітапхана қорын толықтыру мақсатында сазгердің естелік әңгімесі арнайы бейнежазбаға түсірілді. Осындай мақсатта дайындалған бейнежазбалардың бірі - 2016 жылы ақпан айының 18 күні Семей қаласында Абай театрында өткен Т.Рахимов атындағы ән фестивалінде сазгер туралы шәкірттерінен алынған естелік бейнежазба. Шара барысында сазгердің еліміздің әр жерінен келіп қатысқан шәкірттері дәстүрлі әншілер Жоламан Құжиманов, Еркін Шүкіманов,Ерлан Құжиманов, Берік Омаров, Алтын Смасейітова, әнші, сазгер Медет Салықов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Сарина сынды үлкен өнер иелерінен интервью алынды. Ұлтының жаны мен жүрегіне айналған өнерпаз, танымал тұлға жайлы кітапхана қорына жинақталған осы тың деректер көрменің «Бейнежазбалар» бөліміне орналастырылды. Сондай-ақ, осы бөлімнен әнсүйер қауым «Қазақстан-Семей» телеарнасының рұқсатымен орналастырылған сазгердің жеке қорынан алынған Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Тұрсынғазы Рахимовтың Абай әндерін орындауындағы «Құлақтан кіріп бойды алар...» телебағдарламасы мен сазгердің 2013 ж. түсірілген «Сәби болғым келеді» шығармашылық кеші көріністерін тамашалай алады.

Т.Рахимов дүниеден өткеннен кейін кітапхана қызметкерлері сазгердің өнерін бағалайтын елімізге, өлкемізге танымал тұлғалар Е.Обаев, Т.Ибрагимов, Қ.Нұрқасым, А.Сапышев, М.Сыдықов сынды ел ағаларымен арнайы жолығып, жазып алған естелік сұхбат та көрменің осы бөліміне орналастырылды.

Көрменің «Фотогалерея» бөлімінде сазгердің жеке архивінен алынған өнердегі өмірдегі ұстаздарымен, үзеңгілес достарымен, шәкірттерімен және жанұясымен түскен 30 фотосурет орналастырылса, «Сілтемелер» бөлімінде Интернет желісіндегі материалдарға сілтеме беріледі. Пайдаланушылар көрменің «Библиография» бөлімінен кітапхана қорындағы басылымдардың библиографиялық тізімімен танысып, қажетті басылымдардың толық мәтінін кітапхана қорынан таба алады.

«Ұлтының жаны мен жүрегіне айналған өнерпаз» тақырыбындағы виртуалды көрме Сізге қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады деген ойдамыз. Көрме қоры алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырады. Әнші-сазгер Т.Рахимов шығармашылығымен тереңірек танысқыңыз келсе, Сізді кітапханада күтеміз.

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44

Е-mail: semeybib@yandex.kz